Енді оған «Халық қаһарманы» атағын беру туралы ұсыныс айтылды. Өткен аптаның соңында Шымкент қаласындағы «Жеңіс» саябағының алдында адамзаттың бесігі атанған Қазығұртта кіндік қаны тамған, биыл туылғанына 110 жыл толып отырған Кеңес Одағының батыры, Орта Азиядан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рақымовқа арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Биіктігі 4 метр 20 сантиметр, ал тұғырымен қоса есептегенде 7 метрден асатын ескерткіштің авторлары белгілі сәулетшілер Сұлтан Иляев пен Әбдуахат Мұратбаев. Ерлігі ел есінде мәңгі сақталатын тұғырлы тұлғаны ұлықтаған жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған атқамінерлер қатысты. Алматыдан, Астанадан, Қазақстанның әр тарапынан жиылған дүйім жұртшылықтың арасынан сөз алғандардың ішінде әскери ғылымдар докторы, генерал Нұралы Асылов Сабыр Рақымовқа «Халық қаһарманы» атағын беру қажеттігі жөнінде мемлекет басшысына ұсыныс жасау туралы көпшіліктің көкейін көптен бері мазалап жүрген ордалы ойды ортаға тастады. Несі бар, әбден дұрыс, өте орынды ұсыныс-ақ. Ендігі мәселе Елбасының құзырында.
Мұрағаттан: 04.10.2012