Неге генерал Досымовтың дегені болмай тұр?

Screenshot_3.jpg

... Жасөспірімнің суретіне қарап отырып еріксіз ойға берілдім. Мұрты енді ғана тебіндей бастаған, күні кеше ғана ауылдан қалаға арман қуып келген балаң жігіт. Күлімдеген жүзінен әлі аузынан ана сүті кетпеген күнәсіздігі аңғарылады. Әкесінің айтуынша, өмірінде ішімдік пен темекіге әуестігі болмаған, мектептегі ең тәртіпті, ең үздік оқушылардың бірі саналыпты. Шымкенттегі қазақ-түрік университетінің 1-курсында оқып жүрген кезінде...өкінішке қарай, қаза тапқан. Осыдан екі жыл бұрын.  Кісі қолынан. Бар-жоғы он тоғыз жасында. 

-- 2008 жылдың 2-сәуірінде ұлым Нұрсұлтан менен сұранып, бір группада оқитын Абзал деген баланың туған күніне кеткен болатын,--деді  марқұм жігіттің әкесі Төлеби ауданы Қайнар ауылынан келген Тәттібек Дүйсебаев.-- Ұлым сол күні  оралмай қалды. Ертеңіне күндізгі сағат 12-лердің шамасында үйге бір топ бала келіп, Нұрсұлтанның ауруханада жатқанын хабарлады. Әйелім екеуіміз дереу Шымкенттегі №2 аурухананың жансақтау бөліміне келдік. Сол жерде мен ұлымның туған күн болған түні пышақталғанын, содан жолдастары ауруханаға алып келіп,  таңғы сағат 7-лерде операция жасалғанын білдім. Бәрі де кеш екен. Ұлымды дәрігерлер ажалдан арашалап қала алмады. Осылайша ойда-жоқта бүкіл отбасымызбен улап-шулап қала бердік. 

 2-сәуірде болған қанды оқиғаның қысқаша жай-жапсары мынандай:  кешкі уақытта Абзал Абдиевтің туған күнін тойлау үшін группаластар Нұрсұлтан Дүйсебаев, Бектемір Абдукаримов, Уәлихан Ерімбетов, Әл-Фараби Сейсенбаев Республика даңғылының бойындағы “Алматы” кафесіне келген. Сол жерде бұлар сыра ішіп, тамақтанып отырған. Бір кезде дастархан басында Бектемір мен Абзал сөзге келіп қалады. Ол екеуінің арасына түскен Нұргелді де Бектемірмен ерегіседі. Содан екеуі бір-бірімен жаға ұстасуды сыртта жалғастырған. Сыртта Нұргелді Бектемірді  ұрып, құлатады. Сол арада екеуін достары келіп ажыратыпты. Бұдан кейін Нұргелді ішке  кіріп кетеді, ал, Бектемір сыртта қалып қойған.

Жәбірленуші Нұргелді Ибраевтың сотта берген жауабына қарағанда, біраз уақыттан кейін жігіттер қайта сыртқа шығады. Бұл кезде Бектемір өзімен бірге пәтерде тұратын сыныптас достары Сәбит пен Ердосты ертіп келген екен. Нұргелдінің бұл екеуімен азды-көпті таныстығы болғанға ұқсайды. Бұл Ердоспен шеткерек шығып өзара «түсінісіп» тұрған сәтте... Кенет Сәбит жүгіріп келіп мұның көкірек тұсына пышақ сияқты өткір затты тығып алған. Қүлап бара жатқан кезде Ердос көзіне жұдырығымен қойып қалады. Осы кезде Нұрсұлтан ажыратпақшы болған екен, Ердос қолындағы пышақ тәрізді затты оған тығып алған. Бұл құлаған кезде тағы өзіне тағы бірнеше мәрте пышақ ұрылғанын сезініпті. Содан сыныптастар—Бектемір, Ердос, Сәбит оқиға орнынан қашып кетеді. Ал, группаластар сол жерде улап-шулап жарақат алған қос серіктерін ауруханаға жеткізген... 

Тергеушілердің бүйрегі қайда бұрып тұр?

Арада екі күн өткенде Шымкент қаласы Абай аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушілері Бектемір Абдукаримовтың үстінен ҚК-тің 103-бабының 1 және 3-бөлімімен қылмыстық іс қозғап, қамауға алады. Ал, Ердос пен Сәбит бұл іске тек куәгер ретіне қатыстырылады. Неге?  Мәселенің мән-жайы сотқа өткен соң белгілі болады. 2008 жылдың 21 шілдесінде Шымкент қаласы Абай аудандық сотының судьясы Ғ.Мыңбатыровтың істі қайта тергеуге жіберу туралы қаулысында бәрі анық жазылған. Сотта Б.Абудкаримов жауаптардың бәрін полицияның қысымымен бергенін, тіпті айғақтық зат—пышақты да солардың үйретуімен тапқанын айтқан.  Оның бұл сөздерін жауапкершіліктен жалтару емес, расында да ақиқат демеске лаж жоқ. Өйткені ол жәбірленуші Нұргелді Ибраевтың да жауаптарымен бір жерден шығып отыр. 

 Іс соттан қайта тергеуге келген соң тергеушілер тығырыққа тірелгендей істі сағызша соза береді. Олар енді оқиға орнында болған азаматтардың әрқайсысының әрекетіне жеке-жеке баға беріп, нақты кісі өлтірушіні анықтау шараларын жүргізуге кіріскенімен, бүйректерінің мүлдем басқа жаққа қарай бұрып тұрған байқалады. Өйткені  марқұм Нұрсұлтанның әкесі Тәттібек былай дейді:

-- Тергеу эксперименті барысында тергеушілер «Нұргелді Ибраев жауабын өзгертуі керек. Ол өзін кім пышақтағанын ғана айтсын, ал Нұрсұлтанды кім пышақтағанын көрген жоқпын десін. Сонда іс ертең-ақ сотқа жіберіледі. Болмаса іс орнынан қозғалмайды» деді. Неге Нұргелді ақиқаттан аттап өтуі керек. Неге жазықсыз адам сол үшін жапа шегуі тиіс. Мен осыны айтып, тергеугілермен сөзге де келіп қалдым.

Сонда қалай, қылмыстық істердің қалай болғаны тек тергеушілдердің ыңғайымен, тек солардың құрған жоспарымен жүруі тиіс пе? Тергеушілердің Н.Ибраевқа «жауаптарыңды өзгерт» деген бұйрық беруін қалай түсінуге болады?  Тәртіп сақшыларының әділдікті аттап өтіп,  бар кінәні Б.Абдукаримовке арқалатып, Сәбит пен Ердосты мүлдем ақтап жібергісі келуінің астарында нендей нәрсе жатыр? Олар бұған неге құмбыл? 

 Дегенмен «Ибраев жауабын өзгертпейінше іс орнынан қозғалмайды» деген тергеушілердің сөздері рас болып шықты.  Екі жылда Нұрсұлтанның өліміне қатысты істе ештеңе өзгерген жоқ. Тергеушілер куәгерлердің, жәбірленушілердің жауаптарын өздерінің қалауына келтіргенше ештеңенің өзгермейтінін байқатты. Екі жыл ішінде олардың дәлелдеген дүниелері осы ғана. 

«Болмаса Елбасыға арызданамын»

Былтыр жазда Н.Тәттібаевтың өліміне қатысты іс екінші мәрте Абай аудандық сотына түседі. Сол жолы соттың немен аяқталғанын жәбірленушілердің өздері де білмейді. Бар білетіндері іске прокурор келмей қойған. Ақыры іс қайтадан тергеуге қайтарылады. Бірақ бұл жөнінде жәбірленуші жаққа не қаулы, не шешім берілмеген. Таңқаларлық. Тергеуші мен прокурор және сот арасында түсініксіз бір ойын жүріп жатқандай. Сонда олардың адам өлімін де ойыншық қылғаны ма? 

--Осы жайтты айтып арызданбаған жерім жоқ. Одлыстық ішкі істер департаментінің бастығының орынбасары Б.Отыншиевтің  қабылдауына кірдім. Қайран болмады.  Облыс прокуроры Берік Құлтасов мәселенің ақ-қарасын ажырытып беруге уәде еткен. Бірақ одан да ештеңе өзгерген жоқ,--дейді Тәттібек Дүйсебаев.

Screenshot_4.jpg

Талай мекеменің табылдырығын тоздыған Т.Дүйсебаев тергеушілерге деген өкпе-ренішін генерал-майор Серімжан Досымовтың блогына да жазыпты. Генералдың «облыстық тергеу басқармасына хабарласыңыз, істі сонда алдырыптып, зерделейміз» деген жауабын оқып, қуаттанып қалады. Бірақ  бәрі бекер болып шығады. Нұрсұлтанның өліміне қатысты  істі бақылау Б.Убаева деген тергеушіге жүктелген екен. Ал,  ол демалыста болып шығады. Не керек, ақыры бәрі сиырқұйымшықтанып кетеді. Сонда қалай,  ішкі істер департаментінің қызметкерлері генерал-майор Досымовтың тапсырмаларына осылайша жүрдім-бардым қарай беруді әдетке айналдырған ба? Егер мәселенің бәрі бір-біріне сілтеумен жалғаса берсе, қарапайым халықтың көрген заңсыздығына, бассыздығын кім жөнге салады. 

«Егер ұлымның өліміне қатысты іс созыла берсе Елбасының өзіне арызданғаннан басқа амалым жоқ» дейді жәбірленуші жақтағылар. 

«Бектемір  тергеуден бой тасалаған жоқ»

Серікбай ӘБДЕЗ, айыпталушы Бектемір Абдукаримовтың қорғаушысы:

--Қазір іс заңсыз тоқтап тұр. Тергеушінің айтуынша, прокуор айыптау қорытындысын бекітпеген. Ал, Бектемір Алматыда. Сонда әке-шешесімен бірге құрылыс жұмыстарымен айналысып жүр. 

--Облыстық ішкі істер департаменті тергеу басқармасының бастығы О.Қабыштаевтың берген хатына қарағанда, Б.Абдукаримовке тергеуден бой тасалап кетуіне байланысты іздеу жарияланған көрінеді.

--Жоқ, ондай жағдай болған емес. Тергеушілерден сұраңыздар, Б.Абдукаримов барлық уақытта тергеуге шақырған уақытында келіп жүрді. Істі осымен үш тергеуші жүргізді. Біріншісі басқа жұмысқа ауысып кетті, екіншісі, зейнткерлікке шықты. Үшіншісі Бақытжан Сатыбалдиев істі сотқа өткізе алмай жатыр. Жаңа жылдың алдында тергеудің аяқталғанын, істі сотқа өткізетінін айтқан болатын. Содан бері тым-тырс. 

--Бектемір Абдукаримов қанша уақыт қамауда отырды?

--Қылмыс болған соң екі күннен кейін полицияға өзі барған екен. Содан сот біткенге дейін (21 шілде) қамауда отырды.  Ал, осы іспен әуреленіп жүргеніне екі жылдан асты ғой. 

Oinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: