Қазақтың әр биінде ұлтымыздың тарихы жатыр

Oinet.kz 09-08-2025 14

Қазақ ұлтының мәдениетін дамыту, би өнерін ұрпақтан-ұрпаққа насихаттауда Шымкент қаласындағы «Қазына» би ансамбілінің қосып отырған үлесі аз емес. Осындай өнер ұжымдары барда ұлттық өнер ешқашан өшпейді, өлмейді. 

Screenshot_4.jpg

Бүгінде «Қазына» би ансамбілі талайдың жүрегіне жол салып, өнерімен талайды мойындатқан ұжым. Би ансамблі ұлттық өнерімізді елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде танытып жүр. «Қазына» би ансамбілі талай рет шет мемлекеттерге шығып, өнер көрсетіп, ұлттық би өнерін биікке көтерді. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері Зауре Әжібекованың  айтуынша, үздік би ансамблі республикалық, шетелдік талай додаларды бағындырып, әлемге еліміздің атын паш етіп жүр. Атап айтсақ, кейінгі жылдардың өзінде республикалық, халықаралық талай додаларға қатысып, Шымкент қаласының абыройын асқақтатты. Былтыр би ансамблі елордамыз Астана қаласында өткен «НАУРЫЗ-2024» республикалық байқауында «Үздік ұлттық би ансамблі» атағын иеленді. Ал Ресейдің Пенза қаласында өткен VIII халықаралық хореографиялық өнер фестивалінде «ПРОФИ» номинациясында гран-при иегері атанса, Өзбекстанның Хиуа қаласында өткен II Халықаралық «LAZGI» би фестивалінде I орынға ие болып, қазақ би өнерінің ғажайыптығын әлемге паш етті. Би ұжымының мұндай жетістіктер бұдан да көп.

Жалпы отыз алты жылдық тарихы бар ұжымның өнеріне тәнті болмаған өнерсүйер қауым жоқ шығар. Киелі сахнада ұлттық биімізді мың бұрала билеген өнерпаз қыз-жігіттер өнерімен қатар, ұлттық киімдерімізді дәріптеуінің өзі қуантады әрі сүйсіндіреді. Шымкенттегі «Қазына» би ансамблі 1989 жылы Әл-Фараби атындағы мәдениет институтының негізінде құрылған. Би тобының алғашқы жетекшісі – Сәуле Балбарақова, ал көркемдік жетекшісі – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері марқұм Мұса Жарқынбеков болған. Қазіргі таңда ансамбльдің көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты Зауре Әжібекова Бекембайқызы. 

Қазақтың әр биінде ұлтымыздың тарихы жатыр. Айталық, «Шалқыма», «Қылышпан», «Киіз басу», «Құсбегі дауылпазы», «Балбырауын», «Алқақотан» сияқты билерде тек би техникасы, қимыл-қозғалыстар ғана емес, әрқайсысында философиялық мағына жатыр. Би құдіреті тұтас бір ұрпақты тәрбиелейді, ұлттық руханиятты насихаттайды.

– «Қазына» би ансамбілі 2019 жылдан бері «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК мекемесінің құрамында өнер көрсетіп келеді. Биылтыр шығармашылық ұжым 35 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. «Fashion show by QAZYNA» дефилесінде көрерменге 35 жыл сақталған бишілердің костюмдері мен репертуарын ұсындық. Бүгінгі күні «Қазына» би ансамблінің құрамында 22 биші бар. Олардың әрқайсысы кәсіби мамандар. Балалар студиясында мектеп оқушылары мен студенттерге бойындағы қабілетін шыңдауға мүмкіндік бар, – дейді Зәуре Бекембайқызы.

Аспан астындағы мәдени іс-шара жастар рухын көтерді
Ұлттық өнерді ұлықтап, қайта жаңғыртып жүрген жанның еңбегі елеулі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу