Балалардың аяқ-киімі қолайсыз болса, келешекте жалпантабандылық қаупі бар екенін көпшілік ескере бермейді. Ендеше, балаларға аяқ-киімді дұрыс таңдау үшін нені ескерген жөн? Бұл сұрақтың жауабын anabol.kz сайтынан таба аласыздар.
Балаға аяқкиім таңдағанда...
Ортопед-дәрігерлердің айтуынша, балалар аяғын жаңа басқан кезден бастап (шамамен, 9-12 айлық кездерінен) оларға міндетті түрде аяқ-киім кигізу керек. Талапқа сай таңдалған аяқ-киім бала табанының дұрыс қалыптасуына оң әсерін тигізіп, табан деформациясының алдын алады, жалпақтабандылықты болдырмайды.
Дұрыс таңдалмаған аяқкиім баланың жүрісін бұзып, ширақ қозғалуына кедергі келтіреді. Бастысы, кейін жалпақтабандылықтың салдарынан бала жүргенде тез шаршап, балтыры, табаны, белі ауыратын болады. Сондықтан аяқкиімді дұрыс таңдаудың маңызы зор.
Иә, балалардың аяғы тез өседі. Өткен айда алғаныңыз балаңыздың аяғына бір-екі айдан кейін сыймай қалуы да ғажап емес. Сондықтан аяқкиімді 2-3 өлшемге үлкенірек алушылар көп. Бұлай істеуге мүлде болмайды. Ары кетсе, 1,5 сантиметрге үлкенін (қысқы аяқкиімді киетін шұлығының қалыңдығына қарай) алыңыз. Ал одан үлкен аяқкиім балаңыздың дұрыс қозғалуына кедергі келтіріп қана қоймай, абайсызда жығылып, таюына, сондай-ақ құлап жатса, аяғын шығарып алуына да себепші болады.
Аяқ-киім алуға балаңызсыз баратын болсаңыз, оның табанын картон қағазға қойып тұрып, айналдыра сызып алыңыз. Осы «ізбен» қажетті өлшемді оңай таба аласыз. Десе де, кейбір балалардың аяғы томпақ келеді. Сондықтан аяқкиімнің басына мән беріңіз.
Сондай-ақ (балаңыз жаныңызда болса):
аяқкиімді екі аяғына да кигізіп көріңіз;
балаңызды ары-бері жүргізіп, жүрісіне назар аударыңыз.
Табаны
Қойылатын талаптар: бастысы, жұмсақ болсын. Оны иіп көріңіз, иілуі керек. Сондай-ақ жып-жылтыр тегіс емес, бала тайып жығылмауы үшін кедір-бұдырлы болғаны дұрыс.
Өкшесі
Аяқ-киімнің өкше тұсы табанынан 1-1,5 сантиметрге биік болуы керек.
Материалы
Ауа өткізетін, табиғи материал болуы керек. Бала аяғының терлеуі денсаулығына кері әсерін тигізетінін ескеріңіз.
Аяқ-киімнің іші
Табанның ішкі жағының орта тұсында, ұлтарақтың астында шағын жұмсақ дөңес (супинатор) болады. Ол табанның пішінін дұрыс қалыптастырып, жалпақтабандылықтың алдын алу үшін жасалған.
Аяқ-киімнің артқы тұсы
Өкшені нық ұстап тұру үшін, әрі киіп-шешкенде оңай болуы үшін аяқкиімнің артқы тұсы қатты болғаны дұрыс.
Дереккөз : anabol.kz