Жалғасы
АЛТЫНШЫ: Қоңырау шалушы сөзді бірінші болып аяқтау
Бұл тұс та зиярат жасаушыға ұқсатылады. «Кел демек бар, кет демек жоқ» дегендей, телефон шалынған адам бірінші болып тұтқаны қоюға ыңғайсыздануы мүмкін. Сол үшін де қоңырау шалушы телефон шалудағы мәселесін айтып бітсе, бірінші болып сөзді өзі аяқтап, тұтқаны қойған жөн. онда да телефонның тұтқасын бірден тастай салмай, сөз басында сәлемдесумен бастағандығы сияқты, сөз соңында да амандық тілеп барып тұтқаны қою қажет. Әбу Һурайра (р.а) жеткізген хадисінде: «Егер біреулерің жиынға келсеңдер, сәлемдессін. Егер қайтатын болса да сәлемдессін. Біріншісінің соңғысынан «сәлемнің) ешбір артықшылығы жоқ»,- деп айтылған.
ЖЕТІНШІ: Телефон соғылғанда жауапсыз тастап қоймау
Телефонға қоңырау шалатын болса, еш себепсіз жауап бермей тастап қою дұрыс болмайды. Өйткені, қоңырау шалушы жәрдемге, көмекке мұқтаж, не маңызды хабарды жеткізу сияқты басқа да шұғыл мәселемен хабарласқан болуы әбден мүмкін. Жоғарыда қоңырау шалуды үйге кіруге рұқсат сұраумен салыстырғанымыздай, телефонға қоңырау шалынғанда жауапсыз қалдыру, үйіне әлде бір жақыны келіп, есік қаққанда үй ішінде отырып, үндемеген адамның жағдайына тең.
СЕГІЗІНШІ: Қоңырау дауысына жаман мағынадағы әуендерді қоймау
Қоңырау дауысына жаман мағынаға ие әуендер, әйел адамның сыңсыған дауысы, адамды еліктіретін әуендерді қоймауы қажет. Мұсылман адам үшін қоңырау шалынып жатқандығын білдіретін қарапайым белгі болса жетерлік. Сонымен қатар Құран аяттарын да қоймаған жөн. Өйткені, ондай жағдайда көбіне қоңырау шалғанда Құран оқылып, қоңырау тоқтатылғанда көбіне аят бел ортасынан үзіліп қалып жатады. Кейде дәретхана сынды лас жерлерде әлдебіреу қоңырау шалып, Құран аяты оқылып жатса, тағы дұрыс болмайды. Бұл Аллаһ Тағаланың ькітабына деген құрметсіздік болып табылады.
ТОҒЫЗЫНШЫ: Әйел адам ер адаммен сөйлескенде дауысын бірқатыпты ұстау
Кей әйелдер ер адаммен сөйлескенде дауысын құбылтып, өзгертіп, әсемдеп жатады. Әсіресе, бизнес саласында бұны «имидж» деп танитындар бар. Психолог ғалымдар ер адам әйел адаммен сөйлескенде сөздің мағынасынан бұрын ырғағын бірінші қабылдайтынын айтады. Бұның арты жаман ойға алып келетіндігі шындық. Шариғатымызда әйел адамның бұндай дауыс құбылтып сөйлеуі дұрыс деп танылмайды. Құранда Аллаһ Тағала: «Әй, Пайғамбардың әйелдері! Сендер әйелдерден әлде біреу сияқты емессіңдер. Егер тақуалық қылсаңдар, қылымсып сөйлемеңдер. Онда жүрегінде дерті бар әлде кім үміттенеді. Әдеттегі сөзді сөйлеңдер». Бұл аяттар Пайғамбарымыздың (с.а.с) жұбайларына айтылғанымен, аяттағы үкімдер барша мұсылман әйелдеріне қатысты болмақ. Сол үшін телефонмен сөйлескенде мұсылман әйел күнделікті табиғи дауысымен сөйлегені дұрыс.
ОНЫНШЫ: Мешітке кірерде ұялы телефонды сөндіру
Мешітке құлшылық ниетімен келген басқа мұсылмандардың құлшылығында, намаздарында, зікірлерінде ықылас танытуға кедергі келтірмес үшін мешітке кірерде ұялы телефонды толықтай сөндіріп қою қажет. Толықтай деп отырғанымыз кей адамдар мешітке кіргенде ұялы телефонның дауысын ғана сөндіріп қойып, намаз уақытында оның ызыңы (вибрация) естіліп тұрады. Бұл да басқа мұсылмандарға кедергі жасайтын,ы сөзсіз. Сол сияқты сабақ уақытында немесе «ұялы телефоныңызды сөндіріп қойыңыз» деп жазылған кей жерлерде ұялы телефонды сөндіру әдептілік деп танылады.