Шымкент қаласында кәсіпкерлерге МӘМС бойынша түсінік берілді
Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында жазылғандай, Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің қатысуымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы денсаулық сақтау салалық кеңесінің отырысы өтті.
Аталған жиында кәсіпкерлерге еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне енгізілген өзгерістер, оның негізгі қағидаттары жан-жақты түсіндірілді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Шалхар Шеримовтың айтуынша, қала тұрғындарының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қамтылуы 83 пайызды құрап, 1 миллионнан аса адамның сақтандырылғанын айтты.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі елімізде 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Өз басым МӘМС жүйесі туралы кеңінен түсіндірудің қажеті аз деп ойлаймын. Қазіргі басты мақсат – еліміздің азаматтарын барынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту. Қазіргі таңда қазақстандықтандың 83 пайызы сақтандырылған деген ресми мәлімет бар. Тағы бір жақсы жаңалық – бұған дейін жарна төлемей қалған жағдайда адамның сақтандыру мәртебесі 3 ай ғана сақталатын еді, енді 5 жыл бойы тұрақты жарна төлеген адам болса, жұмысынан айырылған жағдайда бұл мәртебе 6 айға дейін сақталады. Яғни, азаматтар уақытша табысынан айырылып қалса да, медициналық көмексіз қалмайды. Бірақ кейін сол уақыттағы қарызын өтеуі керек болады», – деді Шалхар Шеримов.
Ал Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев өз сөзінде кәсіпкерлерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің аударымдары туралы айтып берді. «Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 2026 жылдан бастап бірқатар өзгеріс енгізілгелі отыр. Соның бірі – әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін МӘМС аударымдары жергілікті бюджеттен төленеді. Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыс және шұғыл жағдайдағы, яғни, Д және Е деңгейдегі азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлейді. Бұл өзгеріс 2026 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Бұған дейін мемлекет тарапынан 15 санаттағы азаматтар үшін жарна аударылып келді. Одан кейін жұмыс берушілер өздерінің жұмысшылары үшін, ал жеке кәсіпкерлер мен өздерін жұмыспен қамтығандар өздері үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жарнасын төлеп келеді. Осы қатарға енді 2026 жылдың 1 қаңтардан бастап жергілікті атқарушы органдар да еніп, Д және Е санаттағы азаматтар үшін жарна аудара бастайды» – дейді ол.
Жиын барсында кәсіпкерлер бұл тақырып бойынша өзерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандарың жауабын алды.