Қазақ тілін құрметтемегендер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін

-e1348724618665.jpg

Күлия Айдарбекова, Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы:

Қазақ тілін құрметтемегендер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, бірақ заңның бұл бабын кім іске асыратыны белгісіз

- Оңтүстіктің қазағы қалың болса да, мемлекеттік тіл мәселесінде қиындықтар мүлдем жоқ деп айтуға болмайды. Әйтсе де қатынас құжаттарын қазақ тілінде сөйлетуге бірінші болып қадам жасаған облыс екенімізді мақтанышпен айтып жүрміз. Алайда, мекемедегі маңдайша жазулары, көше атаулары, жалпы ономастикаға қатысты келеңсіздіктер әлі де шаш етектен. Осы олқылықты жою жолында қандай шаралар қолға алынуда?

- Рас айтасыз, кемшіліктер аз емес. Соңғы кездері елдімекен, көше атаулары мен маңдайша жазуларына қатты көңіл бөлінуде. Ономастика саласында батыл қимылдарға көше бастадық. Облыстық ономастикалық комиссияның төрағасы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі. Бұл біздің облысымыздың ономастикаға өте терең мән беретінін байқатады. Бүгінде облыста 187 ауылдық округ, 873 елдімекен, 9542 көше бар. Өткен жылы атауларды ауыстыруға мораторий жарияланған болатын. Осы мерзімде атаулардың тарихын зерттеу, талдау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туды. Үстіміздегі жылы барлық аудан-қалалардағы атауларға байланысты талдау жасалды.

- Көзге ұрып тұрған қандай кемшіліктерді байқай алдыңыздар?

- Кемшілік кез-келген аудан, қалада бар. Мәселен, Мақтааралда кешегі отаршылдық-тоталитарлық дәуірдің сарқыншақтары әлі де сақталып қалған. Киров, Жданов, Карл Маркс, Чехов, Ленин, Қызыл ту, 30 лет Казахской ССР деген секілді атаулар толып жүр. Облыс бойынша көше саны ең көп осы аудан болса, олардың «жергілікті қайраткерлердің» есімімен аталуы да осы Мақтаралда белең алған. 1499 көшенің 638-і адам атымен аталуы осы сөзімізге дәлел бола алады. Елдімекендер мен көшелерді адам есімімен атауға әуестене бермеу керектігі жөнінде облыстық ономастикалық комиссияның хаттары жолданғанымен, бүл үрдіс әзірге тоқтайтын емес. «Ауылға атасының, көшеге көкесінің есімін берген жағдайлар барлық аудандарда жиі кездеседі. Сарыағаштағы 1253 көшенің 818-і, Отырар ауданындағы 197 көшенің 191-і адам есімін еншілеген. Тіпті, мектептерге білім, ғылым саласына, шәкірт тәрбиелеу ісіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдардың есімін ұсыну жиілеп барады. Осы тұста айта кетейін Созақ ауданында дүкен атаулары түгелдей қазақ тілінде жазылса, Төлеби ауданында бірде-бір ауыл адам атымен аталмайды. Ал, Бәйдібек ауданында атауы жоқ 154 көше бар екен. Шымкент қаласында аялдамалардың атаулары қате жазылғаны өз алдына, 50-ден астам аялдамалардың атауын абсурдтық деп атаудан басқа амал жоқ. Мәселен, қалада Мазарат, Казарма, Штурм, Монша, АЭЖ, АРЗ, АЖБ, Откормсовхоз, Мехколонна, Техохрана, УПТК, АЦК деген секілді аялдама атаулары толып жатыр.    

Ата-бабаларымыз түрлі қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерсе де ауылдар адамның есімін еншілеген емес. Атау тазалығына қатты мән берген. Біздің де алпыс екі тамырымыздан ата-бабаларымыздың қаны ағып жатыр емес пе? Өкінішке орай, бүгінде құлдық сана басым болып бара жатқан секілді. Еліктеуді де доғарар емеспіз. Соның салдарынан телесериал «тұлғаларының» есімдері қазақтың атын ығыстырып, Изаура, Изабелла, Рано деген секілді мағынасы түсініксіз аттарды иеленген қаракөздер көбейіп барады. Мұның ертеңі қорқынышты.

- Атаулар мен маңдайша жазуларына қатысты кемшіліктер де әлі жиі кездесетін секілді.

- Мұнымен күресіп келе жатқанымызға аз уақыт болған жоқ. Жалпы атау, маңдайша жазуындағы кемшіліктер жауыннан кейінгі қозықұйрықтай жиі қайталанады. Тоқтау салу тіптен мүмкін емес. Бүгін жөндеп кетсең, ертең тағы бір «тосын сыйын» дайындап отырады. Басқаны былай қойғанда өз атауын дұрыс жаза алмайтын мектеп пен ауруханалардың кездесетіні өкінішті. Мақтаралдағы М.Горький мен С.Қожанов атындағы мектептерге байланысты осыны айтуға болады. Маңдайша жазулары, әсіресе, кәсіпкерлік нысандарында ақсап жатыр. Оған көз жеткізу үшін Шымкенттің көшелерімен бір жүріп өтсеңіз жеткілікті. Қайда қарасаңыз да шетелдік атаулар. «Hous»-тар мен «mega»-лар қаптап кетті. Менің бір түсінбейтінім, атау мен маңдайша жазуы қазақша болса сауда жүрмей қалады ма? Шетелше, көпшілікке түсініксіз тілде жазылған маңдайшаларды қазақшаға аудару, мемлекеттік тілде жазу керектігін түсінгісі келмейтіндер көп. Түсіндірмек болсаңыз, «ой, мен бұл шаруа үшін пәленбай мың доллар ақша жұмсадым, енді қайта істеуім керек пе?» деп шаптығып шыға келеді. «Дағдарыс бітсін, сонан соң қолға аламыз» деп алдап шығарып салғысы келеді. Мақұл, дағдарыс дейік, ал сол шетелше жазылған маңдайшаны әу бастан мемлекеттік тілде жазса болмайтын ба еді? Қалада «Рика» атты киім дүкені бар. Оның иесі өзіміздің қандасымыз. Маңдайша жазуы жөнінде сөз айта бастасаңыз, болды, «қаржы жоқ» дегенді алға тартады. Ал, бұл дүкеннің сапалы жарнамаларын қаладан жиі кездестіруге болады. Қаржысы жоқ адам қалайша қымбат жарнама береді? Менің ойымша, дағдарыс ең бірінші қалтаны емес, жүрек пен сананы тоқыратпауы тиіс. Жер беріп, коммерциялық нысан салуға рұқсат беретін құзырлы органдар неліктен оның атауларына мән бермейді екен? Әрине, олардың атауға келгенде «әмірі» жүрмейтін шығар, бірақ, атаулардың қазақша болуына әркім де мүдделі болуы тиіс емес пе? Ол үшін бізге патриоттық, ана тілімізге, ұлттық салт-дәстүрлерге деген шын жанашырлық жетіңкіремей жатқан секілді.

- Шығыс құжаттарын толықтай мемлекеттік тілде жүргізуге қол жеткізген біздің облыс екенін жоғарыда айтып кеттік. Дегенменде, ресми тілде толтырылған қағаздарды да көріп қаламыз...

- Әрине, бұл жөнінде мүлдем проблема жоқ десем, жалған болар еді. Салыстырмалы түрде алсақ, біздің облыс мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде өзге облыстарға үлгі боларлықтай дәрежеде. Бірақ, бұл қазақ тілінің жағдайы қатып тұр деген сөз емес. Осы тақырыпқа байланысты екі мысал айта кетейін.

«БТА Банктің» облысымыздағы филиалының басшылығы Жол полициясы басқармасына хат жолдаған. Орыс тілінде. Ішкі істер департаментінің барлық құжат айналымы толығымен мемлекеттік тілде жүргізілетін болғандықтан ол хатты қабылдамай, кері қайтарады. Артынша банк басшылары өздерінің келіспеушілігін білдіріп, заң бұзғандығын ескертеді. Ол да орыс тілінде. Департаменттің мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы басқармамызға хатпен шығып, бақылауға алуымызды сұраныпты. Біз де өз тарапымыздан филиал басшылығына тәртіпті түсіндірдік. Осы жылдың қаңтар айында Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің басшысы Дархан Мыңбай мырзаның хатына сәйкес облыстағы барлық аумақтық, жергілікті мемлекеттік мекемелердің басшыларына, аудан, қала әкімдеріне арнайы хат жолдаған болатынбыз. Онда Президент Әкімшілігінің басшысы А.Мусиннің тапсырмасымен «Мемлекеттік органдар арасындағы құжат айналымы 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік тілде жүзеге асуы тиістігін, қажет болған жағдайда орысша нұсқасы қоса жолдануы мүмкін» екендігін айтқан едік.

Ал, «Прайм Петролеум» ЖШС-ның Шымкенттегі филиалында орын алған жағдай тіптен сорақы. Бұрын «Miga group» деп аталған бұл серіктестіктің директоры Н.Шевченко Ресей мемлекетінің азаматы. Қызметкерлердің басым көпшілігі қазақтар болғанымен, бұл мекемеде мемлекеттік тілге деген құрмет былай тұрсын, қазақша сөйлескендерге доқ көрсетіп, намысқа тиетін сөздер айту белең алған. Қазақ тілінде сөйлескендерді көріп қалса кірпідей жиырылып, балағат сөздер айтып, орыс тілінде сөйлеулерін талап еткен. Осындай мағынадағы арыздар көбейіп кеткендіктен біздің қызметкерлер тексеруге барғанда рұқсат бермей, ғимаратты босатуын талап етіп, негізсіз айыптаулар таққан. Кейін прокуратураның көмегімен тексеру жүргізілгенде көптеген заңсыздықтар анықталды. Серіктестік «Miga group» деп аталған тұста шығыс құжаттары түгелдей бір ғана тілде – орыс тілінде дайындалған. Іс қағаздарын жүргізуде Ресейдің «1-С» бағдарламасын пайдаланған. Мемлекеттік тілде іс жүргізумен және қазақ тілін оқытып-үйретіп жүрген маманды заңсыз жұмыстан босатып жіберген. Штат кестесіне не аудармашы, не мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізуші маман енгізуді қажет етпеген. Сонда Шевченко ханым өзін қай мемлекетте жұмыс істеп отырмын деп сезінгенін түсінбедік.

- Мемлекеттік тілді менсінбей ашық түрде қарсылық көрсететін мұндай келімсектерге, жалпы тілді құрметтемегендерге қандай қатаң шара көруге болады?

- Өкінішке орай, қолданыстағы заң бізді толығымен қолдай алмайды. Менің қолыма прокуратура органының 1998 жылғы заңға түсіндірмесі тиді. Онда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде тіл туралы заңдарды бұзушыларға әкімшілік жауапкершілік көзделмегені айтылған. Дегенмен, прокуратура органдары заң ережелерін бұзуға жол бергендерді прокурорлық қадағалау әрекеттерімен құқықтық тәртіпке шақыруға өкілетті екен. Талап орындалмаған жағдайда кінәлі лауазым иесіне 10 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін айыппұл салынады, сондай-ақ 15 тәулікке қамалуы да ғажап емес. Тіпті, қылмыстық жауапкершіліке тартылуы да мүмкін. Алайда, бұл кімнің құзырындағы шаруа екені тағы белгісіз секілді. 

 Әңгімелескен Шадияр Молдабек

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мақпал Жұмабай: «Біз барлығымыз таза адамдардың алдында қарыздармыз»
  • Батырхан Дәуренбеков: «Анимацияның идеологиялық қару екенін әлі сезіне алмай жатырмыз»
  • Шалатай Мырзахметов, депутат: «100 мың доллар еңбекақы алған кезіміз болды»
  • Нұрлан САНЖАР: «Қожаның» көп қылығы өз бойымда да бар
  • Қайырғали МЕДЕТ: Түркістандағы НКВД-ның түрмесі бүгінде жекенің қолында
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: