Таяуда ешқандай талас тудырмайтын өнердегі қайраткерлік деңгейінен мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіне дейін көтерілген, абырой-беделі ауыл-аймақ шеңберімен шектелмей тұтас елдің сүйіспеншіліген бөленіп жүрген даңқты жерлесіміз Сәбит Оразбаевтың 75 жылдығы облыс орталығында арқа-жарқа аталып өтіп, дүбірлі той туған жері Сайрам ауданында жарасымды жалғасын тапты. Оны арнайы қабылдаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов зиялы қауымның алдында сый-құрметін көрсетті. Жұмат Шанин атындағы облыстық драма театрда Мәжіліс депутаты Сәуірбай Есжанов «темір тұлпар» сыйға тартқанын баяндағанда зал толы көрермен халық қалаулысына шексіз ризашылығын білдірді. Өйткені, ол зор құрметке әбден лайық аазамат. Сенатор Қуаныш Айтаханов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ басшысы Уәлихан Бишімбаев, Мәжіліс депутаты Нұрлан Өнербаев, тағы басқалар жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Жергілікті театрлар кезегімен сахнаға шығып сырлы кездесуді өнерлерімен өріп отырды. Әсіресе, қаншама жылдан бері өнерде, өмірде жұптары жазылмай бірге келе жатқан айнымас достары атақты Асанәлі Әшімов пен Әшірбек Сығайдың жарасымды әзілдері, мәнді де, сәнді әңгімелері елді әдемі әсерге бөлегені анық.
Достық демекші, басқа басқа Елбасының өзі 75 жасқа толған Сәбеңнің талантына, пайым-парасаты мен азаматтығына ерекше көңілі толатынын, екеуінің ұзақ жылдан бергі жақын достығы әлі жалғасып келе жатқанын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне жасырмай айтқанына көп бола қойған жоқ. Сәбит Оразбаев тек сахна саңлағы емес, сегіз қырлы, бір сырлы дарабоз дарын. Мұндай жұрт қызыға, қызғана қарайтын қасиеті мол Сәбит Оразбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған сұхбатынан сыр суыртпақтау арықылы сөзімізді әрі қарай сабақтасақ, әншілік, сазгерлік қыры жайлы елден жылы лебіз естіп жүрміз. «Төле бидің өсиеті», «Тоқта, ботам, атаң келеді артыңда», «Туған күн», «Анама» деген әндері әжептәуір танымал. Өзі өмірін арнаған театрдағы қилы-қилы хикаяларды баяндайтын қаламгерлігі де тәп-тәуір. Газет-журналдарға әлі күнге дейін мақалалар жазып тұрады. Апасы екеуі студент шағынан пәтерде тұрып, ақша жетіспейтін мұқтаждықтан фотограф болуды да қолға алды. Әуелі театрдағыларды түсіріп, біраз «эксперимент» жасады. Содан балалар бақшасына баратын, ата-аналар үшін сурет түсіретін болды. Кейін театрдағы репетиция, премьера, гастрольдік сапар атаулыда оның фотоаппаратын іздейтін. Видео шыққанда алғашқы камералардың бірін алып, оны да тез игеріп кетті.Тігіншілікті де мықтап меңгерген адам.
Ауылдың қара борбай баласы соғыс кезін де көрді, соғыстан кейінгі жоқ-жітік кезді де көрді. Анау-мынау қиындыққа мойыған жоқ. Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. «Парасат» және «Отан» ордендерімен марапатталды. Мұқағали айтқандай, театрға тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан тағдырына риза. Оның жан-дүниесін түсінетін, талантын бас бармақпен бағалайтын отбасын өзгелер өнеге тұтып жүр. Құдай қосқан қосағы Света – хормейстер. Ұлы Әділ мен қызы Жанар да музыка мамандары. Немересі Айша – скрипкашы.
Абыройлы азамат, дарабоз дарын Сәбит Қоңырбайұлының қыры мен сырына қаныға түсу үшін үшін оның өз аузымен айтылған естеліктерін оқырман назарына ықшамдап ұсынуды ұйғардық.
«Алдымен туған жеріме қарыздармын»
– Адам алдымен табиғаттың перзенті. Мен бәрінен бұрын өзім өскен жердің табиғатына қарыздармын ба деймін. Туған жерім – ғажайып сұлу жер. Оңтүстігі – Алатау, солтүстігі – Қаратау, күн батысы – Қазығұрт. Осы үш таудың ортасында тұрған, Арыс пен Ақсудың құйылған жері. Сол ғажайып табиғат қиялыма қанат бітіріп, сезімімді сұлуландырған шығар. Ал енді адамдарға келсек, ауылдағылардың бәрі ұстазым болды ма деп те ойлаймын. Жас кезімізде ауылдағы жиын-тойдың бәрі керемет қызықшылықпен өтетін. Жұрт шетінен әнші, шетінен айтыскер еді. Әйтеуір маған солай көрінетін. Бірімен бірі сөзбен қақтығысып, қыран күлкі болып жататын. Біреулер жеңеді, біреулер жеңіледі, сол екі ортада күтпеген жерден өзінше әділқазылар шыға келіп, өзінше «приз» береді, онысы кішкентай орамал, құрт-май сияқты нәрселер. Соның өзіне жұрт мәз-мәйрам. Осының бәрі маған әсер етті-ау деп ойлаймын.
Төлеген молда деген жырау бабамыз болды. Иә, кәдімгідей жырау. Ылғи айтатыны «Зарқұм», «Қамбар батыр», «Алпамыс» сияқты жырлар. Оның ешқайсысы бір-екі сағатта біте қоймайды. Қазір ойлап қарасам, сол Төлеген атам бір жағынан актер екен. Аттың шабысы кезінде, қызылбастармен соғысқанда домбыраны жайына қалдырып, екі қолын көтерген күйде айқайлап, отырған күйінде жортақтай жөнелетін. Кейін сондай орындау мәнерін мен қырғыздардан, манасшылардан көрдім. Қыстың ұзақ түндерінде өзім құралпы балалардың бәрі жыр тыңдап отырып, ұйықтап кететін де, жалғыз мен сол дастан біткенше тыңдайтынмын. Өзімнің анам Апақай да өнерлі кісі еді. Жергілікті жүлде алғыш, айтқыш, айтысқа мықты еді. Сонан кейін Топаш деген нағашым болды. Өнерді жақсы көретін. Көп жыл ауыл-аймақты басқарған кісі. Ол кісінің отырған жері той-думан болатын.
«Ветврач бола жаздап консерваторияға ауыстым»
-Мектеп бітірген соң ағайын-туысқандарым маған мынадай шарт қойды: «Мына жалғыз шешеңе біз қарайласамыз, сен мал дәрігері болып ауылға орал, мұндағы жағдайды көріп жүрсің ғой, маман жоқ» деді. Сол жерде Әбдіқадыр көкем Шөлбай деген кісі туралы бір әңгіме айтты. «Ол өзі малдың тәуібі еді», деп сөйлейді, мал дәрігері, ветврач демейді. Жаңағы Шөлбай қандай мал ауырса да, қандай аурумен ауырса да бір-ақ диагноз қояды екен, диагнозы – «Бұл енді оңалмайды, бұны сою керек». Сөйтіп, кез келген мал ауырса болды сойыла береді екен. Сен оқып келіп, сондай «малдың тәуібінен» құтқар бізді дейді ғой көкелерім. Ол кезде үлкендер айтты – бітті. Айтқандары – заң. Сөйтіп, малдәрігерлік институтына келдім. Құжаттарымды өткіздім, емтихандарымды тапсырдым. Ол кезде абитуриент аз, конкурс деген жоқ, құлап қалмасаң болды студент атанасың. Содан АЗВИ-дің жатақханасында жаттым. Жатақхана дегені кәдімгі үлкен спорт залы. Күнде кешке төбелес. Екі күннің бірінде ұрлық. Сол ортаны жатсынып жүрдім. Енді «әртістер дайындайтын институт» іздей бастадым. Ол консерватория деп аталады екен. Ғимараты қаланың дәл ортасында. Барсам – басқа бір әлем. Үш қабатынан да құйқылжып музыка төгіліп жатыр. Біреу ән айтып, біреу скрипка тартып, біреу фортепианоға қосылып шырқап жатыр. Аңқидым да қалдым. Сөйтіп тұрғанымда, жаныма бір қазақ кісі келді. «Әй, бала, неғып тұрсың аузың ашылып?», дейді. «Ой, аға, мына бір керемет жер екен ғой», деймін. «Өнерің болса келмейсің бе?», деді де ол кісі кетіп қалды. Бұл сөз де маған қосымша қозғау салды. Қойшы, сонымен, зооветке түсіп тұрған жерімнен құжаттарымды зорға дегенде қайтарып алып, консерваторияға тапсырдым.
«Асқар ТОҚПАНОВТЫҢ «ТОҚПАҒЫНАН» ШЫҢДАЛДЫҚ»
-Алдымен ән факультетіне, Бекен Жылысбаевтың класына түстім. Курганский деген керемет ұстазымыз болды. Ермек Серкебаевты дайындаған сол кісі. Ол өзі де тамаша әнші. Соған даусымды тыңдатты. «Әлі жас бала. Бірақ тембрі жақсы. Тек диапазонын кеңейту керек», деді. Бір жыл бойы менің даусымның диапазонын кеңейтумен айналысты. Келесі жылы театр факультеті ашылды. Енді аңсарым соған ауды. Дегенмен, бір жыл болса да әншілікке оқығанымның пайдасын көп көрдім. Әсіресе, кейіпкері ән орындайтын спектакльдерге келгенде аузымның салымы болушы еді. Театр факультетіне кілең бір ығай мен сығай келгендей әсер етеді. Шаштары дудырап Асанәлі мен Райымбек жүр, Нүкетай жүр, Матан жүр, Күләй Хамзина жүр. Фарида кейін екінші курстан соң келді Қытайдан. Содан ойым әбден бұзылып, Асқар Тоқпановтың алдына бардым. Бірден басымнан бастады. «Басыңды қайдам, шашың мықты екен, өзі бұйра ма әлде бұйралатып алдың ба? Ана Ашимов пен Сеитметов шаштарын өздері бұйралатып алыпты ғой. Кеше екеуіне де ұрсып-ұрсып жібердім», деді. Сөйтсем, Асанәлі мен Райымбек шынында да солай жасаған екен.
Асқар Тоқпанов мені әбден сұрақтың астына алды. Драматургтардан кімдерді білетінімді, қандай спектакльдер көргенімді, қандай кітаптар оқығанымды тәптіштеді. Бұл жағынан менің сауатым басқалардан артықтау болды. Бәрі ауылдан жаңа келгендер ғой. Райымбек тек үнді фильмдерінің әндерін айтады, өзі шілтиіп қалған. «Режиссерлардан кімдерді білесің?» деді Асекең. «Қазақтың алғашқы профессиональный режиссері Асқар Тоқпановты білемін. Алланың айтуымен алдыңызға келіп тұрмын», деп сарт еткіздім. «Дұр-е-е-с», деді ол кісі…
Асқар Тоқпановтың қазақ театр өнерінің актерлік мектебін қалыптастырудағы еңбегі ересен. Оған ешкім дауласа алмайды. Бикен Римова да, Шолпан Жандарбекова да, Байділда Қалтаев та, Мұхтар Бақтыгереев те… қайсыбірін айта берерсің, қазақ сахнасының ажарын ашқан актердің бәрі Асекеңнің алдынан өткен. Асекеңнің ерекше қасиеті адам танығыштығы еді. Осы Асанәлі алдымен ауылшаруашылық институтына түскен. Сонда оқып жүрген жерінен көріп: «Қой, Қазақстанда бір агроном кем болар, сен актер боласың», деп консерваторияға алып келген. Кейін Тұңғышбайды Жамбылдың, қазіргі Тараздың гидромелиорация институтында үздік студент боп жүрген жерінен ойын, бойын көріп Алматыға шақырған. Ондай мысалдар көп.
«Менің бағымды ашқан --Әзірбайжан Мәмбетов»
–Жалпы, қазақ театрының өткен ғасырдағы ең шұғылалы шақтарының бәрі ұлы режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің есімімен байланысты. Оны біреуіміз кезінде білдік, біреуіміз білмедік, біреуіміз бағаладық, біреуіміз бағаламадық, бірақ шындық осы. Әзекеңнің театрда қойған алғашқы спектакльдерінің бірі Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-айы». Маған сонда суретші Сұлтанның рөлі тиді. Бұл 1960 жыл еді. Сол спектакльмен бүкіл Қазақстанды аралап шықтық. Қанша жыл сахнадан түспеді. Дәл ондай аншлаг берген спектакль болған емес. Қысы бар, жазы бар, қай кезде де театр көрерменге аузы-мұрнынан шығып тұратын.
Әзекең Мәскеуден оқу бітіріп, бізге қатардағы режиссер болып келгенде қазақшаны тіпті нашар сөйлейтін. Репетиция кезінде бір үлкен актрисамызға: «Жәләп, жәләп түс», деп айтып, күлкіге қалғаны бар. «Жайлап, жайлап түс» деген түрі ғой. Ал енді шығарманың айтар ойын терең түсіндіруге келгенде, әр образдың түпкі түйінін ұстауға келгенде, рөлге адам таңдауға келгенде, мизансценаға келгенде керемет еді. Рөлдің сөлін дәл табатын.
Содан бері елу жылдан астам уақыт өтті, тек бір шаңырақта, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театрда жұмыс істеп келемін. Небір құдіретті адамдармен кездестік осы жерде. Қалибек Қуанышбаев, Шәкен Айманов, Хадиша Бөкеева, Нұрмахан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев… Нұрмахан мен Ыдырыстың бүкіл репертуарды ұстап, дүрілдеп тұрған кезі. Дауыс деген қандай, қозғалыс деген қандай, шіркін. Не айтары бар, ғажап еді. Әсіресе, Нұрмахан нағыз классикалық актер болатын. Көп білетін. Талай мизансценаға келіспей, режиссермен айтысудан тайынбайтын. Апырмай, осы кісілердің көлеңкесінде қалып қояр ма екенбіз деп едік, жоқ, қабысып кеттік.
Фарида Шәріповамен көп спектакльде партнер болдым. Солардың ішіндегі ең ерекшесі «Қан мен тердегі» Сүйеу қарт пен Ақбала шығар. 1974 жылы, «Қан мен тер» КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды.
«Актерлік мамандықтың құдіретіне қайранмын»
– Міне, жарты ғасырдан асып кетсе де мен актерлік деген мамандықтың құдіретіне қайран қалумен келемін. Осы мамандықтың арқасында хан да болдық, қараша да болдық, бай да болдық, сері де болдық, қаншама адамның өмірін кештік, солардың тіршілігімен тыныстадық. Ойлап отырсаң, тіпті талай рет өмір сүріп тастағандай боласың кейде. Театрдың іші қашан көрсең айтыс-тартыс, бітпейтін де қоймайтын интрига, атақ үшін, рөл үшін мылтықсыз майдан жүреді де жатады.
Сахна сыртындағы өмірде кейде ашық, кейде жасырын алысып-жұлысып жүретін сол адамдар сахнаға шыға сала өзгеріп сала береді, керек болса бір-біріне өліп-өшкен ғашық жандарға айналады. Соның бәріне сізді сендіреді. Тіпті екі сағатқа болса да өздері де бір-біріне ғашық болып кетеді. Құдірет емес пе? Театр – тұнып тұрған тап-таза өнер, саф таза сұлулық.
«Биіктен құлап белімді ауыртсам да Қонаев көретін спектаклді ойнап шықтым»
– 1976 жылы Францияның Нанси деген қаласындағы фестивальға «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» дайындап жатқанбыз. Репетиция бітіп қалған кез еді. Асанәлі Қодарды, мен Жантықты ойнап жүргенмін. «Бәле қайда, бассаң аяғыңның астында» деген ғой. Өзімнен болды. Қозы Көрпешті екі жақтап өлтіретін жерімізде мен: «Әзеке, біздің найзамыз көрінбей қалады екен, қайтадан, басқаша жасайықшы», дедім. Әзекең: «Давай, давай», деп жатыр. Сұмдық финал. Мөлдіреген жап-жас Қозыны шаншып өлтіргелі тұрмыз. Сонымызды құдай да қолдай көрмеді ғой деймін. Мен жардың ар жағында құз екенін ұмытып кетіппін. Шегіне бергенімде жардан шалқамнан құлап түстім. Басымда Жантықтың жаман тымағы бар еді, жанымды сол алып қалды. Әуелде есімнен танып қалдым. Бел деген ауырып әкетіп барады. «Жедел жәрдем» шақыртты. Дәл сол күні кешке театрға Димаш Ахметұлы Қонаев келетін еді. Францияға апара жатқан спектакльді көрейін дегені ғой. Әзекең дәрігерлерге жалынып жүріп, мені қалдыртты. Бөлмесіне алып барып, екі жүз грамдай коньяк құйып беріп еді, тартып жібергенімде ауырғаны қойғандай болды. Үш-төрт сағат жатып, демалдым. Спектакльді ойнап шықтық. Бұл қазақшылықты қойсаңшы, ертеңіне белімді рентгенге түсіруді де құнттамаппын. Содан бел ауырады, бел ауырады деп қойып жылдар бойы жүре беріппін. Германияға барғанда дәрігерлер бірден айтты ғой, көп жыл бұрын биіктен құлаған екенсіз деп. Әйтеуір, құдай сақтап, қиын операциядан аман өтіп, емделіп қайттық.
«Елбасы екеумізді ән табыстырды»
--Мен өз басым Президент қызметінің қандай қызмет екенін білетін адаммын. Өзімнің шама-шарқымды да білетін адаммын. Бұрын да, кейін де Нұрсұлтан Әбішұлына бір ауыз өтініш айтқан кісі емеспін. Айтпаймын да. Мүмкін, сол сұраншақтығымның жоқтығын бағалайтын да болар. Көлденең шаруа айтып, елі үшін аттан түспей жүрген Азаматтың көңілін алаңдатудың өзі білген адамға ұят нәрсе.
Біз ол кісімен ән арқылы табысқанбыз. Жетпіс төртінші жылы бір жолдасымыз қонаққа шақырып, сол үйде таныстық. Карметкомбинаттың партком хатшысы екен. Бір көргеннен көңіліміз жарасып жүре берді. Домбыра тартады. Жап-жақсы, күшті даусы бар. Бірнеше ән айтты. Иманжүсіптің толғауын айтты. Ол кезде партия қызметкерлері ондай толғау айту тұрмақ, ондай толғауларды тыңдаудан ат-тонын ала қашатын. Нұрекең негізінен халық әндерін жақсы айтады. «Сарыбидай», «Дедім-ай-ау», «Маусымжан» сияқты әндерді. «Маусымжанды» айтқанда бәрімізді билетіп жіберетін. Әндердің сөзін жаңылыстырмайтынына, ұмытпайтынына таң қаламын. Бір жолы итальян операсынан күрделі ария орындап таңдандырған. Ең бастысы, Нұрсұлтан Әбішұлының жан дүниесінде әнге әуес, күйге құмар халқымыздың сезім сұлулығы бар екендігі. Еліңнің басшысы домбыра тартып, ән айтып, ән шығарып, әнге сөз жазып жатса ұлт ретінде, халық ретінде, қазақ ретінде жаның жай таппай ма? Бұл деген халықтың бағы ғой.
Oinet.kz мұрағатынан