Археологтардың айтуынша Шымкент 2200 жылдан бері бар

Screenshot_6.jpg

Шымкент қаласы қай уақытта пайда болды деген  сауалға әлі күнге нақты жауап жоқ. Ресми тарих бойынша  Шымқаланың  ғұмыры ХІV ғасырдан басталады. Алайда  «Шымкент  кем дегенде бұдан 2200 жыл бұрын пайда болған» деген елең еткізерлік болжамды алғаш рет 2003 жылы жергілікті археолог-ғалым Бауыржан Байтанаев жасаған еді. Облыс орталығының көне орнында қазба жұмыстарын жүргізген архелог бұған нақты дәлел таптық деген. Сол жылдары қала әкімдігі «Шымкент қалашығының» орнын консервациялап, ашық аспан астындағы мұражайға айналдыруға да уәде еткен. Алайда одан кейін басшылары ауысып, бұл  жұмыстар аяқсыз қалған.

Осы аптада «Оңтүстiк» ақпарат орталығында Шымкент қаласы әкiмiнiң орынбасары Бахадыр Нарымбетов, Ұлттық ғылым академиясының академигi,  тарих ғылымдарының докторы, профессор Карл Байпақов, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының  ғылыми қызметкерi А.Грищенко, қалалық мәслихаттың  депутаттары Ғани Ташқараев, Нұрғазы Бұқарбаев  баспасөз мәслихатын өткiзіп, Шымкенттің жасын анықтауға қатысты қазба жұмыстарының жалғасын мәлім етті. 

Карл Молдахметұлының айтуынша, Шымкенттің көне тарихына қатысты мәліметтер  жазбаша деректерде өте сирек ұшырасады. Сондықтан қаланың нақты жасын анықтау үшін қазба жұмыстарын кең көлемде жүргізу қажет. Ғалымдар бұған 15 миллион теңге кететінін мәлім етті. Бұл жұмыстарға  Англиядан, Франциядан, көршiлес Өзбекстаннан да ғалымдар шақырылмақ.  Баспасөз мәслихатындағы әңгімелерге қарағанда, қала басшылары ғалымдардың ұсынысын аяқсыз қалдырмайтын сияқты. 

Жалпы алғанда Шымкент қаласы қай уақытта пайда болды деген мәселеге ғалымдардың айтып жүрген болжам, пікірлері әртүрлі. Археологтар «Шымкент қалашығынан» тапқан олжаларына қарап, қала кемінде осыдан екі мың жыл бұрын пайда болды дегенді алға тартады. Бұған негіз де жоқ емес. Біріншіден, сулы, нулы, сылдырлап аққан Қошқар ата сияқты таза бұлағы  бар Шымкент ежелден-ақ тіршілік үшін қолайлы мекен болған. Екіншіден, Шымкент Ұлы жібек жолы сауда керуенінің бойында жатты. Мұндай  жерде қалалық мәдениеттің, сауда-саттықтың дамуы заңды. 

Қаланың қазіргі орнында біздің жыл санауымыздан 500 жыл бұрынғы сақ қорғанындарының іздері жақсы сақталған. Аталған қорғандардан қола дәуіріне тән бұйымдар табылды. 

Ал, көне қаланың орнындағы мәдени қабаттардың қалыңдығы 14 метрді құрайды. 2003 жылғы архелогиялық жұмыстар кезінде ол жерден біздің жыл санауымызға дейінгі 2 ғасырға жататын кермикалық бұйымдарды  тапты. Шымкенттің  жасы 2200 жыл деген болжамға осы жәдігелер себеп болған еді. Табылған қыш бұйымдарды зерттеген ғалымдар олардың қазіргі Самарқан қаласынан табылған жәдігерлермен ұқсастығын анықтаған. Яғни бұл Шымкенттің сол дәуірдегі Орта Азиядағы мәдениеті дамыған қалалармен тығыз байланыста болғанын аңғартады. 

Тарихшы--деректанушылар  629 жылы  Орта Азия елдері арқылы өткен қытай монахы Сыма Цяннің жазбаларын зерттей отырып, Шымкенттің ортағасырлардағы атауы Неджикет (араб тілінен аударғанда «жаңа қала» деген мағынаны береді) болуы мүмкін дегенді айтады. Мұны өзге де тарихи деректер қуаттай түседі. Мәселен, сол кездегі Ұлы жібек жолының бойындағы гүлденген қалалардың бірі Испиджаб (Сайрам) қақпаларының бірі Неджикет деп аталған. Кейіннен ол «Шымкент қақпасы» деп аталған. 

VІІІ ғасырдан бастап Қазастанға ислам дінін тарату мақсатында араб жаулаушыларының келгені мәлім. Ал бұдан кейін бүкіл Орта Азия аумағында ислам мемлекеттері құрылды. Исламның келуімен бірге сауда-саттық, ғылым дамып, Орта Азияның қалалары өзінің нағыз гүлденгенін дәуірін бастан өткерді. Шымкент те осы тарихи оқиғалардан шет қалмаған. Өйткені қаланың мәдени қабаттарын қазу барысында мұнда VІІІ-ІХ ғасырлардағы шапқыншылықтың, дәлірегі үлкен өрттің болғаны анықталған. Яғни, қалада сырттан келген жаулаушыларға қарсы белсенді күрес, қиян-кесті шайқастар жүрген. Бұл мәліметтер Шымкенттің сол кезде-ақ сырт көз қызығатындай, маңызы қалалардың бірі болғанын айғақтайды.  Бұдан кейінгі жылдары да қаланың аумағы бұрынғыға қарағанда кеңейе түскен. 

Алайда, отырықшылық мәдениетке қолайлы жағдай, бейбіт заман да ұзаққа созылмаған. Өйткені Шыңғысханның Орта Азияға жасаған жорығы туралы жазбаларда, деректерде Шымкент туралы ештеңе айтылмайды. Шамасы монғол шапқыншылығы Қазақстандағы көптеген қалалар сияқты Шымкенттің де дамуына елеулі түрде кері әсер еткен болуы мүмкін.  Қала тек араға бір жарым  ғасыр салып барып 1366 жылы Әмір Темірдің жорықтарын жазып отырған Шараф-ад-Дин Йездидің «Зафар-намасында» ұшырасады. Тарихшы Моғолстанға жорыққа аттанып бара жатқан Әмір Темір әскерінің «Испиджабқа жақын орналасқан Чемегень» деген қонысқа кез болғанын  жазады. Бұл Шымкент туралы табылған ең көне жазба дерек болып саналады.

ХVІ ғасырдан бастап Шымкент Қазақ хандығының құрамындағы Ташкент әміріне бағынған. Өкінішке қарай, бұл дәуірдегі Шымкент туралы тарихи жазба деректер де жұтаң. 

Ғалымдар қаланың қарыштап дамуы ХVІІІ ғасырдан басталған дейді.  1735 жылы ол орыс дерекнамасына Ұлы жүз ханының қол астындағы  «Чимин» деген атаумен енген. Ол кезде қалаға халық негізінен Отырар, Түркістан, Сайрам  қалаларынан келіп қоныстанғанға ұқсайды. Бұл деректер де шындыққа жанасады. Өйткені көне жазбаларға қарағанда, ертеректе қала халқы арасында Шымкентте Ахмет Ясауидің туысы Баба-Дәуіріштің жерленгені туралы аңыз сақталған. 

1813 жылы Ташкентке кетіп бара жатқан Сібір корпусының тілмашы Филипп Назаров Бадам өзенінің бойында орналасқан Шымкент қаласының сулы жер екенін, қаланың қорғаны шикі кірпіштен қаланғанын, диірмендердің бар екенін суреттеп, онда шамамен 700-ге жуық үй барын жазыпты. 

ХІХ ғасырда Шымкентті  қоқан хандығының жаулап алғаны белгілі. Алдымен Ташкентті бағындырған Әлім хан қалың қолымен Шымкентті қоршауға алған. Сырттан келер көмектің жоқтығына қарамастан қала халқы белсенді қарсылық көрсетіп, 20 күн бойы берілмеген. Зұлым басқыншылар ақыры қорғанысты бұзып, қала халқын аяусыз қырғанға ұшыратқан. 

1821 жылы Тентек төре басқарған қазақтар қоқан хандығына қарсы көтеріліске шығып, Шымкент пен Сайрамды азат етеді. Алайда бұл азаттық ұзаққа созылмады. Бірақ қоқан хандығының ауыр езгігіне қарсы күрес толастамаған. ХІХ ғасырдың елуінші жылдарында Ұлы жүз қазақтары Шымкентті азат етуге  қарсы жорыққа шыққанымен, мықты бекінген қоқандықтарды жеңе алмайды. 

Шымкент қоқан хандығына ірі мөлшерде салық төлейтін қалалардың бірі болған. Тарихи деректерде қала халқының қоқан ханына жылына 80 мың күміс теңге төлеп тұрғаны айтылады. 

Шымкент орыс отаршылдары үшін Орта Азияның қақпасы саналатын. Оны  бағындырып, Орта Азияға ену үшін 1864 жылдың қыркүйегінде Шымкентті Черняев әскері тікелей шабуыл арқылы алды. Осылайша жергілікті халық қоқан езгісінен құтылып, орыс отаршылдығының қамытын киді. Шымкенттің алынуымен Қазақстан тарихындағы ең маңызды кезең Қазақстанның Ресейге қосылуы толығымен аяқталады. 

1897 жылы қалада алғаш рет халық санағы өтіп, Шымкент тұрғандарының саны 11 мыңға жуық екені анықталған. Ал Тәуелсіздік алғанға дейін шымкенттіктердің саны ресми мәлімет бойынша 400 мыңнан асқан. Қазақстанда үшінші қала мәртебесін алған Шымқала халқының саны таяу жылдары миллионға жетеді деген болжам бар.  

Мұрағаттан, 20.10.2011 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: