Елімізде жыл сайын суицидтен шамамен 8 мың адам өледі екен

Screenshot_5.jpg

Алдымен статистикалық мәліметті сөйлетейік. Суицид фактісі бойынша  Қазақстан ТМД аумағында алғашқы төрттіктің тізіміне кіреді екен.  Елімізде жыл сайын шамамен 8 мың адам, дәлірегі орта есеппен әрбір 100 мың адамға шаққанда 30-ы неліктен өзіне-өзі қол жұмсайтыны жұрт үшін шешімі табылмаған жұмбақ болып тұр. Әсіресе, әлемдік қаржы дағдарысы тығырыққа тіреген тұста әр алуан себеппен қарызданып, қауғаланғандардың  талайы ажалға мойынұсынудан өзге амал таппағандары өкінішті-ақ. Алайда жұртты үрейлендірген жұмбақ ауруды  тек әлеуметтік қиыншылықпен байланыстыру қисынсыз. Өйткені өліміне суицид себеп болғандардың ішінде  тұрмысы бақуат отбасылардың адамдары да аз емес. Ең сұмдығы сол суицид құрғырдың құрығына балалық ойыннан басқаға онша бас қатыра қоймайтын бастауыш сыныптың оқушыларына дейін кездесуі айрықша алаңдатарлық-ақ жайт. 

 Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында өрімдей жастардың 15-і  өз-өзіне қол жұмсап, өмірімен қош айтысуы халықтың бойына әжептеуір қорқыныш ұялатып тастады. Ол аздай биыл дәл осы ауданда 6 бірдей мектеп оқушысы ажалына асыққан. «Жергілікті тұрғындар ұлын үйлендіріп, қызын ұзатқанда қан тазалығын сақтамауы психологиялық ауытқуларға апарып соғуда». Өзге өңірлермен салыстырғанда Сайрам ауданында суицид жиі қайталанатындықтан осындай пікір айтып жүргендер де бар. Бірақ бұл да психологтар жан-жақты кеңесіп барып кесіп-пішілген, ресми расталған кесімді пікір, дерттің сырын ашатын нақты диагноз емес.  Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы құзырлы мекемелердің суицидке қатысты деректері әрқилы. Айталық, білім басқармасының ақпаратына сенсек,  былтыр  суицидтен 27 жасөспірімнің жарық дүниедегі талқаны таусылса, құқық қорғау органдарының дерегінде   бұл көрсеткіш екі есе көп. Биылғы 10 айда  суицид тағы 40 жасөспірімнің түбіне жеткен. 

Суицидтің шырмауынан шыға алмай қалғандар жайлы  жүргізілген  зерттеулерге жүгінсек, олардың көпшілігі отбасында, мектепте немесе жұмыс орнында айналасындағы адамдармен қарым-қатынас жасағанда  ешқандай қарама-қайшылықтар, келіспеушіліктер туындай қоймаған. Қылмыстық топтар мен діни секталар тарапынан әсер еткен әркеттер де әшкереленбеген. Психолог мамандардың ізденісі мен іскерлігін күшейтудің де шапағаты шамалылау болып тұр. Соңғы онжылдықтағы әлемдік көрсеткішке көз салсақ, әсіресе жасөспірімдердің суицидке баруы 3 есе көбейгені көп жайтты аңғартпай ма?  Сонда өлімге құштарлықтың құпиясы неде? Әлде, шынымен-ақ   облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің мамандары айтқандай «суицид тақырыбын талқылау, алқалы жиындарда ашық әңгімелер қозғау романтикалық сезімге әуес жандарға теріс әсерін тигізбесе, көмектеспейтіндігіне» келісуге бола ма? Құқық қорғау органдары да осындай себеппен суицид туралы сұраған фактілерді беруден бас тартқандары қаншалықты дұрыс, қаншалықты бұрыс?  «Жауырды жаба тоқып», жантүршіктірерлік фактілерді жасырып, жапқанша ұрпақты аман сақтап қалатын, ұлттық тәлім-тәрбиеге  негізделген арнайы бағдарлама әзірлеуге неге жанталаспаймыз? Санаға сіңірудің жолын таба білсек, иманды тәрбиенің діңгегі ислам дінінде өз-өзіне қол жұмсау екі дүниеде де кешірілмес күнә екені терең айтылған емес пе? 

Сіз не дейсіз? 

Бақтыбек  Танакөзов, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары, суицидке байланысты құрылған арнайы комиссияның төрағасы:

 - Суицид фактісі азаймауының бірнеше себебі болуы мүмкін. Бүгінде жастар өмір сүруге  бейімсіз сияқты. Болмашы бір қиындыққа да төзе алмай, өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін. Кім білсін, жастардың суицидке баруының бір себебі кезіндегі  ауыспалы экономика мен дағдарыстың қиындығында жатуы да ықтимал. Тоқсаныншы жылдарда елде жаппай жұмыссыздық белең алып, жұрттың барлығы күнкөрістің қамымен көше, базар кезіп еді. Мұның барлығы жүйкенің тозуына әкеліп соғады. Бәлкім, сол кезеңде болған  үлкен стресстің салдары ендігі ұрпақтың психологиясына кесірін тигізуі мүмкін. 

Тағы бір болжам– психикалық ауру. Суицидке ұрынғанымен ажалдан аман алып қалудың сәті түскендердің кейбірі көзіне ақ киім киген ақсақалды қария көрініп, өлімге итермелегенін айтады. Бұған байланысты денсаулық сақтау саласының мамандары мен психологтар бағасын беруі керек. Әзірге  осының құпиясын ашатын нақты тұжырымды ешкім айта алмай отыр. 

Рахима Зұлыпхарова, Оңтүстік Қазақстан облыстық балалар құқығын қорғау департаменті директорының орынбасары: 

- Осыдан бірер  жыл бұрын жасөспірімдер арасында «рахаттанып өлу» ұғымы  кең тарай бастады. Тіпті интернетте оның тәсілін көрсетіп, жан-жақты жарнамалаған роликтер орналастырылды. Жоғарғы қабаттан секіріп, қалықтап ұшып келе жатқан жасөспірімнің бейнесі арқылы  өлімнің қандай рахат екені насихатталды.  Мұндай «жарнама» балалардың санасына қатты әсер етеді, олар еліктей бастайды. Әйтеуір, осындай өте қауіпті де сұмдық интернет роликтерге  әрең тосқауыл қойдық. Жалпы, менің пікірімше, жеткіншектер суицид тақырыбына байланысты ештеңе көріп, естімегені абзал. Бұл тақырыптағы кез-келген ақпаратты шектеген жөн. Есесіне балалардың өмірге деген құштарлығын арттыруға, өмір сүрудің кереметін жан-жақты түсіндіруге барынша күш салуымыз қажет. 

Үрмет Әлмаханбетұлы, Сайрам ауданының орталығы   Ақсукентте тұратын емші:

- Психологтардың өлімге құштарлықтың құпиясын ашамыз деуі бекершілік.  Өз-өзіне қол жұмсау - құпия әрі киелі ауру. Ол құпияның жауабын тек Құраннан іздеу керек. Ауруға шалдыққандар бір жылға жуық уақыт қалыпты өмір сүріп  жүре береді. Сабағына барады, тамағын ішеді. Сырттай ештеңе байқалмағанымен, баланың ойы, психологиясы мүлдем басқа жақта болады. Мұндай өзгерісті отбасы мүшелері аңғармай да қалады. Аурудың киесі болады. Айталық, бір адам асылып өлсе, сол көшеде осындай қайғылы оқиғаның  қайталануы әбден мүмкін. Мәселен, Қаратауда бір көшенің 5 тұрғыны асылып өлген. Алды 8 жасар бала, үлкені 30 жасар азамат ажал құшты. 

Мұрағаттан, 08.12.2011 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: