Қазақстанда халық санағы 2019 жылдың қазаны мен 2020 жылдың наурыз айлары аралығында өтеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов Парламент Мәжілісі кулуарында мәлімдеді деп хабарлайды Baq.kz
«Халық санағы өтетін нақты мерзімді айта алмаймыз. Биыл қазанға жоспарладық. Бірқатар себептерге байланысты 2020 жылға ауыстырдық. Бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр. Үкімет соңғы шешімді қабылдайды. Нақты мерзімді айта алмаймын. Уақытын жылжыту сайлауға қатысы жоқ. Бір себебі ол практикада халықтың мобильділігі төмен кезде санақ жүреді. Ол – күз бен қыс кезеңі. Жазда еңбек демалысы көп, көктемде де, күз басында да даладағы жұмыстар жүреді. Қазан мен наурыз аралығы қолайлы», - деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, халық санағы ТМД елдер президенттерінің шешімі бойынша 2019 жылдың қазаны мен 2020 жылдың наурызы айларының аралығында өтпек.
«Біз осы мерзімге сәйкес келеміз деп ойлаймыз. Үкімет шешім шығарғаннан кейін жұмыстарды жалғастырамыз. Бірқатар мәселеге байланысты 2020 жылға ауыстыру туралы ұсыныстар келді. Ешқандай саяси астары жоқ», - деп айтты Айдапкелов.