Қырымның қарымтасы

Screenshot_10.jpg

Қырымда жексенбіде едел-жедел өткен референдумның ақырғы нәтижесі мәлім болды. Автономияның Украинадан бөлініп, Ресейге қосылуына сайлаушылардың кемінде  60 пайызы дауыс беруі мүмкін еді. Нәтиже бұдан да асып түсті. Ресми мәлімет бойынша дауыс беруге сайлаушылардың 83 пайызы қатысқан. Олардың 96,77 пайызы Ресейге қосылуды жақтаса, 2,51 пайызы қарсылық танытыпты... 96,77 пайыз күмәнділеу сияқты. Бірақ бұл ресми факт. 

Қырымның Жоғарғы Кеңесі Майдандағы жағдай шарасынан аса бастағаннан-ақ президент Януковичтен көтерілісшілерге қарсы пәрменді шара қолдануды сұранғаны белгілі. Ал президент тақты тастап, шетелге қашқанда қырымдықтар енді Украинамен бір «кемеде» отыра алмайтынын ашық білдірді. Қырымның Украинадан іргесін ажыратып, Ресейге қосылу процесі осы кезден басталды. Автономиядағы халықтың 20 пайызы украиндар, 12 пайызы қырым татарлары екені белгілі. Татар бауырлар референдум өткізуге қарсылық танытып, Украинада қала бергісі келетінін шыр-пырлары шыға мәлімдегені кеше ғана еді. Ал 20 пайыз украиндар Украинадан бөлінуді қалады деген адамның ақылына сыймайды. 96,77 пайызды күмәнділеу деп отырған себебіміз сондықтан. 

  Референдумның шешімі қолға тиер тимес Қырымның Жоғарғы Кеңесі Ресейдің құшағын сүңгіп кетуге әзір екендіктерін байқатты. Дүйсенбіде Жоғарғы Кеңес Қырымның тәуелсіздігі туралы декларацияны да қабылдап тастады. Енді «азаттық аралындағы» халықтың бетін өзіне қаратып алған Ресей күшейейін деді. Осы аптадан бастап Ресей телеарналарына кәдімгідей күш бітіп, доқ көрсетуге көшті. Журналистердің бірі тіпті «Әлемде АҚШ-тың күлін көкке ұшырып жібере алатын ел Ресей ғана» дегенді де мәлімдеп жіберді. Референдум өте салысымен Путин Украинадағы саяси дағдарысты шешуге арағайындық жасап жүрген Қазақстан президенті Н.Назарбаевпен телефон арқылы сөйлесіп, біраз мәселені ақылдасып алды. Ресей президенті Германияның канцлері А.Меркельмен де сөйлескен. Әңгіме барысында ол Қырымдағы референдум барлық халықаралық талаптарға сай өткенін айтып, «Ресей Қырым халқының таңдауына құрметпен қарайды» деді.  Бұл «Ресей енді ешқашан Қырымды жау қолында қалдырмайды» дегенді білдірсе керек. 

Қырымда өткен референдум Еуромайдан төңірегінде қалыптасқан ойыншылардың бет пердесін әшкерелеп берді. Естеріңізде болса, Майданда көтерілісшілер елдің заңды сайланған президенті Януковичті қойған талаптарына толығымен мойынұсынғанына қарамастан, тақтан тайдырған кезде АҚШ мұны демократияның жеңісі ретінде қызу қолдағаны белгілі. Ал, қырымдықтардың таңдауын АҚШ та, Батыс та мойындамай отыр. Неге? Мәселе мүдделер қақтығысында жатқан сияқты. Путин АҚШ президенті Обамамен де телефон арқылы тілдесті. Әңгімелері жараспаған көрінеді. АҚШ президенті жаппай айыптауға көшті. Ол Ресейді басқыншы, Украинаның тұтастығына қол сұғушы деді. 

--Ресейге мұндай әрекет тым қымбатқа түседі. Біз еуропалық әріптестерімізбен бірге жауап қайтаратын боламыз,--дейді Обама. АҚШ-тың одақтастарымен әзірлеген қарымтасының қандай боларын уақтысында көрерміз. Кешеден бастап АҚШ пен Еуроодақ Ресей мен Украинаның бірқатар шенеуніктеріне санкция салды. Олардың ішінде Ресейдің, Қырымның депутаттары, Украинаның бұрынғы өкіметінің мүшелері бар. Тізімге ілінгендерге АҚШ-қа, Еуроодақ елдеріне  келуіне рұқсат етілмейді және олардың шетелдегі есеп-шоттарына тыйым салынады. 

 Ал Шығыстағы алып айдаһар--Қытай бұл мәселеге салқынқандылық танытып отыр. Бірақ ұйғырлар мен Тибетті байлап-матап ұстап отырған Аспан асты елі барлық уақытта  Ресейге іш тартатыны бұрыннан белгілі. Қытай саясаткерлері: 

--Украинадағы жағдай батыстың қолдауымен жасалған антиресейлік түрлі-түсті төңкеріс болды. Украинадағы дағдарысқа Батыстың араласуы өңірге хаос алып келді, ал Ресей бұған бейжай қарай алмады,--деген ұстаным білдірді.

P.S. Жалпы, 2014 жыл әлем картасында бірнеше тәуелсіз мемлекеттер пайда болуы мүмкін. Қырымнан кейін батыстағы алпауыттардың құрамындағы автономиялар өздерінің егемендігін жариялауға ниетті екендіктерін білдірді.  Осы жексенбіде Венецияда референдум басталды. Мұндағы референдумның бір ерекшелігі 21 наурызға дейін созылады. Референдумда «Сіз Венецияның тәуелсіз, егеменді республика болғанын қалайсыз ба?» деген жалғыз сұрақ бар. Алдын ала болжам бойынша Венецияның Италиядан бөлініп шығуына халықтың кемінде 65 пайызы қолдап дауыс беруі мүмкін. Өз алдына тәуелсіз ел болса, Венеция Еуроодақтан да, НАТО-дан да шығатынын мәлімдеп қойған көрінеді. Венеция өкіметі бұл мәселеге Римнің қалай қарайтынына алаңдап отырған жоқ, «ең бастысы халықтың еркі» дейді. Ал қыркүйекте  Шотландия Ұлыбриятаниядан тәуелсіздігін алу үшін референдум өткізбек. Бұдан кейін Каталония Испаниядан тәуелсіздігін алуы мүмкін көрінеді. 

...Енді Ресейдің құрамындағы автономиялар да тәуелсіздігін жариялауға толық құқығы бар. Моралдық жағынан да, заңдық жағынан да. Ертең олар да референдум өткізіп, енші сұраса... қызықтың көкесі сонда болмай ма? 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: