ОҚО қан орталығының бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент:
--2006 жылы, сәбилердің ВИЧ дертіне шалдығу қасіретін еске түсіру кімге де болса оңай емес. Десек те, сол кезде облыстық қан орталығының жұмысына қатысты көп айыптаулар айтылды. «Қанды банкімен Өзбекстаннан тасыпты» деген әңгімелерді де естігенбіз. Сол бір қиын кезеңнен кейін қан орталығына керемет ғимарат салынды. Ал, орталықтың жұмыс тәсілі, сапасы қаншалықты жақсарды?
--Жаңа ғимаратың салынуына сол атышулы «ВИЧ оқиғасының» себеп болғаны рас. Бұрынғы қан орталығы тұрғын үйдің төменгі қабатында орналасты. Заман талаптарына жауап бере алмады. Бірақ соған қарамастан ол өз жұмысын атқарып келді. «ВИЧ оқиғасы» кезінде сәбилерге дерт қан арқылы жұғуы мүмкін деген күдік расталмады. «Қанды банкімен тасыпты» деген мүлдем ақылға қонбайтын сөз. Олай болуы мүмкін емес, бұл қан қызметі туралы мүлдем түсінігі жоқ адамдардың шығарып жүрген әңгімесі болса керек.
Осы оқиғадан кейін заманауи талаптарға жауап беретін жаңа қан орталығын салу туралы мәселе көтеріліп, құрылыс жұмыстары басталды. Біз алдымен Елбасыға рахмет айтуымыз керек. Жаңа ғимаратты салуға тапсырманы берген мемлекет басшысының өзі еді. 2008 жылдың желтоқсанында жаңа нысанның ашылуына Елбасының өзі де қатысты.
Республикадан жаңадан салынған қан орталықтары жетерлік. Бірақ олардан біздің ерекшелігіміз, ғимаратымыздың пайдалы алаңдары көп. Орталықты тұтас бір өндіріс орны десек те болады. Ғимарат чехиялық жобамен салынған. Орнатылған құрал-жабдықтар да сол елден әкелінді.
Сол 2008 жылдан бастап сапа менеджменті жүйесіне өткенбіз. Санкт-Петербургтегі «Руский регистр» деп аталатын сертификаттау қауымдастығының өкілдері жыл сайын келіп, біздің әлемдік талаптарға сай қаншалықты жұмыс істеп жатқанымызды тексеріп отырады. Әзірге сүрінген жеріміз жоқ. Әлемдік талаптарға сай болғандықтан біздің шығарған өнімдеріміз сұранысқа ие. Айтқан жерден аулақ, егер елімізге іс-сапармен келген лауазымды тұлғаға шұғыл қан қажет болса, онда оны тек біздің орталық бере алады. Өзге қан орталықтарының мұндай құқығы жоқ.
--Қазіргі уақытта орталықтағы қан өнімдері қай аймақтарға таралады? Облыстағы емдеу мекемелерін қан өнімдерімен қаншалықты қамтамасыз етіп отырсыздар?
--Қан өнімдері тек облыс аумағында таралады. Одан тыс аймаққа беруге мүмкіндігіміз жоқ. Облыс аумағындағы емдеу мекемелерінің қанға деген қажеттілігін қамтамасыз етудің өзі де оңай емес. Қан тапсырушылардың аздығынан қан құйылған аурулардың туысқандары арасында қан тапсыру туралы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
Орталықта қаннан 26-ға жуық компоненттер шығарылады. Көпшілік донордан алынған қан науқасқа құйыла береді деп ойлайды. Жоқ, олай емес, қан қызметі өте күрделі. Алынған қандар топ-тобына қарай жіктеледі. Қан сұйықтығы (плазмасы) бөлек алынады, бөлек сақталады. Бүгінде қаннан жұғатын аурулардың алдын алуға баса мән берілуде. Осы мақсатта орталыққа плазманы құрамында жүрген вирустардан толығымен тазалайтын аппараттар орнатылды. Тазартылған плазмалар бірінші кезекте әйелдер босанатын бөлімшелерге, балалар ауруханаларына жіберілуде. Жалпы алғанда орталықта қан 35-40 күн, ал плазма 180 күнге дейін сақталады. Вирустардың 98 пайызы плазмада кездеседі. Сондықтан 180 күн сақталған плазманы құярдың алдында оны тапсырған донор шақырылып, денсаулығы тексеріледі. Донорда ешқандай ауру белгілерінің жоқ екендігіне көз жеткізілген соң барып, плазма тиісті орындарға жөнелтіледі.
«Бізге арнайы бағдарлама қажет»
--Донорлардың тапшылығы, бұл барлық қан орталықтары үшін өзекті мәселе екені белгілі. Десек те, облысымыздағы қазіргі жағдай қалай?
--Кеңес одағы кезінде халықтың қан тапсыруға деген көзқарасы, ықыласы жақсы болды. Кейінгі жылдары оның төмендеп кеткені рас. Оның бірнеше себептері бар. Қазір облыста кеңес заманындағыдай үлкен ұжымдар аз. Баяғы зауыт, фабрикалар жоқ. Екіншіден қан тапсыруға деген көзқарас та өзгеріп кеткен. Жасыратыны жоқ, бізге отаншылдық, колективтік сезім, жауапкершілік жетіспейді. Азаматтардың көпшілігі қан тапсырудың қоғамға қажет екенін, ал өзінің де сол қоғамның бір мүшесі екенін, күндердің күнінде құдай бетін аулақ қылсын, өзіне, не жақын туысына шұғыл қан қажет болып қалуы мүмкін екенін жеткілікті дәрежеде сезіне алмайды. Мәселен, Шымкентте студенттер көп. Бірақ өкінішке қарай, жастардың бойында жоғарыда айтқан отаншылдық сезім төмен болып тұр.
Бір ғана дерек келтірейін, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде мың адамға 40 донордан келуі керек екен. Көрші Ресейде бұл көрсеткіш 1000 адамға—18 донордан келеді. Ал, біздің облыста ол—7 донор. Халықтың қан тапсыруға деген ынта-ықыласының қай деңгейде екенін осыдан кейін өзіңіз екшей беріңіз.
Жалпы, бізге донор мәселесін реттеп отыратын арнайы бағдарлама қажет. Ресейде мұндай бағдарлама жасалуда. Бізде бастама бар, бірақ үкімет бұл мәселені әлі қолға ала алмай жатыр.
Жасыратын не бар, біз әлі де сол баяғы кеңес өкіметі кезіндегідей жоғарыдан берілген тапсырмаларды орындап үйренгенбіз. Тікелей бағынатын басшы тапсырма берсе, оны талқыға салып жатпаймыз, тап-тұйнақтай етіп орындап отырамыз. Ал, егер мен бір мекеменің басшысына «ұжымыңызбен келіп қан тапсырыңыздар» деген өтініш айтсам, «әркімнің өз құқығы бар» дегенді алға тартады. Бірақ күні-ертең сол басшының өзіне немесе туысқанына қан қажет болып қалса, «қан беріңіздерші» деп шарқ ұрып орталыққа келеді.
--Облыста өтініштеріңізге мойын бұратындар немесе өз еріктерімен келіп қан тапсыратын ұжымдар аз емес шығар?
--Облыстық кедендік бақылау департаментінің басшылығына, ұжымына ризамыз. Кеденшілер ұжыммен келіп қан тапсыруды үрдіске айналдырды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық өкілдігінің қызметкерлері де жиі қан тапсырып тұрады. Өкілдіктің жетекшісі Бейбіт Мырзагелді қажының өзі бастап келеді. Жалпы қан алдыруды пайғамбарымыздың өзі де қолдаған. Хадистерде «Шипа беретін үш нәрсенің бірі қан алдыру», «Қан алдыру ақылды арттырады, еске сақтау қабілетін күшейтеді» делінген. Имамдардың бізге көреткен тағы бір көмегі олар мешітте, жұма намазда көпшілік арасында қан тапсыру туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп отырады. Облыстық ішкі істер департаментіне қарасты жол полиция басқармасының қызметкерлері де қан тапсырып тұрады. Жол полицейлері жол апатына жиі куә болады, апат кезінде қиналған жандарды көп көреді. Олар орталыққа қан берудің адам үшін маңыздылығын жақсы білгендіктен келеді деп ойлаймын.
«Ынтыландыру жақсы болса, донорлар көбейер еді»
--Жаңа бір сөзіңізде кеңес кезінде донорлыққа ықылас білдірушілердің көп болғанын айттыңыз. Ол кезде донорларға деген қамқорлық қандай еді, ал дәл қазір сіздер қан тапсырушылардың еңбегін қалай бағалап жүрсіздар?
--Кеңес кезінде донорларға әлеуметтік жағынан да, моралдық жағынан да жақсы көзқарас болды. 70 мәрте қан тапсырған, 40 мәрте плазма тапсырғандарға «Құрметті донор» деген атақ беретін. Мұндай атағы барлардың арнаулы дүкендерден «дефицит» тауарлар алып тұруға мүмкіндігі болды. Тіпті, олар кейбір өнімдерді арнаулы тапсырыспен де алдыртатын. Ал біз қазіргі қан тапсырушыларды ондай көл-көсір жеңілдіктермен жарылқай алмаймыз. Қан тапсырып болған соң жоғалтқан энергиясының орнын толтыру үшін қант қосылған шәй, күлше беріп, қолына азын-аулақ қаржы ұстатамыз. Барлық шығын 425 теңгені құрайды. Осыдан кейін «келіп тұрыңыз» деп шығарып саламыз. Егер донорларға берілетін материалдық ынталандыру жақсы болса, қан тапсырушылардың саны көбейер еді.
--Орталыққа жаңадан іске қосылып жатқан қондырғылар туралы не айтасыз?
--Қан қызметіне қатысты заманауи деген құрал-жабдықтародың барлығы дерлік алынды. Соңғы мәрте қанның құрамындағы ДНК, РНК және нуклеин қышқылдарын анықтайтын қондырғы алынды. Австрияда шығарылған. Бағасы 58 миллион теңге тұрады. Бұл қондырғының бір артықшылығы жұмыс барысында адам күші мүлдем пайдаланылмайды. Мұндай қондырғылар өзге қан орталықтарында да бар. Бірақ олар жартылай автоматты.
Сонымен бірге бізде жылжымалы қан алатын бригадаларымыз жұмыс істейді. Олар арнаулы көлікпен қамтамасыз етілген. Бұл көлік қан алуға қажетті құрал-жадықтардың бәрімен жабдықталған. Онымен кез-келген жерде жүріп қан ала беруге болады.
--Жаңа қондырғылармен жұмыс істейтін мамандар қайда даярланып жатыр?
--Көп жағдайда қондырғыны орнатқан компания мамандарды да оқытады, сертификат береді. Жалпы орталықта трансфузиолог мамандарына деген тапшылық жоқ. Дәрігерлердің барлығы да білімін жетілдірген. Соңғы екі жылда медбикелердің барлығы да білімін жетілдіріп, санат алды.
--Алға қойған қандай жоспарларыңыз бар?
--Жоспар көп. Оның ішінде ең маңыздысы орталықтың әкімшілік корпусын салу. Кезінде жобада болған. Құрылыс жұмыстары басталар кезде қысқарып кеткен. Қазір кейбір заттарымызды бұрынғы ғимаратта сақтаймыз. Екіарада ары-бері жүру біраз уақытты алады. Егер басшылар тарапынан қолдау болса, әкімшілік ғимаратты уақыт созбай бастау керек. Бұл біздің жұмысызға көп жеңілдік әкелген болар еді.
--Әңгімеңізге рахмет, қызметтеріңізге табыс тілейміз! .
Қан тапсыру ағзаңызға пайдалы
Облыстық қан орталығында күніне шамамен 40-50 адам қан тапсырады. Егер жылжымалы бригадалар арқылы қан тапсырғандарды қоссақ, онда күнінен шамамен 150-ге жуық адам донор болады екен.
Орталықтағы донорларды жинақтау бөлімшесінің меңгерушісі Индира Байдарбекова бізге орталықта киім ілгіштен бастап қан тапсыруға дейінгі аралықтағы барлық процестердің тәртібімен таныстырып өтті.
--Қан тапсыруға тек жасы 18-ге толған адамдарға ғана рұқсат етіледі. Оның жеке басын куәландыратын құжаты болуы тиіс. Алдымен келушінің аты-жөні бізде қан тапсыруға болмайтын азаматтар туралы мәліметтер базасынан текеріледі. Осы базаға тіркелмегені анықталған ол 26 сұрақтан тұратын анкетаны толтырады. Онда қан тапсырушының телефоны мен жұмыс орнынан бастап, денсаулығына қатысты барлық сұрақтар қамтылған. Бұдан кейін қан тапсырушының салмағы, бойы, қан қысымы өлшеніп, оған қанша көлемде қан тапсыруға болатынын анықтап аламыз,--дейді И.Байдарбекова.
Тәртіп бойынша қан арқылы жұғатын аурумен науқастанғандар донор бола алмайды. Бұл тізімге гепатит, ВИЧ, бурцеллез, мерез сияқты аурулар жатады. Сонымен бірге жүрек, тыныс ауруымен науқастанатын аурулардан да қан алынбайды. Себебі мұндай науқастарға қан беру өздерінің денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Дәрігерлердің айтуынша, қан тапсыру адам ағзасы үшін өте пайдалы. Егер донор белгілі бір мерзімді сақтай отырып қан тапсырса, ол ағзаны жасартады, қан айналымын жақсартады, тамырдың, бауырдың және асқазанның жұмысына оң әсер етеді.
Әрбір үшінші адам донорлық қанды қажет етеді
Ресми деректер бойынша әлемде қан құюға жыл сайын миллиардтаған адам мұқтаж болады екен. Қан күйiкке шалдыққандарға және жарақаттанғандарға, сонымен бірге күрделi операциялардың өткiзу кезінде, ауыр босануларда құйылады. Ал ол гемофилиямен және қаны аздықтың ауруына шалдықандарға - өмiрдiң сақтап тұру үшiн керек. Сонымен бiрге химиотерапия кезінде онкологиялық ауруларға қажет.
Статистикалық мәліметтерге қарағанда әрбiр үшiншi адам өмірінде бiр рет донорлық қанды қажетсiнедi.
Донорлар қан тапсыру алдындағы кеш қарсаңында сүт өнiмі, ысталған, ащы, қуырылған, майлы, тағам жемеуі керек. Процедураға дейiн 48 сағат бұрын алкогольді, 72 сағат бұрын құрамында анальгетиктері бар аспирин, анальгин секілді тағы басқа препараттарды қабылдамауы керек. Сонымен бірге қан тапсырардан кемі бір сағат бұрын шылым тартпауы тиіс.
Донор болу үшiн алдын ала қан талдауларын өткiзіп, дәрiгерлiк тексеруден өту керек. Денеге күш түсірмеу, көбiрек тамақтану ұсынылады. Донорға қан қысымның қалпына келтіру үшін шоколад, кофе, гематоген ұсынылады.
Мұрағаттан: 14.11.2012