Жандарбек Мәлібеков: «Біз таңбалы қазақпыз»

big_c1766280554ea75e118db94f98c3ca1d.jpg

Тамырын арғы атасы Сақ, Ғұннан, бергісі Тәңірі текті  көктүріктен бастайтын қазақтың тарихы терең, таным-түсінігі көк аспанмен, яғни ғарышпен астасқан, арманы асқақ, жері, пейілі кең. Осы бабалардың қалған өлмес рухты, өшпес дәстүрді және таусылмас береке-байлықты бір бейнеге сыйғыза алған сәулетшінің талантына таңданбасқа амалың жоқ. Ол бейне—мемлекеттік елтаңба. Авторы - сәулетші Жандарбек Мәлібеков.

«3 жылым 40 жылға созылды»

- Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында теміржолшы отбасында 1942 жылы дүниеге келдім. Туған ауылым шойын жолдың бойындағы жиырмасыншы разъезд. Бала кезімнен сурет салуға әуестігім болатын. Салатын дүнием көбіне отарба еді.

Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кез ғой. Жиырмасыншы разъездегі балаларға мектеп бұйырмғандықтан, ұстаздар ашық аспан астында, сексеуілдің айналысында бала оқытатын.  Төңкерілген шелектің үстінде отырып біз білім алдық. Бірақ бала кездегі берілген білімнің шәкірт санасында құйылып қалады екен. Дала мектебінде жүріп мен ұстаздарымнан көп нәрсені үйрендім. 1959 жылы білім іздеп Жаңақорғаннан Ташкентке аттанып кетуі де сол білімнің арқасы.

Ташкенттегі политехникалық институттың сәулет факультетіне құжат тапсырдым. Емтиханға кіргенімде математикадан мүдіріп қалғаным есімде. Бірақ әйтеуір сызуға деген қабылетімнің арқасында институтқа қабылданып, оны 1965 жылы бітірдім. Сол кездегі тәртіп бойынша мен диплом алғаннан кейін Өзбекстанда қалып, 3 жыл жұмыс істеуім керек еді. Бірақ тағдырдың жазуы шығар көрші елдегі еңбек жолым қырық жылға созылды. Өзбекстандағы көптеген жобалардың бас сәулетшiсi, Өзбек өнеркәсiптiк ғылыми-зерттеу институтының қала құрылысы шеберханасының жетекшiсi қызметін атқарып жүріп, Әндiжан қаласындағы әуевокзалдың, Ферғанадағы облыстық поштаның Самарқандағы драма театр мен орталык, кiтапхананың, Ангара, Фергана және Самарқанд қалалары шағын аудандарындағы тұрғын үй құрылыстарының жобаларында қолтаңбамды қалдырдым. Ұзақ жылдық еңбегім үшін Өзбекстанның құрметті сәулетшісі атағын алдым.

Қазақстанға тек 2001 жылы көшіп келдім.

Үш саны тұрақтылықты білдіреді

Әлі есімде, 1992 жылы Өзбекстанның шығатын «Достық туы» газетінің «шапкісін» істеумен айналысып жүргенмін. Қолыма түскен бір басылымнан мемлекеттік елтаңбаға конкурс жарияланғаны туралы кішкентай ғана ақпаратқа көзім түсті. Содан кейін әлдебір күш жетелегендей, бар ынта-ықыласым елтаңбаға ауды да тұрды.

Жалпы елтаңба мемлекеттің нышан ретінде сол елдің саяси көзқарасын, ерекшелігін де білдіріп тұрады емес пе? Мәселен Ресейдің елтаңбасында империялық пиғыл аңғарылады. Ал, қазақтың елтаңбасында нендей белгі, нендей ерекшелік болуы тиіс. Ол үшін қандай таңбаларды орналастырсам екен деген ой күні-түні маза бермеді.

Ақыр аяғында мынандай шешімге келдім: Елтаңбада негізінен үш бейне орналастырылуы тиіс. Одан артық не кем болмауы керек. Өйткені үш саны—тұтастықтың, мықтылықтың белгісі. Мәселен кез-келген зат бір немесе екі аяқпен өз бетінше тұра алмайды, ал, ол аяқ үшеу болса нық тұрады. Қазақтың үш жүзге бөлінуі де бәлкім содан шығар. Үш жүз ұлттық тұтастығын көрсетеді.

Сонымен елтаңбадағы бірінші бейне—шаңырақ болды. Шаңырақ нағыз қазаққа тән белгі. Оны елтаңбада күн тәрізді, ал уықтарды күннің сәулесіне ұқсастырып бейнеледім. Уықтардың жалпы санын 72 болды. Себебі алты қанат киіз үй осыншама уықтан тұрады.

Екінші бейне—қанатты пырақтарды Алтын адамның бас киімінен алдым. Байқасаңыз, елтаңбаның екі жағында тұрған пырақтардың жалы екіге бөлініп тұр. Оның алдыңғысы жастарды, кейінгісі аға ұрпақты білдіреді.

Үшінші бейне--елтаңбаның астыңғы жағындағы «Қазақстан» деген жазуды орналастыруда көп толғандым. Жазуды алғашқыда желіп бара жатқан желмаяға ұқсастырып салғым келді. Жазудың екі жағына басқұр орналастырдым. Басқұр қазақтың түсінігінде шаңырақтағы тепе-теңдікті білдіреді.

Ендігі мәселе елтаңбаның жоғары жағына жұлдыз орнату керек болды. Мен оның бірнеше нұсқасын жасадым. Алғашқы нұсқада дөңгелек пішіндес күн, оның ішіне ай мен жұлдыз орналасты.  Екінші нұсқа бойынша жұлдыз сегіз бұрыштан тұрды. Ақыры ойлана келе үшінші нұсқа--бес бұрышты жұлдызға тоқтадым.

Жоғарғы кеңесте талқылауға түскен кезде халық қалаулылары жұлдызды орнатуға қарсы болыпты. Депутаттары бес бұрышты жұлдызға кешегі қызыл империяның  сарқыншағы деп қараса керек.  Бірақ Елбасы «Елтаңбада жұлдыз болуы тиіс, өйткені әр халықтың әр мемлекеттің өз жұлдызы болады» деген соң  жұлдыз елтаңбаның жоғары жағынан орын алды. Айтқандай, пырақтардың ұзын мүйізі де депутаттардың көзіне қораштау болып көрінсе керек. Алып тастау керек депті. Бірақ ұзақ талқылаудан кейін пырақтардың мүйіздері алынып барып қайта қойылды. Олардың қайта қойылуына да Елбасының ықпалы тиген көрінеді.

Қысқасы, 300-ге жуық жұмыстың ішінен менің жобам төртінші мәрте дауыс беруде мемлекеттік елтаңба болып қабылданды.  Оған 366 депуттатың 237-сі қолдап дауыс берді. Арада жарты сағат өткенде Қазақстанның туы қабылданды,--деді осыдан 18 жыл бұрынғы тарихи сәтті еске алған Жандарбек аға.  

Шотаның елтаңбада ешқандай үлесі жоқ

Елтабаның дүниеге келу тарихын баяндап отырып Жандарбек аға елтаңба авторларының бірі ретінде аталып жүрген әріптесі Шота Уәлихановты мүлдем ауызға алған жоқ. Неге? Осы сауалды оның өзіне қойғанбыз.

--Шота Уәлихановтың өз жобасы болған. Бірақ ол өтпей қалды. Оның мемлекеттік елтаңбаны жасауға ешқандай еңбегі сіңген жоқ. Тым құрыса, хабарласып, ұсыныс, кеңес те айтқан жоқ.

 4 маусымда елтаңба қабылданды. 6 маусымда Алматыдағы опера және балет театрында мемлекеттік рәміздерге қатысты үлкен шара өтті. Сахнаға алдымен мемлекеттік тудың авторы Шәкен Ниязбековты шақырды. Одан кейін елтаңбаның авторы ретінде мені, одан кейін Шота Уәлихановты атады. Мұндай шешімнің неге қажет болғанын түсінген жоқпын,--деді Жандарбек Мәлібекұлы. 

Апыра-ау сонда қалай болғаны? Осыдан 3-4 жыл бұрын Шымкентке келген сапарында Шота ағамыз «Елтаңбадағы бейнелерді алғаш рет түсімде көрдім» деп, көсіліп тұрып әңгіме айтқаны есімізде қалыпты. Дап-дардай атақ-даңқы бар адамдар да өтірік айта береді екен-ау.

--Оған таңдануға болмайды. Ондай-ондай жайттар өмірде бола береді емес пе,--деді Жандарбек аға.

«Біз таңбалы қазақпыз. Таңбасы жоқ, қаншама халық бар жер бетінде. Ал, қазақтың әр руының, тайпаның таңбасы болған. Бұл тектіліктің, елдіктің белгісі. Мен «көшпенді» деген сөзді онша ұната бермеймін. Түсіндірме сөздікте «көшпенді» деген сөзге «ешқандай шекарасы жоқ, көшіп-қонып жүрген тайпа» деген анықтама берілген. Қазақ тіршілік үшін көшіп-қонған шығар, бірақ оның өнері, білімі өзгелерден артық болмаса кем емес. Бір ғана киіз үйді алып қарайық. Үш мың жылдық тарихы бар киіз үйдің өзі сәулет өнерінің үлкен жетістігі емес пе?»

 Қырық жыл бойы жат жерде жүрсе де өнерге ұлттық көзқараспен, қазақы дүниетаныммен қарап, бүкіл ел тәу еткен елтаңбаны дүниеге келтірген сәулетші әңгіме арасында осылай деп ой-толғанысын білдірді. Нағыз ұлт жанашыры осылай десе керек еді. Мемлекеттік елтаңбаны жасау мәртебесінің тек осындай адамның еншісіне бұйыруы да заңдылық шығар.

Елтаңба авторына құрмет

4 маусым—Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің қабылданған күні қарсаңында «Оңтүстік» баспасөз клубында мемлекеттік елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібековпен кездесу өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасы, Қазақстан журналистер Одағының облыстық филиалы, «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен жиында облыста мемлекеттік рәміздерді жасауғаи лицензиясы бар бір топ кәсіпкерлік нысандар елтаңба авторына естелік сыйлық тапсырды.

«Ту, Елтаңба, Әнұран—тірегіміз, Туған ел деп соғады жүрегіміз» деп аталатын осы шара барысында Жандарбек Мәлібековке, Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбекке, белгілі жазушы Мархабат Байғұтқа, ғалым Оразалы Балабековке «Қазығұрт—Алтын қазық» белгісі тапсырылды.

Бір айта кетері, аталған белгімен адамзатқа, туған елге қамқорлық жасаған, Отанымыздың гүлденуіне үлесін қосқан азаматтар марапатталады.

Screenshot_19.jpg    

Мұрағаттан, 2010 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мақпал Жұмабай: «Біз барлығымыз таза адамдардың алдында қарыздармыз»
  • Батырхан Дәуренбеков: «Анимацияның идеологиялық қару екенін әлі сезіне алмай жатырмыз»
  • Шалатай Мырзахметов, депутат: «100 мың доллар еңбекақы алған кезіміз болды»
  • Нұрлан САНЖАР: «Қожаның» көп қылығы өз бойымда да бар
  • Қайырғали МЕДЕТ: Түркістандағы НКВД-ның түрмесі бүгінде жекенің қолында
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: