Шымкенттің тарихына қатысты тың деректер табылып жатыр

Screenshot_7.jpg

Соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында  көне қалалардың тарихын зерттеуге бағытталған біршама игі шаралар атқарылуда. Сол игі шаралар негізінен мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқаны белгілі. Мәселен, осы бағдарлама бойынша көне Шымкент қалашығында қазба жұмыстары жүргізілді. Негізгі қазба орны Шымкент шахристанның  оңтүстік-шығыс беткейі болды. 

Мемлекет басшысы айтқандай Қазақстандағы үшінші қала болудан үміті үлкен Шымкент облыс орталықтарының ішінде өзінің тарихи орнын сақтап қалған бірден-бір қала. Қаланың  тарихи орнына жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде ежелгі қоныс қабырғаларының қалдықтары, бірнеше нан пісіретін тандырлар табылды. Сондай-ақ, бірнеше ташнау (су қалдықтарын құятын құбыр) конструкциясының төменгі бөліктері аршылып алынды. Бұлардан бөлек ХVII-ХIХ  ғасырларға тән көптеген кесе, табақ, құмыра, хұм және көптеген шаруа ыдыстарының қалдықтары шықты.

Археологтардың «Шыбық шаншысаң, шынар шығатын Оңтүстіктің топырағына күрек салсаң, көне тарих сайрап қоя береді» деп, ара-тұра әзілдеп қоятыны бар. Жоқ, бұл әзіл емес, тәжірибеде дәлелденген дүние. Көне Шымкентте жүргізілген қазба жұмыстары талай сырдың бетін ашты. Оның ішінде негізгісі деп,  Шымкенттің «жасына» қатысты тың деректердің табылғанын айтуға болады.  

Археологтар қаланың жасын анау-мынау емес, бір жарым мың жылға «қартайтты». Мұндай мәлімет Шымкент қалалық әкімдігін де қайран қалдырып отыр. Шымкент атауы жазба деректерде алғаш рет Шараф ал-дин Иездидің «Зафар-наме» («Жеңіс кітабы») деген еңбегінде ұшырасады. Әмір Темірдің Моғолстанға жасаған жорығы туралы жазылған еңбекте Шымкент Сайрамның төңірегіндегі елді мекен ретінде аталған. 1912 жылы Түркістан өлкесін зерттеген ғалым А.Добросмыслов «Сырдария облысының қалалары» деген еңбегінде Шымкентті ХІІ ғасырда пайда болғанын көрсетеді. Мұндай байламды ол «Шымкентте Қожа Ахмет Ясауидің замандасы Баба Дәуіріш жерленген» деген мәліметке сүйене отырып жасаған. Оны ғалым жергілікті тұрғындардан естіген болса керек. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында тарихшы-ғалымдар Шымкентте алғашқы қоныс-тұрақтар ХІ-ХІІ ғасырларда пайда болды деген болжамға нақты тоқтаған болатын. Алайда 1991 жылы М.Аяпов пен Н.Наумов өздерінің тарихи-ақпараттық жолжазбасында «Шымкент республикадағы көне қалалардың бірі. Оның жасы 1300 жылдан асады» деп жазады. Бірақ, олар бұл туралы ешқандай дәлел келтірмеген. Десек те, ресми тарих қаланың бастауын 14- ғасырдан алды. Мұнда басты дәлел ретінде жоғарыдағы парсы тарихшысының «Зафар-намесіне»назар аударылды.  Алайда мұны біз қаланың жазба деректердегі алғаш рет Шымкент ретінде аталуы деп қарастырғанымыз жөн. Көне замандарда қаланың басқаша аталуы әбден мүмкін ғой. Кейбір деректанушылар Шымкент ежелгі заманда Нуджикент немесе Харлуг деп аталған дейді.  Нақты мәліметті тек заттай дерек қана беруі мүмкін. Ол әрине, археологиялық қазба жұмыстары арқылы ғана алынады. Осындай қадамды алғашқылардың бірі болып тарихшы-археолог Бауыржан Байтанаев  жасады. Қаланың тарихи орталығында кең көлемді қазба жұмыстарын жүргізді. 

 Тарихшы Бауыржан Байтанаевтың дерегіне сүйенсек Шымкентке қазба жұмыстары 1960 және 1980 жылдары жүргізілгенімен, оның тарихын түбегейлі зерттеу жұмыстары қолға алынбаған. Қаланың шахристаны мен қорғандарының беткі қабатына шурфтар мен қазба жұмыстары жасалып, соның нәтижесінде  XVIII-XIX  ғасырларға тән жәдігерлер алынған. Кең көлемді жүргізілген қазба жұмыстары Шымкент шаһары ХIV ғасырда пайда болды деген қағиданы толығымен жоққа шығарды. Алғашқы күндері-ақ VIII ғасырда «ал-Махди» деген атпен соғылған Бұқар-худаттік типтегі теңгелер, VII-IX  ғасырларға жататын және XI-XII  ғасырлардағы Қарахандар дәуіріне жататын керамикалар табылды. 

Шымкент қаласының кемінде  2000 жылдық тарихы бар. Қазба жұмыстарының алғашқы нәтижесінде археологтар осындай пікірге тоқтады. Бұған дәлел ретінде археологтар көне қаланың беткі қабаттарынан алынған керамикалық бұйымдардың, теңгелердің  ертеэлиндік дәуірге жататынын келтіріп отыр. Бұл жәдігерлер осыдан екі мың жыл бұрын Шымкенттің қолөнері мен сауда-саттығы өркендеген қала болғанын көрсетеді. Қала аталған уақыттан 200-300 жыл бұрын пайда болуы да мүмкін. 

 «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жүргізілген қазба жұмыстарының екінші кезеңінде археологтар өздерінің жасаған болжамдарының дұрыс екеніне көз жеткізді. «Көне қалашыққа үш стратиграфиялық қазба жұмыстары жасалды. Стратиграфия археологиялық нысандағы мәдени қабаттарды анықтайды. Қоныстардағы мәдени қабаттар көбейе келе үлкен төбеге айналады. Қоныста адамдар неғұрлым ұзақ өмір сүрген болса, төбе де соғұрлым биік болады. Ал, Шымкенттегі мәдени қабаттардың биіктігі 14 метрге жетті. Ең төменгі қабаттан табылған керамикалық жәдігерлердің  «жасы» біздің дәуірімізден бұрынғы ІІІ ғасырдың басы мен ІІ ғасырдың аяғына сәйкес келеді. Мұндай керамикалар б.э.д. ІІІ-ІІ ғасырлардағы  Самарқандтың қалалық мәдениетіне ұқсас. Бұл деген сөз Самарқанд пен Шымкент тұрғындары арасында өз заманында тығыз байланыс болғанын көрсетеді. Қаладан табылған ең көне бұйымдар б.э.д. ІІ ғасырға тән. Бұл кезде Орта Азияда Грек-бактрия мемлекеті билік еткен, олар шығысында Қаңлы мемлекетімен көрші тұрған. Қаңлы мемлекетінің орталығы Сырдарияның бойында орналасқаны белгілі. Тарихи деректерде Қаңлы мемлекеті туралы алғашқы мәліметтер б.э.д. ІІ ғасырдағы қытай саяхатшысы Чжан-Цяннің жолжазбаларында кездеседі. Көне Шымкенттің жоғарғы қабатынан б.э.д-гі І ғасыр мен біздің дәуіріміздің  VI ғасырына  тән Отырар-Қаратау мәдениетінің жәдігерлері табылды. Осыған қарағанда, Шымкент біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырда пайда болған». Археологтар өздерінің пікірлерін осылайша өрбітіп отыр. 

Шымкенттік ғалымдардың бұл пікірін өзбек тарихшылары да қолдады. Олар көне қаладан табылған дүниелердің Өзбекстан аумағындағы ежелгі Шаш, Соғды қалашықтарынан алынған  біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырға тән жәдігерлерімен ұқсас екенін айтуда. Алайда өлке тарихымен айналысып жүрген кейбір мамандар мұнымен келіспейді. «Нақты дәлел болмайынша асығыс мәлімдеме жасауға болмайды»,--дейді олар. Шымкенттен екі мың жылдық тарихы бар керамикалардың табылуы бұл жерде  жай ғана қоныс-мекендердің болғанын көрсетеді. Қаланың болғанын дәлелдеу үшін бұдан да маңыздырақ айғақтар керек. Ол үшін қалашықтан шеберхана, ғибадатхана, қорған және басқа да қоғамдық ғимараттардың ізі шығуы тиіс.

Республиканың белгілі археологтары да Шымкенттің екі жарым мың жылық тарихы бар деген пікірге  күмәнмен қарап отырған тәрізді. Олар Шымқаланың Түркістан, Отырар сияқты әйгілі қалалардан да көне дегенмен келіскісі келмейтіні байқалады. Егер Шымкент осыдан екі жарым мың жыл бұрын Ұлы Жібек жолының бойындағы өркендеген қалалардың бірі болса, оның жазба деректерден көрініс таппай қалуын қалай түсінуге болады? Бірақ, нақты дәлелді тек ғылым ғана бере алады.  Шымкент қалашығынан табылған керамикалар АҚШ-тің Арканзас штатындағы арнайы зертханаға жолданған болатын. Осы зертханада жәдігерлердің қай ғасырға тән екенін дәлме-дәл анықтап береді. Шымкенттің «жасы» қаншада деген сауалдың әзірге жауабын айту мүмкін болмай тұр. 

Оinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: