Осыдан 30 жыл бұрын Ауған соғысына КСРО аумағынан мыңдаған сарбаз қатысқан болатын. Қолда бар деректерге сүйенсек, осы соғыста Кеңес Одағынан 15 мың 51 адам оққа ұшып, 118 ұшақ, 800 танк және 11 мың 369 әртүрлі әскери техникалар жойылып кетті. Ауған соғысына қатысқан қазақстандықтардың саны – 22 мың 269 жауынгерге жеткен. Соғыс даласында Қазақстан 924 боздағынан айрылса, 1015 жас елге мүгедек болып оралған. 21 солдат іс - түзсіз кеткен.
Сұм соғысқа Түркістан облысынан екі мыңнан аса азамат ілініп, ауған қасіретін көзбен көрген болатын. Бүгінгі таңда олардың дені «соғыс» деген суық сөздің мән-мағынасын, қасіретін түсіндіруден жалыққан емес. Майдангер азаматтар – өмір мектебін, соғыс мектебін көрген, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін буын.
Бүгін Кеңес әскері шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына байланысты Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е. Садыр 8 ауған соғысының ардагерін «Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 30 жыл» төс белгісімен марапаттады. Олардың қатарында Бегімбетов Түгел Бекбайұлы, Лештаев Орынбасар Лесбайұлы, Алимов Қошан Анварұлы, Мұсаев Құнанбай Абибуллаұлы, Сахметов Қайрат Манатбекұлы, Мамытбеков Алмасбек Кеңесбекұлы, Есімов Ғалымжан Абайұлы, Чингизбаев Мақсат Миркайұлы бар. Облыс әкімінің орынбасары құттықтау сөзін сөйлеп, бүгінгі күннің батырларына жылы лебізін білдірді.
Түркістан облысы ішкі саясат басқармасы