Ерлікті жасамаудан бағаламау қауіпті

Screenshot_3.jpg       

Бүгінде жиырма мыңнан астам құнды жәдігерлерді қорға жинақтап, оларды зерттеуге,зерделеуге білек сыбанып кірісіп кеткен Түркістандағы «Әзірет Сұлтан»мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының құрамында 130-ға жуық діни-рухани, археологиялық және архитектуралық ескерткіш бар. Солардың бірі, бірегейі Қожа Ахмет Иассауи кесенесі. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Әзірет Сұлтан» мұражайы 28-тамыз күні Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің бір бөлмесінде «Өзбекәлі Жәнібеков-мемлекет және қоғам қайраткері» деген тақырыппен көрме ұйымдастырып, көпшіліктің көңілін толқытатын тамаша тірлікке ұйытқы болды. Дәл осы күн--қазақтың төлтума өнерін,  салт-дәстүрін, тарихын дәріптеп, археологиялық және этнографиялық зерттеулер жүргізген көрнекті ғалым,  мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың кіндік қаны тамған күн еді. 

     Тарих беттерін парақтасақ «Ер түріктің бесігі, екі дүниенің есігі...»есептелетін, күллі мұсылман әлемі тәу ететін киелі шаһардың абыройын асқақтатып, даңқын дүркіретіп тұрған атақты кесененің дәріптелуі тек Қазақстанның шекарасымен шектелмей ЮНЕСКО-ның тізіміндегі мәдени мұралардың қатарына қосылуына әуелі  қозғау салған, алғашқы қадамға барған Өзағаң, Өзбекәлі Жәнібеков  екен. Кесененің төріндегі басты байлығы - Тайқазанның жат жұртта қалып қоймауы үшін әлдекімдердей саясаттың салқыны тиіп кетуінен қаймықпай ат басындай алтыннан да аса құнды тарихи жәдігердің елге қайтарылуы туралы дабыл қағып, көпшіліктің көкейіндегісін дөп басқан мәселенің оңынан шешілуін де алдымен ойластырған Өзағаң екен. Ұлтты ұлықтап, мәдени мұраларын жинақтауға, жанашырлық жасауға жан-тәнімен атсалысқан абзал азаматтың өзге еңбектерін айтпағанда Түркістандағы кесенеге байланысты екі бірдей ерлікке баруының өзі неге тұрады? Ендеше  кереметі шексіз кесененің бір бөлмесінен оған арналған көрменің ашылуын қай жағынан алып қарағанда да қисынға келетін дұрыс идея, сәтті бастама санауға тиіспіз. Бұл кесене ішінде тұсауы қиылған тұңғыш көрме болды. 1978 жылы «Әзірет Сұлтан» мұражайы ашылғанда өзі сыйға тартқан жазу столы, жазу машинкасы, кезінде қаламсап ұстап қолымен жазған мақалалары, шұғыла кілемі, киген киімдері, ол жайлы кітаптар, сырға толы суреттер мен сарғайған парақтардағы естеліктер Өзбекәлі Жәнібековтің балалық шағынан бастап, қоғам қайраткерлігі мен мәдениетке жанашырлығына дейін жан-жақты мағлұмат беретін көрменің көркін ашқаны анық. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени  қорық мұражайының директоры Мәулен Сатымбековтің сөзіне сүйенсек,  кесенеге жылына 600 мыңнан аса адам зиярат етуге ат басын бұратын көрінеді. Демек келешекте мұражайға айналдыру жағы қарастырылып жатқан көрмені көретіндер көп болып тұр. 

      Көрменің тұсаукесер рәсімінде Өзағаңның, Өзбекәлі Жәнібековтің асыл жары Қалихан апа игілікті істің ұйымдастырылғанына ағыл-тегіл алғысын жаудырып, көңілі босағандықтан көзіне жас алды. Немересі Мәлика Бауыржанқызы ұлт мақтанышы-атасын ардақтап, атақ-даңқын дәріптей түсуден ешбір аянып қалмауға уәдесін берді. Қарындасы Айғаным Өзбекәлі Жәнібеков атындағы этнопедагогикалық колледж ашып, шама-шарықтарының жеткенінше қазақ халқының мәдениетін, ана тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жаңғыртуға, дамытуға үлес қосып келе жатқандарын тілге тиек етті. Келіні Баян Өзбекәлі Жәнібековтен қалған өшпес қолтаңбаны зерттеп, кандидаттық диссертация қорғапты. Жәнібековтануды зерттеу, насихаттау, дәріптеу тұрғысынан әлі де кемшін соғатын тұстар көптігін онымен тығыз араласқан інісі, жерлесі, танымал ғалым Құлбек Ергөбек нақты уәждермен көлденең тартты. Мектепте бірге оқыған сыныптасы Арыстан Нұрымбетов  Өзағаң мәдениет министрлігінде ұзақ жыл басшылық  жасаса да, Қазақстанның тұтас идеологиясының тізгінін ұстаған хатшы болған кезінде де атауынан ат үркетін мансаптарын малданбай қашанда қарапайымдылығынан, кішіпейілдігінен танбаған қасиетіне бас иетінін риясыз көңілмен баяндады. Байқайсыз ба, тұтас ұлтқа тұлға болған Өзбекәлі Жәнібековтің аруағы бір аунап түсетін көрмені көруге кімдер келіп, кімдер тілеулестік білдірген?..Әрқилы себептермен  бұл көрмеге бұқаралық ақпарат құралдарында алдын ала жарнамаланғандай қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері келген жоқ. Облыс орталығындағы атқамінерлер былай тұрсын жергілікті қалалық әкімдіктен тым болмаса қарапайым бас маманның жіберілмегені түсініксіз. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау арқылы дарабоздығын даусыз дәлелдеген азаматқа құрмет көрсету ауылдың, аудан, қаланың шеңберінен аспағаны өкінішті-ақ. Ол туып, өскен облыстың орталығында атақ, абыройы ауыл-аймақпен шектелген қаптаған қоғам және мемлекет қайраткерлерінің атында көше көп. Ал шын қайраткер Өзбекәлі Жәнібеков атындағы көшенің Шымкент қаласының қай бұрышында, қай қуысында екенін сұрастырып жүріп әрең білдік. Оны айтасыз,  Шымкенттегі №19 Өзбекәлі Жәнібеков атындағы орта мектептің ахуалы соңғы бірнеше жылдан бері адам шошырлық мүсәпір күйге түскені баспасөз беттерінде нешеме мәрте жазылғанымен  жанайқайға бас ауыртқан  жауапты басшы болмай тұр.

    Өткен ғасырдың  80-жылдары мәдениет министрлігін басқарған кезінде Өзағаң Кеңес Одағының тоталитарлық жүйесі  күшіне мініп тұрғанына қарамастан ештеңеден сескенбей ұлттық этнографиялық “Сазген”, “Адырна”, “Шертер” және “Алтынай” ән-би ансамбльдерін өмірге әкеліп, ұлттық өнердің керегесін керіп, уығын шаншып, шаңырағын көтергенін өскелең ұрпақ біледі ме? “Ұлттық өнер, салт-дәстүр – халық қазынасы” деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген Өзағаң жазған құнды еңбектердің (“Қазақтың төлтума мәдениеті”, “Жаңғырық… Алтын домбыра жайындағы аңыздың ізімен”, “Уақыт керуені”, “Жолайырық”)  бүгінгі ұрпаққа насихатталуы көңіл көншітпейді. Қазақтың тыныс-тіршілігін танытатын нендей дүние барын көрсе немесе елден ести қалса жалынып-жалпайса да жинақтап жүрген қорына алуға асығатын, тіпті итаяққа дейін үй-үйге кіріп сұраудан арланбаған азаматтың қадірін түсінген Арқаның төсіндегі бір қария жалғыз ұлына қимаған алты қанатты киіз үйін Өзағаңа сыйға тартыпты. Бүгінде биліктің бишігін ұстағандар ұлтқа қызмет етуде Жәнібековтей қаншалықты жанкештілік таныта алып жүргенін білмейміз. Бір білетініміз Тәуелсіздігіміздің  туы тігілген 18 жылдан бері  мәдениет министрлігінде қайта-қайта ат ауыстыру бітпей-ақ қойды. Бұрынғы министр Ермұханбет Ертісбаев ұлттық өнерді өркендетуге өзгеше қадам жасауы былай тұрсын, тәуелсіздіктің тірегі қазақ тілінде сөйлеудің өзін әлі дұрыстап үйрене алмай келеді. 

    Үш жыл бұрын оңтүстікте Өзбекәлі Жәнібековтің 75 жылдығы аталып өткенде ғылыми конференцияда өткір мәселелер күн тәртібіне көтерілгенін қуанып жазғанбыз.  Сол жолы   Ғалымдар үйінің директоры Ғайникен Бибатырова    «Ұлт мәдениетінің, ұлт мақтаныштарының өлгенін тірілтіп, өшкенін жандыруға өлшеусіз үлес қосқан Өзағаң  лайықты бағаланбай, өгейлік көріп келе жатыр. Рух сардары саналатын тұғырлы тұлғаның 75 жылдығын республикалық көлемде кеңінен атап өтуге жәрдемдесуді өтініп, шен-шекпені мен атақ-даңқы дардай азаматтарға қаншама рет хат жазсақ та қайран болмады...» деген болатын. Президенттің Мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков «Өзбекәлі  Жәнібеков жас ұрпақты тәрбиелеудің алты тармақтан тұратын тамаша тұжырымдамасын жасаған болатын. Мен де атсалысқан сол тұжырымдаманың бүгінде  қайда қалғанын ешкім білмейді...  Өзағаң өмірден өткеннен кейін елеусіз, ескерусіз қалып келеді. Азаматты аттан түскен соң арамыздан алшақтатып жіберуден қандай абырой тауып жүрміз осы?!» деп еді. Өкініштісі сол содан бері арада бақандай үш жыл өткенімен өзгерген түк те жоқ. Өзағаңды, Өзбекәлі Жәнібековті өгейсіту- ұлтты өгейсіту, ал Өзбекәлі Жәнібековті ұлықтау-ұлтты ұлықтау екенін ұқсақ кәнекей! Ақын Мұхтар Шахановтың жырымен ойымызды былайша түйіндеуге тура келіп тұр:

 Ер қадірін бағаламаудан, 

  Қай ел опа тауыпты. 

Ерлікті жасамаудан, 

Бағаламау әлдеқайда қауіпті...

Ғалымжан Қамытбекұлы,

Түркістан қаласы 

   


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: