Айтахановтың айтқаны айдалада қалған секілді

Screenshot_21.png

«...Тағы бір мәселе – әр күз сайын жанармай бағасының көтерілуі үйреншікті болып барады. Жүргізушілер – жапа шегушілер, өндірушілер – нашар адамдар, ал шенеуніктер ештеңемен ісі жоқ желбуаздар болып отыр. Менің  мұндай спектакльге қатысқым келмейді. Әлемде мұнай бағасы түсіп келеді, ал бізде жанармай қымбаттап отыр. Мұны қалай түсінуге болады? Кім қолын майлап отыр бұл жағдайда? Мұнымен шындап айналысу керек. Бидай бағасы да арзандады, ал дүкендердегі нан өнімдеріне баға түсті ме? Сондықтан да Үкімет жұмыс істеуі керек, бұл мәселеде тәртіп орнату – әрбір әкімнің, әрбір министрдің жұмысы. Халық үшін, халықтың игілігі үшін жұмыс істеу дегеніміз де – осы. Бұл мәселелермен айналысып, маған баяндауларыңызды өтінемін және баспасөзге де анықтама беріңіздер...». (Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықпен тікелей байланыста айтқан сөзі).

«...Тексеру жүргізіңіздер, жанар май бағасымен ойнап, еркелеп жүргендерді жазаға тартыңдар!..» (Премьер-минстр К.Мәсімовтың қыркүйек айындағы Астана қаласында өткен кеңесте энергетика министрі мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкіміне қарата айтқан сөзі). Қабағын түйіп айтқан бұл сөзін Кәрім Қажымқанұлы жанар май жыры басталғалы бір емес үш рет қайталады. Екінші рет қазан айындағы Шымкентке келген сапарында және жақында өткен үкімет отырысында тағы еске салып, тиісті лауазым иелеріне қатаң ескерту жасады. Алайда үкімет басшысының аузының дуасы кеткен бе, әлде сөзінің уәжі жоғалған ба, әйтеуір оның ескертуін тыңдайтын құлақ қалмаған сыңайлы. Керісінше шапсаң шауып ал дегендей, шымкенттік жанар май бизнесінен несібе іздегендер бензиннің бағасын шегіне жеткізіп алғаннан кейін енді дизель отынының құнын құтыртып, қолдан «дефицит» жасауға көшті. Борсық ұрған сайын семіреді деген осы да.

 Шымкенттегі шынайы көрініс...

Бензин бағасы қымбаттап, жетіспеушіліктің зардабы күн тәртібінен түспей тұрғанда дизель отыны кез-келген жанар май бекеттерінде еркін, әрі арзан бағада, яғни 48-50 теңгеден босатылды. Қазір бірден 75 теңгеге көтерілді. Жүргізушілердің ашуының алдын алайық деген саясатты ұстанды ма қолдан келіп тұрғанда қоныштан басып жатқандар бағасын өсірумен бірге тапшылықты да төрге оздырып, жұртты талонға жәутеңдетіп қойды. Адамзат баласының психологиясының өзі қызық қой, бағаны өсіргенімен ол заттың тапшылығы сезілмесе наразылықтарын ашық білдіреді. Ал тапшылық сезілсе, ол затқа қол жеткізгеніне шүкіршілік етумен шектеледі. Мұны жанар май монополистері жақсы меңгеріп алды-ау шамасы.

Қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктердің көпшілігі дизелді отынмен жүреді. Шыны керек, бірінші соққы солардың маңдайына тиді. Бұл халықтың маңдайына соғылды дегенмен бірдей. Өйткені, қоғамдық көлікті пайдаланатын тек қана қарапайым халық. Шенеуніктердің көбінің автобус күтіп, аялдамада тұрғанын көрмек түгілі елестетудің өзі қиын.

Қазір көлік компаниялары басшыларының жан дауыстары шыға бастады. Олар солярка бағасының көтерілген алғашқы күнінің өзінде-ақ қыруар шығынға батқандығын айтып шырылдайды. Жағдай дәл осылайша жалғаса беретін болса жүргізушілер жоспарды орындай алмағандықтан жұмысқа шығудан бас тартуы да мүмкін. Бұл қаншама халықты әбігерге салу емес пе? Басқа шаруаны айтпағанның өзінде күнделікті жұмысқа қалай барып, қалай қайтады? Компания басшылары жұмысшылардың жалақысын бермек түгілі жұмысты жолға қою үшін алған несиелерін жабудың өзі мұңға айналуы ғажап еместігін ескертеді.

Компания басшылары қаупінің айтқандары айдай келе бастаған сыңайлы. Қазірдің өзінде жұмысқа шықпай қалып жатқан автобустар саны арта бастады. Себеп біреу: солярка тапшы.

- Кешкі рейстерді соңына дейін жүргізу ең күрделі мәселеге айналды. Өйткені, жүргізушілер бензин мен солярка іздеп шабылып кетеді. Қоғамдық көлікті жүргізетіндер неліктен сағаттап кезекте тұруы тиіс? Бұл қиындық жайында облыстық, қалалық әкімшілікке шағымдандық. Бірақ, тырс еткен жауап жоқ. Мұндай бассыздық қашанға дейін жалғасады, - дейді Шымкент қаласы жолаушы тасымалдау қауымдастығының төрағасы Дархан Каюпов.          

Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді. Жергілікті билік пен үкімет тарапынан қатаң ескертулерден өзге нақты ешқандай шара көрілмегендіктен монополистер ойына келгенін істеп жатыр. Әйтпесе, жоғарыда айтқандай үкімет басшысы жиі қабағын шытқанымен, бензин ойынына байланысты нақты жаза болғанын естімедік. Монополияға қарсы агенттік мамандарының да белсенділігі байқалмайды. «Жанып» тұрған жанар май мәселесінің жалынына жылынып отырғандай әсер қалдырады. Ал халық қашанға дейін шыдар екен?

Елбасы айтқандай, бұл жағдайда кім қолын майлап отыруы мүмкін? Аз ғана кейінге шегініп көрелік. Жанар-жағар май нарығындағы дүрбелең әлі басылмағанымен, бағаның қалай, не себепті өзгеріп отырғанын жіліктеп түсіндіріп жатқан жан жоқ. Осыдан бір айдай бұрын жиын өткізген облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов «Торғай Петролеум» компаниясымен арада келісімнің жасалғанын айтып, дүйім жұрттан сүйінші сұрап еді.

«Облысымыздың жанар-жағар майға деген бір айлық қажеттілігі 27 мың тоннаны құрайды.  «Торғай Петролеум» компаниясы облысымызға 13 мың тонна жанар май жеткізіп беруге міндеттелді. Бұл екі апталық қажеттілікті өтейді. Сонымен қатар Шымкент мұнай өңдеу зауыты да қазан айында жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтайды. Осы уақыт ішінде қоймалардың барлығын жанармаймен мейлінше толтырамыз. Зауыт тоқтаған жағдайда жанар май нарығына зиян келмес үшін барлық шаралар атқарылып жатыр», -  деп мәлімдеген еді сол кезде облыс әкімінің орынбасары. Алайда, осы мәлімдемеден соң екі апта түгілі екі ай өтті, ал нарықтағы жағдай қалыпқа түсудің орнына ушығып барады. Облысқа бөлінген арзандатылған мұнай өнімдері түсініксіз жағдайда тез таусылып, «Аи-80 - 48, Аи-92 - 65 теңге» деген баға көрсеткіші бар  АЖБ-ларда жанармай жоқ болып шықты.  Сонда Айтахановтың айтқаны айдалада қалды ма?

  «Көлеңкедегі» кәсіпкер не дейді?

Осы ретте республикалық басылымдардың бірінде жарық көрген мақалаға еріксіз назар аударасың. Онда өзінің аты-жөнін көрсетпеген шымкенттік бір АЖБ-ның қожайыны дәл осы арзандатылған жанар майдың қалай үлестірілгенін баяндаған. Бірге оқып көрелік: «Ресейдегі жанар майдың бағасы күрт өскендіктен, ол жақтан мұнай өнімдерін тасу тиімсіз болып қалды. Осы дефицитті жергілікті пысықайлар жеке басының қамы үшін сәтті пайдалана білді. Өзін «операторлар» деп атаған фирмалардың бір тобы облыс әкімінің көмегіне сүйене отырып, «Торғай Петролеум» компаниясынан арзандатылған жанар-жағар май бөлуіне қол жеткізді. Өнім облысқа жеткен соң өзге АЖБ-ларға Аи-80 маркалы жанармайды 48 теңге, Аи-92 маркалы жанар майды 65 теңгеден сата бастайды. Бірақ, шектеулі мөлшерде ғана. Ал тауардың негізгі бөлігі нарықтағы удай бағамен, оның ішінде Алматыға да сатылып кеткен. Олар бұл операцияларынан қанша пайда тапқанын және ол ақшалардың қайда кеткенін өздері, сондай-ақ тағы бірнеше адам ғана білуі мүмкін.  Арзандатылған жанар май таусылған соң нарықтағы бұрынғы бағамен, яғни,  тиісінше 70 және 85 теңгеден сатып алуға көштік. Алайда, әкімдіктің өкілдері бізге қайта-қайта келіп, қымбат сатып алған жанар майды төмен бағамен сатуды жалғастыруымызды талап етті. Бұл бізге қып-қызыл шығын. Шығынға батпас үшін әкімдіктің айтқан бағасын іліп, АЖБ-ны уақытша жауып қоюдан басқа амал таппадым».

Аты-жөнін көрсеткісі келмеген «көлеңкідегі» кәсіпкердің әңгімесі осы. Жергілікті билік өкілдері мұны түбегейлі жоққа шығарды.  Әзірге бұл әңгіменің қайсысы шын, қайсысы өтірік екенін айыратын ешкім болмай тұр. Дегенмен, осы тақырып кешегі өткен үкіметтің селекторлық отырысында тұзды тақырыптардың біріне айналды. Бәсекелестікті қорғау жөніндегі Агенттік төрағасының орынбасары Жанат Қожахметов бұл «операцияның» операторлардың қолдан жасалған қитұрқылықтары екенін ашып айтты. Жанат мырзаның аталған операторлардың мұнай өнімдерін жоғары бағамен өзге облыстарға шығаратыны жөнінде айтқанын теледидар арқылы бүкіл республика жұртшылығы құлағдар болды. Сонда кімдікі шын, кімдікі жалған? Бұл жағын құзырлы органдар анықтай жатар. Шенеуніктер бірінің сөзін бірі жоққа шығарып жүргенде Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарын алдын-ала аяқтап, іске қосылды. Ал жанар май мәселесі күрделі қалпынан өзгерген жоқ.


 Шадияр Молдабек, «Заң газеті», «Алаш айнасы» газеттерінің меншікті тілшісі.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: