Шымкент қаласының жастары «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілі ұйымдастырды
Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында жазылғандай, шаһарда қала әкімдігінің ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Таза Шым» экологиялық акциясы жалғасын табуда.
Жастар ресурстық орталығының басшысы міндетін уақытша атқарушы Аружан Русланқызының айтуынша, Шымкент қаласында жалпы республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды тазалық жұмыстары Б.Момышұлы көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында, сонымен қатар Қаратау мен Еңбекші аудандарына қарасты бірнеше көшеде қатар ұйымдастырылды.
– Президентіміздің тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» акциясы қаламызда жиі ұйымдастырылып отырады. Осы акция аясында жастар сенбілікке шығып, көпқабатты аулалар мен көшелрді күл-қоқыстан тазартты. Осылайша ел жастары өздерінің азаматтығын, Отанына, туған жеріне деген патриоттық сезімін танытты. Ал жастардың қатысуымен өткен акцияның мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін арттырып, қоғамда тазалыққа деген жауапкершілікті нығайту. Бұл іс-шараға белсенді еріктілер тартылып, олар аулалардағы қоқыстарды жинап, қураған шөптер мен бұталарды тазалап, айналаны сыпыру сияқты жұмыстарды атқарды. Осындай игі бастамалар арқылы жастар қала тазалығына бейжай қарамай, табиғатқа деген сүйіспеншілігін көрсетіп келеді, – деп атап өтті ол.
Бұл – тек тазалық емес, ұрпақ тәрбиесі мен азаматтық белсенділікті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Осы бір көпшілік іс-шарадан қалыс қалмаған Шымкент қаласына қарасты Қаратау ауданынының жастары акция аясында Ахметбаев және Көмекбаев көшелерінде сенбілік ұйымдастырды. Ол іс-шараға көше тұрғындары да үлес қосты. Қаратау ауданы әкімдігіне қарасты коммуналдық мемлекеттік мекеменің бөлім басшысы Бағдат Ахметовтың айтуынша, сенбілікке барлығы 60 адам тартылып, алты техника жұмылдырылған. Оның ішінде бір КамАЗ жүк көлігі мен бір жүктегіш техника аумақты тұрмыстық қалдықтан тазартуға көмектескен. «Бұл шара бір күндік науқан емес. Біз апта сайын қаланың түрлі көшелерін қамтып, тұрақты түрде сенбілік өткізіп келеміз. Бүгінгі мақсатымыз – «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауламызды ғана емес, көзқарасымызды да жаңарту. Қала мәдениеті – алдымен өз көшесін таза ұстаудан басталады», – дейді ол.
Мұндай іс-шара Еңбекші ауданында да жалғасын тапты. Мұнда Түркістан көшесінің бойы арнайы техниканың көмегімен тазартылып, жиналып қалған қураған шөптер мен күл-қоқыс түгелдей шығарылды. Сонымен қатар, көше бойындағы ағаш өсінділері кесіліп, ретке келтірілді. Сондай-ақ тұрғындардың демалыс орнына айналған балалар алаңшаларының айналасы да қалыпқа кетіріліп, сынған әткеншектер мен ойын құралдары жөнделіп, сырлау жұмыстары жүргізілді.