Ханбибі Есенқараева, ақын:
«1991 жыл. Қырғызстанның Ош қаласында Құрманжан датқа деген қырғыз ханшасының мерейтойы өтті. Сол тойға Оңтүстік Қазақстан облысынан екі адам делегат ретінде шақырылдық. Бірі - мен. Екіншісі, облыстық атқару комитетінің хатшысы. Шынын айту керек, бұған дейін Екартерина, Элизавета деген орыстың қатын патшаларын білетінбіз. Ал Шығыс халқынан шыққан, оның үстінен қырғыз бауырларымыз ұлықтаған ханшаның тойы көңілімізге ерекше бір мейрам орнатқандай болды. Жан -жақтан қонақтар келгенде белгілі ғой, оларды әрі-бері алып жүретін бір адамды бекітіп қоятыны. Маған бектілігені Қырғызстанның арақ-шарап зауытының директоры Алтынай Сулайманова деген келіншегі екен. Алтынай деген қырғыздың мөлдіреп тұрған қызы. Өзі басшылық ететін зауытта 10 мыңдай адамды басқарады әйел болса да. Осыдан-ақ оның мықтылығын байқай беру керек шығар. Алтынай тек шенеунік ғана емес, жүрегі жұмсақ, көзінен сағынышы төгілген, мейірімді, бауырмал, сондай бір әдемі қыз болып көрінді маған. Ошта 3-4 күн болдық. Бір-бірімізге бауыр басып қалыппыз, қайтатын кез жетіп, қоштасып жатқанда көзінде Алтынайдың көзіне мөлтілдеп жас келіп қалды. Жалпы біздің табиғатымыздағы жоғалтқан нәрсеміз біреуді жақсы көру, қоштасарда көзге жас алу. Қазіргі заманда сирек кездесетін адами қасиеттер. Содан Шымкентке дейін 12 сағаттай жол жүрдік машинемен. Жол бойы Алтынай көз алдымнан кетпеді. Қимас туысыммен қоштасқандай сезімде келе жаттым. Ыстық та ізгі сезімдерге толы қимастық осы сапарда өлең жолдарына айналған-ды сол жолы.
Алтауың айналып,
Ош аспаны ойланып.
Әлем бір сәт қалғандай,
Кірпігіңе байланып.
Алатаудың маралы,
Жұлдыздайын жоғары.
Алтын сенің садағаң,
Алтыннан да бағалы,-деген тіркестер өмірге келді....»
Құралай Сәтмұхамбетова, сазгер:
«Бір жолы іссапармен Созақ ауданына бардық. Арнайы бөлінген автобустан ақын Ханбибі Есенқараева екеуімізге қатар орын тиді. Жолай ол Алтынай деген құрбысы бар екенін, оны сағынып жүргенін айтты. Оған арнап жазған өлеңін де оқып берді. Содан Созақта болған 1-2 күнде белгісіз бір әуен ыңылдап көкейден кетпей қойды. Негізі қыздарға арналған мәтін болған соң ба, әлде табиғатымыз ортақ нәзік жаныдалар болған соң ба ән тез жазылды. Бір аптаның ішінде өңделіп, әрленіп, дайын болды. Бірақ шынын айту керек ол кезде Ханбибінің суреттеуінде болмаса қырғыздың Алынайымен танысқан жоқ болатынмын. Сондықтан да өзім іштей әнші Алтынай Жорабаева, иллюзионист Алтынай Байтоқанова секілді ұлттық рухымызды мықты ұстаған қазақтың Алтынайларын көз алдыма елестетіп отырып, соларға арнап жаздым. «Алтынай» әнін алғашында Жұбаныш Жексенұлы, Рамазан Стамғазиева, Гүлмайдан Сүндетова орындады. Бірақ әннің бағын ашқан Ұлықпан Жолдасов, ал әншінің бағын ашқан «Алтынай» екенін бүгінде біз ғана емес көпшілік айтып жүр. Іңкәрілікке толы жыр шумақтары мен сазды әуен қазақ пен қырғыз аялаған һәм қастерлеген қыздардың бірі-біріне деген назы, достығы, қимастығы мен іңәр сезімдерінің көрінісі іспетті. 1990 жылдардың басында көпшілік қосыла шырқаған «Алтынай» осылайша ретро әндердің біріне айналып кете барды.
oinet.kz мұрағатынан