Шымкент қаласының қақ ортасындағы, дәлірегі Тәуке хан даңғылы мен Жұмабек Тәшенов көшелерінің қиылысындағы үй бомба түскен күй кешіп тұрса да қазір құлап кететіндей үрей туғызатын ғимаратты барар жері жері, басар тауы қалмаған адамдар баспана етіп алғаны қатты алаңдататын-ақ жайт. Ғимараттың сол жақ қапталының әуелі шатыры өртеніп, артынша қабырғалары опырылып түскені көрініп тұр. Жан-жағынан «связкасын» жоғалтқан қалқиған қабырға жалп ете қалмасын деп әлдекімдер ұзын бөренемен тіреп қойыпты.
- Бұл ғимарат банктің құзырында деп естиміз. Түгі қалмаған ғимаратты бүгінде банк та керек етпей отыр екен, әйтеуір. Жетіскеннен адам апатты үйге жолай ма, бас сауғалайтын басқа жер таппаған соң осында бір-екі отбасы тұрып жатырмыз, - дейді аты-жөнін айтудан қымсынған сол үйдің бір тұрғыны.
Еліміздегі үшінші үлкен қала мәртебесінен үміткер Шымкенттегі осынау сорақы көріністің соңы орны толмас опық жегізіп жүрмесін деген оймен журналистік зерттеу жүргізген болатынбыз. Алдымен Шымкент қалалық әкімдігінің тұрғын үй шаруашылық бөлімінің телефон номерін тердік. Тұтқаны көтерген бөлім қызметкерінен «Апатты жағдайдағы үйлер мәселесі біздің бөлімнің құзыретіндегі шаруа емес, оны архитекторлардан сұрағандарыңыз дұрыс», деген жауап алдық.
- 1939 жылдары салынған бұл екі қабатты ғимараттың егесі «Қазақ баспасы» деген фирма. Бас директоры Т.Жүнісов деген азамат. Қалада А.Тшанов әкім болып отырған 1993 жылы «Әкімшіліктің тұрғын үйлер шаруашылық басқармасы Титов көшесі №29 тұрғын үйді «Қазақ баспасы» фирмасының қарамағына 11 отбасына жеке пәтер алып беру есебінен берілсін» деген шешім шыққан. 1995 жылы бізден АПЗ берілген. Бірақ, ол жерге тиісті мемлекеттік акт алынбаған. Біздегі бар мәлімет осы. Үй апатты болғандықтан, ол үйдің дәл қазіргі жағдайын төтенше жағдайлардан білуге болатын шығар. Архитектурадағы «инспектирование» деген бөлім қазір облысқа, дәлірегі «ГАСК»-ға өткен, олар да біреулерден шағым-арыз түспесе өз бетінше тексере алмаса керек, - дейді Шымкент қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі бастығының орынбасары Жақсылық Мықтыбаев. Ал мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының, яғни «ГАСК»-інің бастығы Сұлтанбек Сүгірбаевқа хабарласқанымызда «мен бұл жағдайдан хабарсызбын, өйткені, біз құлайын деп тұрған үйдің емес, жаңадан салынған құрылыстың сапасын бақылаймыз» деп қысқа қайырды.
- Әрине, апатты жағдайдағы үйлер бізді алаңдатпай қоймайды. Дегенмен, әр мекеме өзінің құзырет ету шеңберінен шыға алмайды. Біз ол үйлерге қатысты ештеңеге араласа алмаймыз. Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты тұрғын-үй шаруашылық бөлімінің ішінде «тұрғын үй инспекциясы» деген бөлім бар. Қаладағы тұрғын үйлердің сейсмикалық қауіпті, апатты жағдайдағы, қараусыз қалған, бұзуды қажет ететін тұрғын үйлермен жұмыс жүргізу солардың тікелей міндеті. Қалада шешімін таппай отырған мен білетін осындай қауіпті жағдайдағы 5-6 үй бар. Бұзылуға жататын үй болғанымен онда адамдар әліге дейін тұрып жатыр. Компенсация мәселесі шешілмей жатқан болуы керек. Сіз айтып отырған үйге қатысты дау-дамай неше жылдан бері жалғасып, шешімін таппай келе жатқанынан хабардармын. Алайда, біздің негізгі міндетіміз – құтқару жұмыстарын жүргізу, - дейді қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың бастығы Батырғали Сәрсенбекұлына хабарласқанымызда.
Міне, бомба түскен күй кешкен үйдің «тағдырын» білмек болғанымызда шенеуніктер бір-біріне сілтеп жауапкершілікті арқалаудан қашқанына қынжылдық. Шымкент қаласы әкімдігінің тұрғын үй шаруашылық бөлімі ішіндегі тұрғын үй инспекциясының жұмысына жауапты Қуаныш Байымбетовпен бірнеше күн бойы жолыға алмай әйтеуір әрең сөйлесе алдық. Өздерінің құзыры жүретін міндетті өзгелер жаққа сілтегендерін жауапсыздық десең де, сауатсыздық десең де жарасып-ақ тұр.
-Ол жекенің меншігіндегі нысан және оны банкке кепілге қойған екен. Алайда, дәл қазір ол адам жоқ, қайда екенін ешкім білмейді. Банк тарапынан іздеу болғанымен, қандай да бір дерек табылмапты. Ал оны өз тарапымыздан бұзуға, басқа да амалдар жасауға құқымыз жоқ. Банкке де хабарластық, олар үй егесін таба алмай жатыр, - деген Қуаныш Байымбетов ол нысанға қатысты 2010 жылдың 20 желтоқсаны күні инспекция тарапынан облыстық Әділет департаментіне жіберген хатпен таныстырып және оған қатысты келген жауапты қолымызға ұстатты. Ол хатта төмендегі жайттар хабарланыпты: «Шымкент қаласы Тәшенов көшесі №29 мекен-жайға орналасқан нысанға азамат Арғынбаев Қайрат Данияровичтің атына 20.07.2007 жылы сату-сатып алу келісім-шарты, 31.07.2007 жылы жер теліміне меншік құқығы туралы актілер негізінде меншік құқығы тіркелген. Сондай-ақ, аталмыш нысанға 08.08.2007 жылы «Альянс Банк» АҚ-мен кепіл келісім-шарты, №1 қосымша келісім тіркелгені, 01.03.2008 жылы ОҚО бойынша ЭСЖКҚД тергеушісі, аға капитан А.Абдрамановтың тыйым салу қаулысы тіркелгенін хабарлаймыз. 30.06.2006 жылғы сату-сатып алу келісім-шарты негізінде «Медтехсервис-Шымкент» ЖШС-ның атына меншік құқығы тіркелген».
Иә, осы хаттан-ақ жағдайдың қалай тұйықталғанын аңғаруға болады. Демек, қысқаша түйіндесек бұрын мемлекет балансында болған бұл үй 1993жылы «Қазақ баспасы» фирмасына осы үйде тұратын 11 отбасына жеке пәтер алып беру есебінен берілген. Оны 2006 жылы «Медтехсервис-Шымкент» ЖШС сатып алған. Одан 2007 жылдың шілде айында Қ.Арғынбаев деген азамат сатып алып, ол нысанды банкке кепілге қойып, несие алған да онысын төлей алмағандықтан бой тасалауға мәжбүр болған. Банк те қарызын іздемей қалайша қарап жатсын, тергеу органдарына арыз түсірген. Қаржы полициясы нысанға қатысты қандай да бір амал жасауға тыйым салғанымен, оның егесі әлі күнге дейін таптырмай жүр. Сөйтіп, ол нысан құжат жүзінде «зоморозить» етілгенімен, іс жүзінде қаңғыбастар иелік ете бастаған. Соның салдарынан үйді өрт шалып, ақыры міне... «Жаман айтпай жақсы жоқ». Бомба түскен үйдің «тағдырын» оңынан шешуді ойластыратын шенеуніктер жауапкершілікті мойынға алмай бір-біріне сілтеп жүргенде ертең онда тұрып жатқан адамдар опат болса ше?...
Oinet.kz мұрағатынан