Әрине, Астананың астауы үлкен. Аңыздағы Алпамыс батырдай күн емес, сағат сайын өсіп, көркейіп келе жатқан Астанада құрылыстың қарқыны басқа қалаларға қарағанда алабөтен. Бірақ бір қызығы айына бір емес, бірнеше ірі нысанның лентасы қиылып, құрылыстың көлемі жағынан Оңтүстікті он орап алатын болса да Астанадағы құрылыс компанияларының саны біздікінен әлдеқайда аз екен.
Соңғы жылдары Оңтүстіктің құрылыс саласында бәсекелестік өршіді. Арнайы бағдарлама бойынша мектеп, аурухана, тұрғын үй салуды табыс табудың оңай жолы көргендіктен мердігерлер қаптап кетті. 2005 жылдан бері құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін облыс көлемінде 1478 лицензияның беріліп кетуі осының айғағы болса керек. Алайда, лицензия иелерінің басым бөлігінің құрылыс саласына келгені кеше ғана. Қажетті техникасы мен базасы атымен жоқ мұндай компаниялардың жалғыз мақсаты – қалай да мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңіске жету. «Тендер» дегенді «жеңдер» деп еститін мұндай компаниялар үшін құрылыстың сапасы, салынатын нысанның барлық талаптарға сай болуы – екінші кезектегі мәселе.
Бір ғана дерекке назар аударалық. Техникалық базаға жоғарыда аталған 1478 лицензия иегерлерінің 25-і ғана ие. Өз меншігіндегі техникасымен бар-жоғы 97 компания мақтана алады. Қалғандарының барлығы құрал-саймандарын бөтен біреуден жалға алып отырғандар. Бұдан келіп салынған мектептердің сапасы неге төмен деген сауалдың жауабы өзінен-өзі белгілі болып тұр. Ең сорақысы сол, осынау кемшіліктердің бары белгілі болғанымен, соңғы төрт жылда бірде-бір лицензия кері қайтарылмаған. Құрылыс саласындағы олқылықтарды жойып, жағдайды ретке келтіруге ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамағаны қалай? Сапасыз құрылысты сөз жүзінде айыптағанымен, іс жүзінде шөп басын да сындырмаған шенеуніктердің кесірінен мемлекеттің бөлген қыруар қаржысы желге ұшып жатты. Пайдалануға берілген жаңа мектептің екі ай өтпей жатып тозып кеткенін өз көзімізбен көрдік. Жыл сайын жөнделгенімен, шұңқырлары азаймайтын жолдарға да үйрендік.
Бетімен кеткен салада тәртіп орнату ісі облыс басшылығына Асқар Мырзахметов келген соң ғана мықтап қолға алынды. Аты бар, заты жоқ қаптаған компаниялардың санын қысқартып, лицензияларын кері қайтаруға байланысты қатаң шара қабылдауды шегелеп тапсырған Асқар Исабекұлы осы арқылы мемлекеттік сатып алу саласында тәртіп орнатуға айрықша мән берді. Бұл ретте облысымызда тұңғыш рет «База» атты электронды-ақпараттық бағдарламасын жасақталды. Осы жоба арқылы оңтүстікте тіркелген барлық фирмалардың тізімі анықталып, кімде қандай техника, базаның бары алақанға салғандай анық көрінетін болады.
Жаңа бағдарлама қалай жұмыс істемек? Аты бар, заты жоқ құрылыс компанияларының санын қысқартуға қаншалықты септігін тигізеді? Осы сауалдарды облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалау басқармасына бастық болып жақында ғана тағайындалған Сұлтан Сүгірбаевқа жолдадық. Біршама уақыттан бері осы басқармада бастықтың орынбасары болып жұмыс істеп жүргенге дейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, Түркістан қаласының әкімі, облыс әкімі аппаратының басшысы сияқты бірқатар лауазымжды қызметтердің атқарып әбден ысылған, тәжірибесі толысқан азамат. Ол әдетегідей батыл пікірлер білдіріп, біраз жайттың басын ашып айтты.
-Құрылыс жұмыстарын жүргізуге лицензиялардың оңды-солды үлестіріліп кеткені қалай?
- Негізі, лицензия берудегі қазіргі талап бұрыннан бар. Бір ғана өзгешелігін атап өтейін. Бұрынғы Заңда «лицензия алу үшін компанияның меншігінде немесе ұзақ мерзімді жалға алынған техникасы және базасы болуы керек» делінген еді. Кіші және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бертінде бұл талап өзгеріп, «ұзақ мерзімді» деген сөз алынып тасталды. Бүгінде құрылыс компанияларының барлығы дерлік 1 жылдық жалға алу келісім-шарттарымен жұмыс істеп жүр. Оған тыйым сала алмаймыз. Жасыратыны жоқ, бұған дейін лицензияны иеленгендер заң талабын орындап отыр ма, жоқ па, ол шаруамен ешкім айналысқан жоқ. Бір байқағаным, мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпаздары атанған фирмалардың басым бөлігі соңғы бір-екі жылда ғана құрылған серіктестіктер болып табылады. Оларда не техникасы мен базасы, не тәжірибесі мен сапалы жұмысшылары жоқ. Солай бола тұра тендерде ұтып жатады.
- Неге?
- Бізде Кеңес одағы заманынан бері тірлікке араласқан ірі құрылыс компаниялары бар. Мықты техника мен база – соларда. Салған нысандарының сапасына да сын таға алмайсыз. Көлденеңнен қосылған көк аттыларға жол беріп тендерде ұтылып жатса бұған сол алпауыт компаниялардың өздері кінәлі. Олардың кемшілігі - тендердің құжаттарын дүрыстап дайындамайды. «Біз бұрыннан келе жатқан компаниямыз, тәжірибеміз мол, техникамыз бар. Тендерді біз ұтпағанда кімге береді?» деген түсінік қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Құжатынан кемшілік тапқан соң конкурстық комиссия мүшелері алпауыт екеніне қарамастан мердігерді тендерден шеттетеді. Есесіне кеше ғана құрылған, он екі де бір сайманы жоқ фирмалар мемлекеттік сатып алу конкурсына өткізген құжаттарын мұқият дайындайды. Тіпті үтір, нүктесіне дейін қате жібермей тендердің жеңімпазы атанып шыға келеді. Және бір мәселе – жаңадан құрылған фирмалардың біразы халықаралық ИСО-9001 секілді сапа сертификаттарын алып үлгерген. Мұндай қағаз ірі компаниялардың бірде-біреуінде жоқ. Бұның да конкурстық комиссияның шешіміне әсері бар. Осы секілді күрмеуі қиын мәселелерді шешуге қолданыстағы заңның күші келмейді. Техника мен базаны жалдауға тыйым салынбағаны тағы бар. Дегенмен, құрылыс саласындағы жағдайды ретке келтірудің жолдарын қарастырып жатырмыз.
- Қандай?
- «База» атты электронды-ақпараттық бағдарлама жасақтадық. Бұл бағдарламаға облысымызда тіркелген барлық құрылыс компанияларының мәліметтері енгізіледі. Мониторинг жүргізудің арқасында кез-келген фирманың қандай базасы, техникасы барын анықтай аламыз. Осының нәтижесінде мынадай тәсіл қолдануға көштік: техникасы мен базасын жалға ұсынған компанияның өзінде не қалады? Оның да жауапкершілігінде құрылыс нысандары бар. Демек, техника мен база өзіне де керек. Ал, бір экскаваторды қатарынан бірнеше фирманың жалдап отыруы ақылға қона ма? Жалға беруші компания басшылығына «меншігіңдегі техника атаулының барлығын жалға беріп жіберсең өзің қалай жұмыс істемексің?» деп, осы кемшіліктің салдарынан лицензиядан айырылуы мүмкін екенін ескертеміз. Кеңсе бөлмесінен басқа түгі жоқ фирмалар жалға алған техникадан айырылса лицензиясын тапсыруынан басқа амалы қалмайды.
- Бұл бастаманың кезекті науқан ретінде қалып қоймай, нақты нәлтиже беретініне сенесіз бе?
- Сізге мына деректі келтірейін. Шілде айынан бері мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалау басқармасы облыстағы 184 құрылыс компаниясына тексеру жүргізіп, анықталған кемшіліктерге байланысты 138 лицензия кері қайтарылды. Тексеру жұмыстарының барысында мынадай да сорақылықтардың куәсі болдық: мердігердің бірі «базаның аумағы 158 шаршы метр» деп көрсетіпті. Өзіңіз ойлап қараңыз, ұзындығы 15, ені 10 метрді құрайтын алақандай ғана жерге 3 кран, 4 ауыр жүк көлігі мен бульдозерді «сыйғызып» жіберген. Әрине, бұл мердігерге де тиісті шара қолдандық. Лицензиясын тапсырғандардың қатарында 6 шетелдік компания да болды. Шетелдік компаниялар жергілікті фирмалардың құрылтайшылары ретінде тіркеліп, облыс көлемінде ірі нысандардың құрылысын жүргізді. Мәселен Шымкент шаһарында бұрын-соңды болмаған алып сауда нүктесі-Мегаорталықты түріктер салса, қытайлар Шардарада су қоймасының бөгетін тұрғызды. Олар кезінде нысандарды салу бойынша бір реттік лицензия алған. Яғни, құрылыс жұмыстары аяқталған бойда лицензиялары кері қайтарылуы керек еді. Алайда, нысандардың пайдалануға беріліп қойғанына бірнеше жылдың жүзі болса да, лицензия кері өткізілмепті. 17 лицензия иесінің заңды мекен-жайлары ауысқанына назар аударылмаған. Ақтау, Астана, Атырау қалаларына көшіп кеткен фирмалар бар.
Ашып айтатын бір жайт, бізде құрылыс компанияларының санын 500-ге, немесе 300-ге дейін қысқарту деген мақсат жоқ. Мақсат- құрылыс жұмыстарымен сапалы әрі сенімді мердігерлердің шұғылдануына жағдай жасау. Осы бағыттағы жұмыс міндетті түрде әрі қарай жалғасын табады.
"Рейтинг" газеті