«Қауіпсіздік белбеулерін міндетті түрде тағу керек». «Әйнекті қаралатуға тыйым салынады». Жаңа, қатаң тәртіптердің қолданысқа енуін шымкенттік көлік жүргізушілері облыстық жол полициясын бір жылдай уақыт басқарған Мұхтар Қожабаевтің есімімен тығыз байланыстырады. Жалпы, қызметіне тағайындалғалы бері Мұхаң қала көшелеріне жиі-жиі шығып, көзге түсіп жүрді. Оның қатысуынсыз өткен рейдтер кемде-кем. Жергілікті телеарналардан берілетін репортаждар тіпті кейде «пи-ар кампанияға» ұқсап кете жаздайтын. Дегенмен, жол ережесін бұзған тәртіпсіздермен қызу күрескен Мұхтар Қожабаевтың өзі облыстық жол полицияларының арасында Астана қаласында өткен аттестациядан өте алмай төмен ұпаймен қызметінен ұшып кеткеніне таңданбасқа амалымыз қалмады. Қазір Қожабаев қайда жүр? Бұл көпшіліктің көкейіндегі сауал. Осы сауалды өзіне қойған едік.
Мұхтар Қожабаев: «Астанада соттасып жүрмін»
-Мұха, Оңтүстіктің тумасы едіңіз. Кейінгі кездері ауылдан кездестіре алмай жүрміз?
-Қазір Астанада жүрмін бір шаруаларым болып.
-Сонда жұмысқа ауыстыңыз ба?
-Жоқ. Боспын. Сотқа байланысты ғой мұнда жүргенім. Қызметтен босауым негізсіз деп санағандықтан сотқа шағымданғам. Қазір процес жүріп жатыр.
-Қашан аяқталады?
-Соңына таяп қалды ғой деймін.
-Не істеп, не қойып жатқаныңызды газет оқырмандарына құлағдар еткіміз келіп еді?
-Оны қайтесіңдер. Әзірге қоя тұрсаңдаршы. Шаруаларым бір жайлы болсын.
-Жарайды. Дегенмен сіз үшін тышқан жылы қалай болды?
-Жаңа айттым ғой. Әзірге ешнәрсе айта алмаймын.
"Рейтинг" газеті