Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед ҚазТАГ-тың тілшісіне туған қыздары туралы бір қыдыру мәлімет беріпті. Министрдің Құдай берген 4 қызы бар екен. «Мен бұрын-соңды отбасым туралы ешкімге мәлімет бермеуші едім, -- депті өз сөзінде Мұхтар Құл-Мұхаммед. Осы жолы қыздарым туралы әңгімелеуді жөн көрдім. Менің екі үлкен қыздарым қазақ мектебінде білім алып, соңғы сыныптарды Швейцарияда бітірді. Сосын екеуі де Американың университеттерінде жоғарғы білім алып, бүгінде елге оралып, өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жатыр. Үшінші, төртінші қыздарым 9-сыныпқа дейін қазақша оқып, соңғы сыныптарды ағылшын мектептерінде тәмамдады. Қазір біреуі GeorgeWashingtonUniversity-інде, екіншісі Гарвард университетінде оқуын жалғастырып жатыр. Егер қазақ мектептері сапасыз білім берген болса, менің қыздарым осындай дәрежеге жетер ме еді?!»
Мұнымен Мұхтар Құл-Мұхаммед не айтқысы келді? Бұл министрдің мақтанғаны ма, жоқ, ақталғаны ма? Әрине, перзенттерінің тілін қазақша шығарып, алғашқы сыныптарда ана тілінде білім бергені үшін атасына мың да бір рахмет. Бірақ, 4 қызының да соңғы сыныптарды шет тілдік мектептерде бітіргені министрдің қазақ мектептеріндегі білімнің төмен екенін, таза қазақ мектебін бітірген балалардың болашағы бұлыңғыр екенін іштей мойындап, ақталғаны ма, қалай өзі?! Жоқ, әлде бұл үш тұғырлы тіл саясатын жарнамалаудың жаңаша бір үлгісі ме? Сонда жұрттың бәрі балаларын соңғы сыныптарда ағылшын мектебіне ауыстыруы тиіс пе?
О заманда, бұ заман, «министрдің ұл-қызы оқуға түсе алмай қалыпты» дегенді естімеп едік. «Күштінің арты диірмен тартады» деген, қайбір жылдары «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге кеткен балалардың басым бөлігі үлкен лауазымды шенеуніктердің перзенттері екенін ақпарат құралдарының бәрі жазды. Сондықтан министрдің қыздары шетелге оқуға түсті екен деп, қазақ тілді білім ошақтарының жағдайы жақсы, өте жоғары деңгейде білім береді деп тұжырым жасау әлі ерте сияқты.
Мұрағаттан, 2010 ж