Менің отау құрғаныма тура 30 жыл толыпты. 1979 жылы 26-шілде күні үйлендім. Әйелім Нұрзайым Маханқызы Омаровамен үйлену тойым Келес ауданының орталығындағы «Келес» мейрамханасында өтті. Аудандық «Мақташы» газетінде редактордың орынбасары болып қызмет атқаратынмын.
Газет редакторы Гүләйна Сәлімбаева:
- Біздің Серік үйленді. Газеттің журналистері осы тойды өткізуіміз керек. Сендермен ақылдасқалы отырмын, - деді.
- Қай жерге өткіземіз? – деді Шерияздан Серімбетов.
- Жаңадан ашылған «Келес» мейрамханасында. Мен жаңа аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Ұлықпан Бәшеновпен телефон арқылы хабарластым. Біз журналистерміз. Осыны ұмытпаңдар? – деді редактор.
Оңғар Исаев, Кеңес Әбдірахманов, Құрбанәлі Жүнісов, Орынкүл Тәжиева, бәрі де редактордың ұсынысын қолдады.
- Тойды журналистер жасайтын болдық, - деп Бекзат Маханов ризашылығын білдірді.
- «Мақташы» газетінің тарихи орны бар. Беделді басылым. Бұл газетте Тоқаш Бердияров пен Төлеген Айбергеновтердің өлеңдері басылған, - деп Орынкүл Тәжиева мақтана сөйледі...
Өз-өзімнен ойға берілдім. ҚазМҰУ-ды 1977 жылы бітірдім. Арада екі жыл өтті. Ағайын-туыстар Талдықорған мен Алматыда тұрады. Бұл жерде жалғыз өзім. Редакторға кірдім.
- Апай, тойды жасамай-ақ қояйықшы, менің туысқандарым келмейді, - дедім.
- Бос сөзді тоқтат. Ешкім ағайын-туғанын, руласын жанына байлап жүрген жоқ. Сен журналист екеніңді ұмытпа. Әкең мен анаң өмірден өткен екен. Тірі болса, келер еді. Келес өңірінде сенің тойыңды өткізіп береміз. Қанымыз бір қазақпыз, - деді Гүләйнә Сәлімбаева. Мен үнсіз қалдым.
- Ойланып үйленген шығарсың. Ертең елге күлкі болма. Қазір ажырасып жатқандар көп. Қиыншылықтарға кез болсаң, жасыма. Өмір-күрес, - деді редактор. Менің көңілімнің бір жерде тұрмағанын сезіп отырған сияқты.
Абай селосының көшесімен ойланып келе жатырмын. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген редактордың сөзі есіме оралды. Бір бөлмелі үйге кірдім. Нұрзайым отыр екен.
- Той «Келес» мейрамханасында өтетін болды, - дедім.
- Жақсы болды. Шымкенттен ағам Сейіт пен жеңгем Мейрамкүл келеді, - деп ол қуанды.
Үйге көршілерім - Шәмші Қалдаяқовтың туған қарындасы Райхан, Саво, татар жігіті Рафаэл, Бақтыбай мен Роза, Жәмиләлар келді.
- Біз көршіміз. Алғашқы қуаныштарыңды бірге бөлісеміз. Бақытты болыңдар, - деді Бақтыбай.
- Мен ағам Шәмшінің бір әнін салып беремін, - деп Райхан «Сыр сұлуын» айтты.
- Менің ұлтым грек. Осы жерде өстім. Бақытты болыңдар, - деді Саво.
Көршілерім ән айтып, би биледі.
- Серік үшін, Нұрзайым үшін, - деп тост көтерді. Олардың жүзінен қуаныш лебі есіп тұрғандай болды...
Жастық шақ әр адамды биік-биік армандарға жетелейді. ҚазМҰУ-дың журналистика факультетінде оқып жүргенде өзіме жақын жүретін достарым Ораз Қауғабаев, Ұлықбек Есдәулетов, Қуандық Түменбаев, Төрегелді Байтасов, Бекен Шолановтар Келесте өткен тойыма келе алмады. Студенттік кездерді бірге өткізген күндер сағынышқа айналды. Бүгінде бізді атақты профессорлар Т.Амандосов пен Т.Қожакеевтердің оқытқанын мақтанышпен еске аламыз.
Енді Келестегі «Мақташы» газетінің редакциясынан Кеңес Әбдірахманов, Оңғар Исаев, Бекзат Маханов сияқты жаңа достар таптым. Курстасым Әбдіғани Қасымбеков «Чапаев» совхозының комсомол ұйымының хатшысы болып қызмет атқарды. Әкесі Шайхы Қасымбеков Ленин орденді, елге белгілі азамат болатын. Тойда Әзімхан, Үшкірбай ағалар пен Нұржамал апай ақ батасын берді. «Бірлік» совхозының директоры Сәбит Тілеубердиев ағамыз қамқорлық жасады. Сол кезде менің жасым 27-де, Нұрзайым Маханқызы 23 жаста екен.
Курстас досым Қуандық Түменбаев ҚазМҰУ-ды бітірген соң Ырысалды есімді қызға үйленді.
- Серік, сен күйеу жолдас боласың, - деді Қуандық. Өзі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Авангар колхозының жігіті. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаевтың туысқаны. Ол кісі туралы «Қайың сапты кетпен» деген повест жазды. Мен өмірімде бірінші рет күйеу жолдас болдым. Той Алматы қаласында өтті.
- Сен үйленсең мен күйеу жолдас боламын, - деді Қуандық. Мен қуанып кетіп, Қуандықты құшақтадым. Ал өмір басқа болып шықты. Арада бір жыл өткен соң курстасым Әбдіғани Қасымбеков күйеу жолдас болды.
«Келес» мейрамханасындағы тойға Г.Сәлімбаева бастаған журналистер келді. Медет досым өзімен бірге Қазақстанның халық әртісі Торғын Тасыбекова мен оның күйеуі, Келес өңірінің түлегі, М.Әуезов атындағы драма театрының белді әртісі Әшірәлі Кенжеевті құтты мейман ретінде шақырды. «Қазақстан пионері» газетінің бөлім меңгерушісі Әшірбек Амангелдиев те тойда болды...
Өмір деген күрделі. Біреуге жағасың, біреуге жақпайсың. Артыңнан сөз көп ілеседі.
- Балаларды тәрбиелеп, білім әперейік. Сен осыны ойла. Ешкіммен қызметке таласпа, өзің жалғыз жігітсің, - деді әйелім. 1994 жылдан бастап бәрін доғардым. Ешкімнің менде жұмысы да болмады. Рахат. Балаларды тәрбиеледім. «Шымкент келбеті» газетінің редакторы Жұмамұрат Тұяқбаев жазған мақалама қаламақы төлеп тұрды. Балаларымды киіндірдім. 4 перзент тәрбиелеп өсірдік. Қатты қиналған кездер де болды. Ешкімге барып басымды иіп, қызмет сұрамадым. Қазір менің досым да, бауырым да, жанашырларым да өзімнің отбасым. Келес өңірі біз үшін тым ыстық еді. «Мақташы» газетіндегі өткен күндерім ең бір ұмытылмас сәттер...
"Рейтинг" газеті