Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
- Еліміздегі ең халық мол қоныстанған Оңтүстік Қазақстан облысы—қазақтың алтын құрсағы, қазақылығының қаймағы бұзылмаған өңір. Мұны кез-келген қазақстандық мойындайды. Демек, Қала күні—мерекесін бірнеше күн бойы арқа –жарқа атап өткен облыс орталығы, Елбасының өзі қадап айтқандай стратегиялық тұрғыдан еліміздегі үшінші үлкен қала атану мәртебесінен үміткер Шымкенттің ерекшелігі де осы қазақилығымен, қазақ тілінің мәртебесін биіктетумен, болашақ ұрпаққа ұлтжандылық, отансүйгіштік, патриоттық тәрбие бере алуымен танылуы тиіс деп ойлаймын.--Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетовпен арадағы әңгіме бірден осы бағытта өрбіді.
- Сөзіңіз аузыңызда, Шымкентке қонақ болып келген адам қаланың архитектуралық келбетімен қатар өзіңіз айтып отырған қазақ тіліндегі көрнекілік құралдарына да бірінші назар аударатыны белгілі... - Ойыңызды түсіндім. Көше бойындағы көрнекілік құралдардың дені жарнамалық өнімдер екенін тұспалдап тұрсыз ғой. Жарнамалардың сапасын арттыру, дәстүрімізге жат, бейәдеп көріністерден тазарту үшін жарнама иелерімен жағаласып жүріп біршама тәртіпке келтіргеніміз ақпарат құралдары арқылы қалың елге тарады. Дей тұрсақ та жарнамалық өнімдердің барлығы да жекенің меншігіндегі дүние саналатынын ұмытпауымыз қажет. Сондықтан оларға толықтай билігіміз жүрмейді. Сол себепті көшеге ілетін жарнама мәтіндерін қалалық әкімдікке қарасты мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сұрыптауынан өткізіп, содан соң рұқсат беруімен ғана іске асыратын тетікті заңдастыруымыз керек сияқты. Бұл мүмкіндікке қол жеткізу үшін қажет болса заң шығарушы органдарға ұсыныспен шығуға дайынбыз. Әйтпесе, орыс тілінен тікелей аударылған, ешкімге түсініксіз мәтіндер жиілеп барады. Қазақ тілі әлемдегі ең шұрайлы, кез-келген салада еркін қолдануға мүмкіндігі мол тілдердің қатарынан ойып тұрып орын алатынын үлкен сеніммен, әрі мақтанышпен айта аламын. Тек оның мүмкіндігін тиімді пайдалана алуымыз керек.
- Үш тұғырлы тіл саясатына деген азаматтық көзқарасыңыз қандай?
- Елбасы саясатын толығымен қолдаймын. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегенді ақиық ақын Қадыр Мырза Әлі қалай ғажап айтқан десеңізші. Әрбір қазақ үшін осы ұстаным басты бағдаршам болуы тиіс. Әрине, Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілін дамыту үшін қолдан келер барлық жағдай жасалып жатыр. Нәтиже де жаман емес. Аға ұрпақ өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету қиын шығар, бірақ, олар өздері үйрене алмаған тілді ұрпақтарының меңгеруіне көп көңіл бөліп отыр. Балабақшалардағы қазақ топтарына өзге ұлт өкілдерінің, оның ішінде орыстардың да көптеп келуі бұл сөзімізге нақты дәлел бола алады. Бұл негізінен қаладағы жағдай.
Ауылдағы жағдай сәл өзгешелеу. Ауылда қазақ тіліне деген құрмет ерекше. Алайда, олардың арасында орыс тілін білмейтіндер қатары көбейіп барады. Мұның бұрыс жағы да бар. Орыс, ағылшын және өзге тілдерді меңгеру заман талабы. Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіруде көп тіл білудің, әсіресе, халықаралық қатынастағы маңызы орасан орыс, ағылшын тілдерін білгеннің пайдасы көп. Бұл тілдерді меңгермей, бәсекеге қабілетті ел атану қиын. Оның үстіне әлемдік аренадағы салмағы ауыр, кедендік одақтың негізгі мүшесінің бірі, алып Ресей мемлекеті көрші отырғанда орыс тілінің қажеттілігі жоғалмақ емес.
- Мемлекеттік тіл дегенде ономастика мәселесі де қатар айтылады. Рас, Шымкенттегі көшелердің көпшілік атаулары қазақшаланып, маңызды атауларға ие болды. Дегенмен, әлі де ала-құлалық байқалатын секілді.
- Қазір Шымкенттің орталық көшелерінің Кеңес заманындағы атаулары ұмытыла бастады. Көпшілігі қазақшаланған. Соңғы жылдары тарихи тұлғалардың болмаса «атамның атын ауылға, көкемнің атын көшеге» үрдісін тоқтаттық. Әрине, көптеген қарсылықтар, келіспеушіліктер, реніштер болды. Дегенмен, бұл қоғамға қажетті, барлығымызға ортақ құндылық болғандықтан, жеке бастың қамы жүрмейді. Бір мысал айтайын. Елге танымал бір азамат «Бейбітшілік» көшесін адам атымен ауыстырайық деп, өз ұсынысын алып келіпті. Оған «Тәуелсіз еліміздің тұғырының биік болуы, туының еркін желбіреуі осы бейбітшіліктің, татулықтың арқасы емес пе, бейбітшіліктен асқан қандай ұғым, қандай қасиет, қандай қуаныш бар? Өзіңіз ұсынып отырған азаматқа осы бейбітшілік керек болмады деп айта аласыз ба?» дегенімде ештеңе дей алмады. Бейбітшілік – мәңгілік болуы тиіс. Оны өзгертуге ешкімнің қақысы жоқ.
Көшелерге берілген жаңа атаулар арасында Бурабай, Оқжетпес деген секілді бір өңірдің ғана емес, бүкіл елдің мақтанышына айналған жер атаулары да бар. Оны да біздің облысқа қатысы жоқ деп қарсылық көрсеткендер табылды. Бұлай атауымыздың өзіндік себебі бар. Соңымыздан еріп келе жатқан ұрпақ облысымыздың ғана емес, республикамыздағы атақты, әсем жерлерді біліп, оны сүйіп, Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыруды мақсат еткенбіз.
- Әңгіме басында Шымкент ұлтжандылыққа тәрбиелейтін қалаға айналуы тиіс дегенді де айтып қалдыңыз. Оны қалай жүзеге асыруға болады?
- Атам қазақ тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Оны жеке отбасылық мәселе деп қарамаған, тентегін бүкіл ауыл болып тыйып, тәрбиелеген. Біз осы дәстүрімізден ажырап, үрдісімізді үзіп алғандаймыз. Тіпті, ата-аналар да бұл жауапкершілікке жеңіл-желпі қарап, бар салмақты мектептерге, бала-бақшаларға арта салғысы келеді. Бұл өте үлкен қателік. Жасөспірімдер тәрбиесіне қатысты көптеген жобалар жасалып, алдағы уақытта тәжірибеге енгізбек ойымыз бар. Бұл енді өз алдына бөлек тақырып. Әзірге айтпағым – ұрпағымызды ұлтжандылыққа тәрбиелеу мәселесі. Шымкентте бұл тұрғыда үлкен тірліктер қолға алынып, іске асырылып жатыр. Айталық, ұлтарақтай жер үшін жанын да аямаған батыр бабаларымыздың, қазақты сауаттандыру жолында өздерін құрбан етуге дейін барған Алаш ардақтыларының ескерткіштері жиі бой көтеріп жатыр. Қапал батыр, Қабанбай батыр, Ақпан батыр, Бауыржан Момышұлы, Қажымұқан Мұңайтпасов, Ахмет Байтұрсынов, Бәйдібек би... Мұның барлығының ұлы істері ұрпаққа үлгі, ұлтқа мақтаныш болатын тұғырлы тұлғалар. Облысымыздан Отан соғысына аттанған 130 мыңнан астам азамат түрлі ұлттан құралса да бір әкенің баласындай болып жауға қарсы аттанған жауынгерлердің есімінің тасқа қашалып жазылуы кейінгі ұрпақты ұлтжандылыққа, патриоттылыққа, тіл мен дәстүрді құрметтеуге тәрбиелейтін тамаша бастама болды. Тәуелсіздік саябағы, Тәуелсіздік монументі, Шәмші аллеясы, мәдениет қайраткерлерінің, спортшылардың аллеясы, тағы да басқалар жасөспірімдерді жарқын болашаққа бағыттай алатын маңызды нысандар. Қазақ тарихына басты кейіпкер болған ата-бабаларымыздың, ағаларымыздың, жерлестеріміздің болғанын, бар екенін, олардың өнегелі өмір жолына қанығып өскен ұрпақтан әсте жамандық күтпесек керек. Қазақстанның тілі мен ділін сақтайтын, жарқын болашағын жасайтындар да осындай ұлтжанды ұрпақ деп білемін.
Әңгімелескен Шадияр Мекенбайұлы
Мұрағаттан, 07.11.2012 ж