Англияның мақтанышына айналған «Бентли» маркалы көлігін білмейтін жан жоқ, сірә. Әйгілі «Ролс-Ройспен» қатар тұратын «Бентли» – кез-келген көлік жүргізушінің арманы. Дегенмен, Болгариядағы «Бентли» жүргізушілеріне тықыр таянды. Бұл елдің салық агенттігі «Бентли» көлігі иелерінің табысын тексере бастады. Қазіргі таңда мемлекетте тіркелген «Бентли» маркалы автокөліктерінің саны 105-ке жетіпті. Болгария ұлттық салық агенттігі таратқан мәліметіне жүгінсек, осы 105 азамат қымбат көлікті қалай сатып алған, түскен табысының заңдылығын жан-жақты тексерілмек. Басты назар салық төлеу мәселесіне қойылады. Тіпті, елеусіз кемшіліктер табылса да ең жоғары айыппұл белгіленбек. Себебі, «Бентлиді» сатып алуға шамасы жеткен азамат кез-келген айыппұлды төлеуге қабілеті бар.
Бір ғана нәрсе түсініксіз: Болгария неге дәл осы «Бентлиге» шүйлікті? Неге «Феррари» немесе «Порше» емес? Ең қымбат көліктердің рейтингісінде «Бентлиден» де озған темір тұлпарлар бар. Қалай дегенмен, қазақстандық салық органдары үлгі аларлық бастама екен.