«Әйелді бастан, баланы жастан...» дейтін қазақпыз. Бала тәрбиесінде кішкене күнінен бастап қалыптастырған қасиеттер бойына тез сіңіп кететінін білеміз. Бірақ нақты не істеу керек, нені үйреткен дұрыс сол жағын біле бермейтініміз анық. Сондықтан назарларыңызға кішкене балаға нені үйрету керектігі туралы материалды ұсынып отырмыз.
1. Жақын адамға қамқорлық жасау, көмек көрсетіп, жанашыр болу. Осы қасиеттер адам бойына кішкене күнінен бастап сіңе беруі керек. Сәби оның көмегі мен қамқорлығына да зәру жандар бар екенін білгеін абзал. «Бір жақсылық жасап, оның орнына сыйлық аласың» деп үйрету – үлкен қателік. Оның орнына адамдар бір-біріне көмектесу керек екенін түсіндіріп, бұның адамшылдықтың басты белгісі екенін өз іспен дәлелдеп отыру қажет.
2. Өз қателігін мойындау білу. Біз «кешір» деген бірауыз сөзді айтудың қаншалықты оңай емес екенін білеміз. Ал балаға бұл тіптен қиынға соғатынын ескеруіміз керек. Бала өзінің әрекетімен біреуді ренжітіп қойғанын түсінсе де, ол оны тез ұмытып кетеді. Егер балаңыздың қате жасағанын көрсеңіз, ырқына көне берудің орнына, жақсы-жаман, болады-болмайды деген тыйымдарды да үйреткен маңызды. Бала кез келген жағдайды өзі талдап-таразылай алуы керек. Сол кезде ғана ол өзінің қате жасағанын түсініп, кешірім сұрауды да біртіндеп үйренеді.
3. Сыпайылық. Бала туғаннан бастап «рахмет», «сәлеметсіз бе» , «сау болыңыз» деген сияқты сөздерді өте жиі естіп тұруы тиіс. Біз оның мән-мағынасын түсіндірмей-ақ, оған адамдармен қарым-қатынас жасаудың негізгі тетіктерін үйрете бастаймыз. Бала кезінен бойына сіңген сыпайылық, алғыс білдіру сияқты қасиеттер ересек өмірінде кез келген ортада тіл табысып, кез келген жағдайдан оңай шығуға көмектеседі.
4. Тәртіп пен жеке басының тазалығы. Киім тазалығы, сыртқы ұқыптылық, ойыншықтарын күтіп ұстау сияқты қасиеттер баланың қажетті әдеттерді бойына қалыптастыруына ықпал етеді. Бірте-бірте ол өзінің айналасын ретке келтіріп жүруді үйренеді. Заттарына ұқыпты адам өміріне де ұқыптылықпен қарайтынын ұмытпауымыз керек.
5. Тіл табыса білу. Қоғамда өмір сүре отырып, адамдармен араласпау мүмкін емес. Сондықтан біз баланы адамдармен танысуға, жылдам достасып кетуге үйретуіміз керек. Қарым-қатынас жасай білу баланың кейінгі өмірінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан дәл осы тұсты назардан тыс қалдырмаған жөн.
6. Қауіпсіздік. Бағдаршамның қызыл түсінде жолдан өтуге болмайды, танымайтын адамдармен сөйлеспеу керек, олар шақырса, бармау керек. Осы сияқты баланың қауіпсіздігіне қатысты ережелерді кішкене күнінен бастап миына құя берген абзал.
Дереккөз : anabol.kz