Атақты француз киноактері Жерар Депардьенің қатысуымен түсірілген «Менің күнәлі періштем» атты кинофильмнің төңірегінде дау туындады. Оның мәнісі мынада. Жуырда әнші Сәуле Жанпейісова «Күнәлі періштеде» режиссер Теменов аранжировкамды рұқсатсыз пайдаланды» деп мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, фильмде орындалған тәжіктің «Сорбон» атты әнінің Қазақстандағы алғашқы орындаушысы өзі болып табылады екен. 2008 жылы Бағлан Омаровқа аранжировкасын жасатып, жаздыртқанмын. Фильмде әнді Айгүл Қосановаға айтқызыпты. Ұлықбек Есдәулетке сөз жаздырып, қазақшалапты. Халық әнін кім орындаймын десе де құқылы. Бірақ фильмнің режиссері мен композиторы менің осыдан төрт жыл бұрын жаздырған аранжировкамды менен ешбір рұқсат сұрамай, рұқсатсыз пайдаланған. Фильмде орындалған ән мен орындап жүрген «Сорбонның» аранжировкасы ұқсас. Кезінде оны Бағлан Омаровқа 1000 долларға жасатқанмын», – дейді С.Жанпейісова.
Бірақ, Теменов те қарап жатқан жоқ. Бұл мәселе жайлы белгілі режиссердің айтқан сөзі мынау болды: «Әннің сөзін жазған, әнін жазған адамның автормын деуге құқы бар. Тәжік халқының әнін менің әнім деуі Жанпейісоваға жараспайды. Екіншіден, Алматыдағы Тәжік қоғамының бастығы Сафар Абдулла бар. Ол кісі тұрғанда Сәуленің әнді менікі деуі ыңғайсыз болады. Аранжировка дейтін не? Аранжировка музыканы кімнің қалай ойнауында. Сәуле біріншіден, авторлық құқықты өзі білмей отыр. Екіншіден, «Сорбонның» аранжировкасы менікі еді дегені зорлық»
Сәуле Жанпейісова мәлімдеме таратумен шектелместен, авторлық қоғамға арыз түсіріпті. Осы мәселе бойынша тіпті заңгерлер де біржақты пікір айта алмай отыр. Қалай болғанда да, халықаралық деңгейде жарнамаланған «Менің күнәлі періштем» фильмі осылайша дауға қалды. Бұл тартыстың немен аяқталары әзірше белгісіз.
"Рейтинг" газеті №2, 11 қаңтар 2012 жыл