Ашуғудың қандай пайдасы бар?

Screenshot_3.jpg

Өз бетінше емделген дұрыс па әлде бәрін жиыстырып қойып, дәстүрлі медицинаның көмегіне жүгінген жөн бе? Бұл сұраққа кесімді жауап қату қиын. Өйткені дәстүрлі медицинаның түп тамыры да сол өзін-өзі емдеуге барып тіреледі емес пе? Аурудан емделудің түп негізі де адамның өз табиғатын танып білуден басталды емес пе?

Құдай-ау, қазір өз бетінше емделудің жолы қаншама дерсіз. Бірі шөппен, бірі ашығумен, бірі күн сәулесімен, бірі суық сумен  емделеді. Зәрдің құдіретіне бас иетіндерді де кездестіріп жүрміз. Бірақ осы әдіс-амалдар қаншалықты нәтиже береді?

Кейінгі жылдары өзін-өзі емдеу әдістерінің ішінде ашығумен емделу кең тарап келеді. Бұл орайда «ашығудың атасы» атанып кеткен америкалық диетолог Пол Брэгтің есімі жиі ауызға ілігеді. Оның «Ашығудың құдіреті» деп аталатын кітабы тоқсаныншы жылдардан бастап КСРО-да өте жоғары сұранысқа ие болды. Соңғы жылдары бұл кітап қазақ тілінде бірнеше нұсқада басылып шықты. Басылымдарда да оның мақалалары жиі жарияланып тұрады. Сөз жоқ, Пол Брэгг біз үшін аты аңызға айналған тұлға. Алайда сол аңыздың астарында ақиқат бар ма?

 

Бірінші аңыз: «95 жасында қайтыс болған»

 «Ашығудың құдіретін» алғаш рет орыс тіліне аударып, оны КСРО-ға таратқан Стив Шенкман Пол Брэгг туралы ел арасында мынандай аңыз таратып жіберді. «Пол Брэгг 1976 жылы желтоқсанда 95 жасында қайтыс болды. Ол өз ажалынан өлген жоқ. Қаза тосынан келді. П.Брэгг өзінің сүйікті ісі теңіз бетінде су шаңғысымен (серфингпен) серуендеп жүріп, алып толқынның астында қалды»

Алайда АҚШ-та Пол Брэггтің жасына қатысты тың деректер табылды. Оған қарағанда П.Брэгг 1895 жылы Индиана штатының Бэйтсвилль қаласында дүниеге келген және 1976 жылы 81 жасында қайтыс болған. Ал,  Пол Брэг өз еңбектерінде 1881 жылы Вирджинияда дүниеге келген айтып келген болатын. Арада 14 жас айырмашылық бар. Егер әскерге ертерек бару үшін адам өзіне 1-2 жасты қосып алса түсінуге болар еді, ал бақандай 14 жасты қосып алуды немен түсіндіруге болады? 

Жарық дүние есігін 14 жыл ерте ашу идеясы шамасы Пол Брэггке отызыншы жылдары, ол өзінің сауықтыру лекцияларын оқып, тек табиғи тағамдарды шығаратын «Bragg Live Foods» компаниясыны негізін қалаған кезде туса керек. Яғни, өзін әлдеқайда жас етіп көрсету Пол Брэггке тек табыс табу мақсатты қажет болған сияқты. Және бұл өте табылған ақыл болды. Өзіңіз ойлап көріңізші, жасы 49-да бірақ 35-тегі жігіттей күлімдеп тұрған данышпанның айтқанына бұдан кейін кім сенбесін.

 

Екінші аңыз: «Су шаңғысымен серуендеп жүріп...»

Екінші аңыз «Пол Брэгг 95 жасында теңіз бетінше су шаңғысымен серуендеп жүріп, алып толқынның астында қалып қайтыс болды»

95 жастағы қарттың су бетінде жас жігіттерше шаңғымен серуендеп жүргенін көз алдыңызға елестетіп көріңіз.  Ақылға қона ма? Жоқ. Пол Брэгг мұны қайтыс болған 81 жасында да жасай алмаған. Куәгерлердің айтуынша, қайтыс боларына санаулы сағаттар қалған кезде, яғни 1976 жылдың 7 желтоқсанында ол теңіз жағалауында тұрып, алыстан су шаңғысымен серуендеп бара жатқан жігітке қарап тұрыпты. Кенет П.Брэгг жігіттің суға құлап, қатты мертіккен көрген. Соған қатты қайғырды ма, кім білсін артынша оның жүрегі сыр беріп, Флорида штатындағы Майами-Бичтегі ауруханаға жеткізілген. Ол осында ұзамай жан тапсырады. Бұл кезде оның жасы жоғарыда айтқанымыздай 95-те емес 81-де болатын. Дәрігерлер оның  жүрек талмасынан қайтыс болғанын анықтайды.

95 жаста су шаңғысымен серуендеп жүріп қайтыс болғаны туралы аңыздың тууына әрине, Пол Брэггтің қатысы жоқ. Мұны шығарған оның жолын қуушылар, ол негізін қалаған компанияның мұрагерлері болса керек. Сондай-ақ, «қайтыс болғаннан кейін Бреггтің ағзасын тексерген ғалымдар оның терісі мен ішкі мүшелерінің жас баланікіндей балғын да, тың екенін анықтады» деген негізсіз әңгімені таратып жібергендер де белгісіз қалып отыр.   

 

Үшініш аңыз: «Бала кезінде арушаң болған»

 Кейбір сарапшылар Пол Брэггтің еңбектерінің КСРО-да кеңе таралуын Кремльмен байланыстырады. Мұны жөнсіз дей алмайсыз. Себебі Пол Брэгг өзінің еңбектерінде ет, құс, май, қаймақ, жұмыртқа, шұжық сияқты тағамдардан бас тартып, оның орнына ашығуды, тек көкөніс пен жеміс жидекпен тамақтануды ұсынды. Кеңес басшыларына П.Брэггтің кеңесі қатты ұнап кетсе керек. Өйткені Одақта тоқсаныншы жылдары дәл осы өнімдерді өндірудің жоспары күрт төмендеп кеткен болатын.

Ал, АҚШ-та Пол Брэггтің есімі жұртшылыққа оншалықты таныс емес. Көпшілік оны өзінің сауықтыру лекциялары арқылы табыс тауып жүрген көп бизнесменнің бірі ретінде ғана білген.

Пол су шаңғысымен серуендеумен айналысты ма жоқ па, ол жағы белгісіз. Бірақ ол АҚШ-та енді ғана таныла бастаған су шаңғысын жанындай жақсы көргені анық. Өйткені Брэггтің табиғаты таңсық дүниелерді жақсы көрген. Ол өзінің еңбектерін де кісіні еліктіре түсетін осындай таңсық дүниелерді қиялынан шығарып, керемет үйлестіре білген. Мәселен...

  П.Брэгг өзінің еңбектерінің бірінде Ресейге саяхат жасағанын, сонда жасы 164-ке келген адаммен жолыққанын жазады. Алайда АҚШ азаматының қырғи қабақ Кеңес Одағына арнайы экспедиция жасап, емін-еркін ел аралады деген қисынға келе ме?  Егер болған күнің өзінде ол неге сол кездегі мерзімді басылымдарда жарияланбады? П.Брегг «саяхатты» неге Ресейге жасады? Өйткені америкалықтар үшін бұл кезде Тибет пен Таяу шығыс жұмбақ әлем болудан қалған. Ал шекарасын тас бекітіп жатқан Ресей АҚШ тұрғындары үшін расында да тылсым дүние болатын. Бұдан кейін Пол Брэггтің өте керемет менеджер болғанын мойындамасқа шараң жоқ.  

П.Брэгг өзінің өткен өмірі туралы да керемет ертегілер айта білген. Ол өз еңбектерінің бірінде бала кезінде аурушаң болғанын, туберкулезбен ауырып, Швейцариядағы ауруханада емделегенін,  ақырында ашығудың құдыретімен дертінен айыққанын жазады. Алайда Пол Брэгг бала кезінде ешқандай аурумен ауырмаған, қайта күш-қайраты бойына толысқан келісті де, сымбаты жігіт болған. Бала кезінен күреспен айналысқан. Алайда оның олипиадаға қатысқаны шылғи өтірік болып шықты. Шамасы олимипадаға қатысу да П.Брэггтің бала күннен бергі арманы болса керек.     

Айтқандай, ешқандай да медициналық білімі жоқ бола тұра АҚШ-тың қалаларын аралап, жұртты жинап, лекция оқып (лекцияға қатысу билеті әжептәуір ақша тұрған)  қыруар табыс тауып жүрген Пол Брэгг өзінің ақыл кеңестеріне өзі де оншалықты құлақ түре бермеген-ау. Өйткені кез-келген кәсіби диетолог Пол Брэггтің алпыс жасында түкен суретін көріп, оның семірудің алғашқы сатысына өткенін, кем дегенде 15 келі артық салмағы бар екенін айтып бере алар еді.

Алайда ашығудың адам ағзасына тигізер шипасы барын жоққа шығарып отырғанымыз жоқ. Ол халықтық медицинада ежелден бар. Өз заманында ашығуды ежелгі грек философтары Пифагор, Сократ, Платон да жазған. Науқастарға ашығуды Гиппократ пен Ибн Сина  да ұсынған. Қазір ашығумен емделу әдістері АҚШ-тың, Германияның, Италияның, Израилдің, Австралияның озық клиникаларында қолданылады. Білікті диетологтар ашығу дәрігерлердің қатаң бақылауында өтуі тиіс дегенді айтады. Өйткені ашығу әр ағзаға әртүрлі әсер етеді. Ұзақ ашығу адам өмірі үшін қауіпті болуы мүмкін. Сондай-ақ ашығу арқылы арықтауға болады деген де қате түсінік.

Қазір ашығумен емдейтін орталықтарды Шымкенттен де кездестіруге болады. Жалпы аурудан емделудің жолын іздегендер қай уақытта да кәсіби мамандардың ақыл-кеңесіне жүгінгені жөн емес пе? Денсаулыңыз алдымен басқаға емес өзіңізге керек екенін ұмытпаңыз. 

Мұрағаттан, 30.08.2012 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: