Үш жыл бұрын Шымкент қаласының қақ ортасындағы «Самал» базарының біршама бөлігін белгісіз жағдайда өрт шарпып, ел шулаған еді. Ал өткен аптаның жұмасында облыс орталығындағы «Бекжан» базары қалың өрттің құшағына оранып, түгелге жуығы түгі қалмай жанып кетті. Таңданарлығы сол, «Самалдағы» да, «Бекжандағы» да өрттің шығу оқиғаларының сценарийі өте ұқсас: төрт-бес нүктеден бір мезгілде тілсіз жау тұтанып, ары қарай ауыздықтауға бой бермеген. Базардың оқыстан отқа орануына бақталастар мен ішкі бақай есебі барлардың әдейі ұйымдастырған қастандық әрекеті болуы әбден мүмкін. Үш жыл бұрынғыдай бұл жолы да осындай болжам жасалды. Бұл болжам бос байбалам емес екен. Өйткені, облыстық ішкі істер департаменті «өзгенің мүлкін қасақана жою» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, өрт-техникалық сараптаманың қорытындысына сәйкес тергеу барысында «Бекжан» базары қасақана өртелгені анықталған. Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзованың сөзіне сүйенсек, бүгінде тергеу амалдарымен 56 тергеуші, 11 криминалист-сарапшы айналысуда. Өрт болған күні базар аумағын күзетпен қамтамасыз еткен 15 күзетшіден жауап алыныпты. Өрт кезінде 1980 жылы туылған Қырғызстан Республикасының азаматы қаза болған.
«Бекжан» базарында негізінен қырғыз ағайындар сауда жасайды. Ал осы уақытта сәйкестік пе, әлде бір байланыс бар ма, әйтеуір Бішкектегі үлкен базарда да өрт шығып, 1,5 мың шаршы метр алаңды жалын жаулаған. Түнде тұтанып, таңға жуық әрең ауыздықталған өртті әлдекімдер әдейі, қастандықпен жаққан деген күдік бар. Жалпы аумағы 5 гектарды құрайтын «Бекжан» базарындағы бұл оқыс оқиға базар басшысының да, осы базардан несібесін теріп, нәпақасын тауып жүрген бірнеше мыңдаған адамның да жүйкесіне салмақ салғаны түсінікті. Сауда-саттықпен күнін көріп, отбасын асырап жүргендердің арасында шаруасын дөңгелету үшін қыруар несие алғандар да бар.
- Өртенген базарды 2-3 айда қалпына келтіруге барынша күш-жігерімізді жұмсаймыз. Халықпен бірге маған да ауыртпалық түсіп тұр, мен де жәбірленушілердің бірімін. Базарды аяғынан тік тұрғызуға жұмсаған қаншама қаражатым отқа жанып кеткені оңай емес. Сөйте тұра тағдырдың сынағына мойымай, қасіретке қажымай, азаматтық ұстанымнан айнымай, өз есебімнен 300 миллионнан астам теңгені зардап шеккен халыққа өтемақы ретінде берудемін,--дейді «Бекжан» базарының құрылтайшысы Әмірхан Шүменов.
Бүгінде базар маңындағы автобекет ғимаратының екінші және үшінші қабаттарынан саудагерлерге арнайы орын дайындалуда. Мұнда шамамен 2,5 мыңдай адам орын алып, орналасуына болады. Өзге сауда нүктелеріне ауысуға ниет еткендерге де ешқандай кедергі жоқ. Әйтеуір, халық қиналмайтын жолдың барлығы қарастырылуда.
Жергілікті атқарушы билік өкілдері де жайсыз оқиғадан жол тауып шығу мақсатында күндіз-түні бас қатырып жүр. Олар банк басшыларымен келісімге келіп, оларға берешегі бар саудагерлердің несие мерзімін ұзартуға және өзге базарлардан орын тауып беруге бел шеше кірісіп кеткен. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов, Шымкент қаласының әкімі қайрат Молдасейітов бастаған атқамінерлер тығырықтан шығуға командасымен бірге тынбай атсалысып жатыр. Сондай-ақ, «Көмек-2012» атты қайырымдылық қоры құрылып, оған қиналғандарға қол ұшын созамын деп ниеттенген қайырымды жандардың аударған ақшасы түсе бастады.
Сіз не дейсіз?
Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
«Өзгенің қайғысынан олжа іздеген алаяқтар пайда болды»
- Базардағы өрттен зардап шеккендердің 1200-і құқық қорғау органдарына арнайы шағымданған болатын. Біздің есебімізше, базарда 3200-ден астам орын болғанымен, нақты көмекке зәру азаматтардың саны екі мыңға жуық. Қазіргі таңда бір жарым мыңына өтемақы берілді. Оның 250-іне жаңадан құрылған қордың есебінен жәрдем көрсетілді. Өкінішке қарай, өзгенің қайғысынан олжа іздеген алаяқтар пайда болды. Базарда орны болмаса да зардап шеккендердің тізіміне қосылып алып, ақша алғысы келген жеті адам шеттетілді. Одан бөлек осы базарда күнделікті самса, кәуәп пісіретіндер де, базарды аралап жүріп пісте, сусын сататындар да, өз тауары жоқ жай сатушылар да өздерін зардап шеккендердің қатарына қосу үшін жанталасуда. Бұлардың әрекеттері жұмысымызға көп кедергі келтіруде. Алаяқтарға жем болмау мақсатында бір күндік талон тарататын, салық жинайтын мамандар мен базар әкімшілігінің адамдары көмек беруде. Бұл, сондай-ақ, өтемақы алған азаматтардың ақшаны екінші қайтара қалталарына баспаудың алдын алады. Ораза айында халық тарапынан сабырлылық сақталса, бәрі де оңтайлы шешіледі деп сендіргіміз келеді.
Нұрғазы Бұхарбаев, «Көмек – 2012» қайырымдылық қорының директоры, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:
«Қорға алғашқы күннің өзінде 22 миллион теңге түсті»
- Базар әкімшілігі зардап шеккен азаматтарға шамасы келгенінше көмектесті. Бірақ, барлығына бірдей өтемақы таратуға мүмкіндігі жоқ. Осындай қиын кезеңде қолдау көрсету мақсатында қоғамдық қор ашуды ұйғардық. Қор комиссиясының құрамына «Нұр Отан» ХДП мүшелері, халық қалаулылары, сондай-ақ, осы базардың ішкі тыныс-тіршілігінен жақсы хабардар адамдар тартылды. Дүйсенбі күні ашылған қорға сейсенбіден бастап қаржы түсе бастады. Алғашқы күннің өзінде 22 миллион теңгеден астам ақша түсіп, ол халыққа таратылды. Қазір әр зардап шегушіге 200 мың теңге көлемінде өтемақы үлестірудеміз. Алғашқылар болып құрылысшылар ассоцияциясы, «Алаш» базары, «Отау строй» компаниясы мен Мақтарал, Қазығұрт аудандарының кәсіпкерлері қолдау білдірді. Қасиетті Рамазан айындағы қайырымдылықтарына Алла разы болсын дейміз!
Мұрағаттан, 09.08.2012 ж