Аңыз адам: Қажымұқан

20171118132156532_big-1000x700.png

Көзі тірісінде-ақ дала батыры атанған, ерекше жаратылыс, ерен күш иесі қазақ даласының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің, мұсылман қауымының даңқты тұлғасы Қажымұқанның туғанына алдағы сәуірде 140 жыл толады. Күш атасы туралы аңызға бергісіз қаншама кітаптар жазылып, фильмдер түсірілсе де алыптың әлі де танылмаған қырлары, ашылмаған құпиялары жетерлік.

Қажымұқанға деген елдің ықылас-пейілі қашанда алабөтен. Әсіресе, мұндай ниет Оңтүстік жұртшылығында басым. Батыр атаның атымен бүгінде облыста орталық стадион, елді мекен, көше, мектеп тағы басқа да нысандар аталады. Ал, Темірланда Қажымұқан атындағы мұражай жұмыс істеп келеді. Келер жылы бұл мұражай да өзінің он жылдығын атап өтпек. Атақты балуан туралы мәлімет іздеген біз осы шаңыраққа арнайы ат басын бұрған едік.

Алып анадан туады

Қажымұқанның туған жері туралы мәліметтер біркелкі емес. Ресми деректерде оның Ақмола облысының Қараөткел деген жерінде дүниеге келгені айтылады. Алайда Қажымұқан мұражайының қызметкерлері «Палуан атамыз қазіргі Отырар ауданының Шілік ауылында дүниеге келген» дейді. Мұны айтып отырған осы мұражайда істейтін Перизат Қажымұқанова. Перизат батырдың туған немересі.

--Атамыз дүниеге келген соң әкесі Мұңайтпас ағайын-туыспен араздасып, бір түнде Ақмола жаққа көшіп кеткен екен. Кейіннен құжаттарда оның туған жері Ақмола облысы деп жазылып кеткен,--деді ол. Қажымұқанның төрт әйелінен тараған ұрпақтар бүгінде Ресейдің Омбы облысында, Көкшетауда, Қызылорда және Шымкент қалаларында тұрады.

Алып анадан туады. Соңғы жылдары табылған деректерге қарағанда, Қажымұқанның шешесі Кәбира келін болып түскен соң үш жыл құрсақ көтермепті.  Бұл енесі Айсарыны уайымға салады. Сондай күндердің бірінде кейуана бір күнде із-түссіз жоғалған. Ауылдастары оны өзенге батып кетті ме деп қауіптенген екен. Ал, бұл уақытта Айсары бірнеше күншілік жердегі «Дәрілі қорымына» жаяу барып, келініне шипа болар деген үмітпен дәрілік шөп алып келген. Ол сол шөпті келініне он бес күн бойы ішкізіп, содан Кәбира құрсақ көтерген. Бірақ тағдырдың дегеніне не шара, шекесі торсықтай Мұқанды дүниеге әкелген Кәбира араға үш күн салып о дүниелік болған. Сондықтан Қажымұқанға ана орнына ана болған әжесі Айсары. Қажымұқан өз естеліктерінің бірінде «Менің өмірімді жазғанда анам Айсарыны қалдырма. Менің өрбіген өмірімді, тасыған қайратымды берген сол адам. Мен оның Қап тауындай биік, күннің шуағындай жылы мейірбандық еңбегінің тозаңын да өтегенім жоқ. Мені білгісі келген адам менен бұрын соны білсін. Онан басқа кісі мені асырап кемеліме келтіре алмас еді» деп өсиет еткен екен.

Төрт медалдің тарихы

Қажымұқанның әкесі Мұңайтпас та қара күшке келгенде қара жаяу болмаған. Қара қыпшақ Қобыландының ұрпағы. Жалпы бұл әулетте қолына найза ұстап, елін қорғаған батырлар көп шыққан. Үшінші  атасы Шәді Абылайдың ақ туының астында жауға шапса, одан бергі атасы Ернақ та халқына қалқан болған тұлға. Өз заманында Ернақ Айсарының әкесі Лұқпенмен үзеңгі қағыстырған дос болған екен. Екі батырдың достығы соңынан құдалыққа ұласқан.

Мұңайтпас жас кезінде балуандығымен аты шыққан адам. Ауылдастары арасында оның Жуанаяқ деген лақып аты да болған. «Сол әкем өмірі жалшылықта жүріп, кедейшілік қамытынан ажырамаған күйі дүниеден өтті» деген екен Қажымұқан өз естеліктерінің бірінде. Бұл 1914 жылы. Бар-жоғы жиырма жасында Мәскеуде өткен жарыста жеңімпаз атанып, атағы бүкіл Ресейге жайылған, араға төрт жыл салып Киевте әлем чемпионы атанып, өмірінде талай дүбірлі додалардан 48 медал алған Қажымұқан әкесінің әл үстінде жатқанын Эстонияда жүріп естіген екен. Содан елге қайтуға ақшасы жоқ ол атақты палуан Шульцтен ақша алып, елге аттанған. Ақшаның қайтарымына кепіл ретінде  жарыстардан ұтып алған медальдарын қалдырады.  Сол медалдар араға 90 жылдан астам уақыт салып елге оралды. Оның оралуы да қызық. Шульцтің әулетінде сақталған күмістен құйылған медаль-ордендер әлдебір себептермен  Санкт-Петербургтен бір-ақ шыққан. Санкт-Петербургте өткен аукционда оны Қажымұқанның өмірін зерттеуші ғалым Әлімқұл Бүркітбаев сатып алған екен. Мұражайдың төрінен орын алған осы орден-медалдарды Қажымұқанға мынандай жетістіктері үшін берілген: біріншісі «Алтын күн мен арыстан» парсы орденін парсы палуаны Маршрутпен күресіп жеңгені үшін парсы патшазадасы табыс еткен. Екінші орденмен  жапон палуаны Саракикимен күресте жеңіске жеткені үшін марапатталған. Мұнысы «Қайырымдылық» ордені. Үшіншісі 1913 жылы Қажымұқанның Вильнюста өткен әлем чемпионатында ұтып алған медалі. Ал, төртіншісі белгі-медалды Қажымұқанға 1912 жылы Варшава мұсылмандары сыйға тартқан екен. Бұдан бөлек мұражайда Польша королі Сигизмундтың атындағы жүлдені қатарынан 4 рет жеңіп алғандығы туралы белгі жапсырылған Қажекеңнің қайыс белдігі сақтаулы тұр.

Қажымұқан көтерген тас

1941 жылы ел басына күн туған шақты Қажымұқанның арбаменен ел аралап, өнер көрсетіп, одан жиылған ақшаға әскери ұшақ жасатқаны мәлім. Амангелді Иманов атындағы ұшақ қазақ ұшқышы Қажытай Шалабаевқа табыс етілді. Батырдың киесі шығар,  ұшақ 120-дан астам жауынгерлік тапсырманы орындаған. Бүгінде сол ұшақ Ресейдегі аспан асты мұражайында тұрған көрінеді. Ал, мұражай ауласына осы ұшақтың макеті орналастырылған.

Мұражайда Қажымұқан өмірінің осы бір жылдарынан қалған бір жәдігер сақтаулы. Ол--салмағы 350 келі тартатын кір тасы. Тас мұражайға осыдан 2-3 жыл бұрын Түлкібас ауданынан әкелінген. Оны кезінде түлкібастықтар Қажымұқан келеді деген соң палуанға арнап арнайы жасатқан екен.  Білетіндердің айтуынша, Қажымұқан осы тасты қиналмай көтеріп, өзінің өнерін тамашалаған жұртты таңқалдырған екен.

350 келілік тасты қиналмай көтерген палуанның жасы бұл кезде жетпістен асып қалған...

Ордабасы ауданының орталығы Темірландағы орталық стадион да Қажымұқан есімін иеленген. Осында жыл сайын күш атасының құрметіне қазақша күрестен дәстүрлі жарыс өтеді. Аталған жарыста түйе балуан атанып, бәйгеге «темір тұлпар» мінген талай жас спортшы халықаралық додаларда топ жарып, ел мерейін үстем етті. Батыр бабамыздың бейіті де осы Темірланның іргесіндегі Қажымұқан ауылында. Әлемдік деңгейдегі талай байрақты жарыстарға аттанған спортшылар баба басына барып,  батасын алуды дәстүрге айналдырған. Бәлкім, осындай жақсы ниетпен аттанған боксшыларымыздың, балуандарымыздың әлем, Олимпиада чемпионы атануы да баба әруағының қолдағаны шығар. Өйткені тек жеңіс тұғырынан көріну қашанда бағы басым Қажымұқанға тән қасиет емес пе?!

   Мәссаған!

Бабышев кім? Қажымұқан кім?

Көшеге атасының атын беру оңтүстікте сәнге айналғалы қашан.  Атағы ауыл шеңберінен шықпаса да көшеге атасының есімін беру үшін базбіреулер ұлтымыз қастерлеген тұлғаларды да сырып тастаудан тайынбайды. Естіген елден ұят тірлік Мақтаарал ауданында орын алған.  Атакент поселкесінің  тұрғындары күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы көшенің тұтас ел-жұртқа белгісіз Мыңжасар Бабышевке беріліп кеткенін 9 жылдан кейін барып бір-ақ білген. Сонау 2000 жылы шешім шығарған шенеуніктер халықтың шу шығаратынынан сескеніп, бұл жайтты жасырып келіпті.  Шындық былтыр анықталды. Даңқты бабамыздың есімі алынып тасталып, белгісіз біреудің төрге озғанын білгенде ауыл тұрғындары ашу-ызаға булықты. Бабышев кім, Қажымұқан кім? Ауылдың бір топ ардагерлері мұндай әділетсізідкке мойынсұнбай, ақпарат құралдарында мәселе көтерді.  Билік өкілдерінен бұл келеңсіздіктің жойылуын үзілді-кесілді талап етті. Көшеге Қажымұқанның есімін қайтару үшін тіпті облыс әкімінің араласуы да қажет болды. Тек жоғарыдан тапсырма түскен соң  ономастикалық комиссия жиын өткізіп, нәтижесінде көшеге  Қажымұқан есімі қайтарылды. 

Оinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: