Бірінші орын журналистерде. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері аптасына орта есеппен 352 грамм таза спирт ішеді екен. Ағылшын дәрігерлерінің айтуынша, алкогольді тұтыну көрсеткіші аптасына ерлер үшін 224 грамм, әйелдер үшін 168 грамнан аспауы тиіс. Осы елдің журналистері көбінесе шарап (аптасына шамамен 1,5 шөлмек) ішуге құмар екен.
Пресса өкілдерінен кейінгі екінші орынды компьютерлік бағдарлама жасаушылар иеленіпті. Бұлардың апталық «дозасы» - 272 грамм. Сондай-ақ, қаржы саласы, сақтандыру компаниялары мен жылжымайтын мүлік агенттіктерінің қызметкерлері, мұғалімдер мен көлік жүргізушілері де өзгелерге қарағанда ішкілікке құмар. Бұл жайт Англияның денсаулық сақтау саласына жауапты азаматтарын қатты алаңдатып отыр.
Англияда ең ішкіш мамандықтардың рейтингісін анықтады. Кең ауқымды зерттеу Know Your Limits алкогольге қарсы күрес науқанының шеңберінде (сөзбе-сөз аудармасы – «өз шамаңды біл» дегенді білдіреді) жүргізілді.
Бұл Англияда. Қазақстанда кімнің қанша ішетінін ешкім есептеп көрмепті. Бізде ішкілік мәселесін дәрігерлерден бұрын дін өкілдері жиі қозғайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің бас мүфтиі Әбсаттар Дербісәлі қасиетті Ораза айында арақ-шарап сатуға және пайдалануға тыйым салу жайлы ұсынысын айтқан еді. Бірақ, мүфтидің бастамасына қолдау көрсеткен жан табылмады.