Шымкент қаласында жекеменшік мектеп оқушылары да әлеуметтік көмек алатын болды
Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында жарияланғандай, Шымкент қаласындағы жеке меншік мектептер де білім алатын оқушылар да «Мектепке жол» акциясы аясында қолдаумен қамтылады.
Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Ақжарқын Тұрсынованың айтуынша, биыл жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде дәстүрлі түрде өткізілетін «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы 1 тамыздан 1 қазан аралығында өткізіледі. Акция аясында мемлекеттік мектептерде білім алатын 56 мыңға жуық оқушыға әлеуметтік көмек көрсету жоспарланса, биыл алғаш рет жекеменшік мектеп оқушылары да осы қолдауға ие болады.
Атап айтсақ, көмек келесі санаттарға жататын отбасылардан шыққан балаларға көрсетіледі; атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балалары; жан басына шаққан табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккен немесе шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардың балалары; мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған немесе өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың балалары.
– Жалпы мемлекеттік білім беру мектептерінің барлығында қаржы қаралып, оқушылардың саны анықталып қойған. Бүгінгі таңда 56432 оқушыға мемлекеттік мектептерде қаралып тұр. Бұл 2 миллиард 600 миллион теңге. Яғни әрбір оқушыға 46223 теңгеден қаралған. Жалпы жылдағыдай 64 қаулыдағы 5 санаттағы оқушылар болса сол оқушылардың барлығына түгел қаралады. Биыл бұл қаулыға ата-аналардың өтінішіне сәйкес өзгеріс енгізілілді. Бұрын жекеменшік мектептегі ата-аналар ол көмекті алмай келсе, биылғы жаңа оқу жылынан бастап жекеменшік мектептегі ата-аналар қаулыға енгізілген өзгеріске сәйкес әлеуметтік көмек алматын болды, - деп атап өтті Ақжарқын Тұрсынова.
Қалалық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, 57 мыңға жуық оқушы жаңа оқу жылы қарсаңында оқу-құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз етіледі. Қаржылай қолдау бюджет қаражаты есебінен ғана емес, сонымен қатар ел ішінде ізгілік пен жанашырлықты ту еткен демеушілердің де көмегімен жүзеге асырылады. Ал ата-аналар жаңа оқу жылы қарсаңында бюджет қаражатынан бөлінген қаржыға оқушыларға қажетті киім-кешек пен құрал-жабдықтар сатып ала алады. Ол материалдық көмектің мөлшері – 46500 теңге. Бүгіннен бастап ата-аналар немесе баланың заңды өкілдері тиісті құжаттарды жинақтап, білім беру ұйымына ұсыну арқылы материалдық көмекке өтініш бере алады.