Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі 928 азаматқа үйде қызмет көрсетілуде

Oinet.kz 26-07-2025 3

Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында жазылғандай, қалада жыл басынан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы арқылы 928 адамға үйде қызмет көрсетілген.

Screenshot_1.jpg

Ол қызмет Шымкент қаласындағы №7 үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы арқылы іске асырылып отыр.  

Аталған орталықтың негізгі бағыты – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үй жағдайында қолдау көрсету. Қызмет алушыларға медициналық, психологиялық, әлеуметтік-тұрмыстық, педагогикалық, құқықтық, мәдени, еңбек және экономикалық бағытта кешенді көмек көрсетілуде. Мамандар олардың әрқайсысының жағдайын жеке зерттеп, қажетті көмекті уақытылы ұйымдастырады.

Атап өтерлігі орталық негізінен жалғыз ілікті, егде жастағы өз-өзіне күтім жасай алмайтын қарияларға, сонымен бірге I және II топтағы мүгедектер, тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар ерекше балалар мен ересектерге үйде қызмет көрсетеді. 

Орталық қызметкерлерінің айтуынша, орталық – тек көмек көрсететін мекеме емес, өмірге үміт сыйлайтын орын. Мұнда әрбір адам назарда, әрбір мұқтаж – қамқорлықта. «Орталық жалғыз ілікті, егде жастағы өз-өзіне күтім жасай алмайтын қарияларға мерекелік күндері арнайы құттықтап отырады. Мәселен, «Алғыс айту» күніне орай видео-роликтер мен кештер ұйымдастырылса, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінде, және Жеңіс мерекесі күндері қарт аналарға азық-түлік себеттері таратылды. Тыл ардагерлеріне Президент Жарлығына сәйкес медальдар мен сыйлықтар үлестірілді. Сондай-ақ орталық балаларға тек көмек көрсетіп қана қоймай, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға ерекше мән беріп келеді», - дейді орталық қызметкерлері. 

Мұнда қызмет сапасын арттыру мақсатында Орталық құқық қорғау, білім, денсаулық сақтау және заңгерлік ұйымдармен ынтымақтастық орнатып, бірлескен жұмыс жүргізуде. Әлеуметтік қызметкерлер мен күтім мамандары қызмет алушылардың үйлерін тұрақты түрде аралап, фототіркеу арқылы есеп береді. 2025 жылы 354 қызмет алушымен жеке кездесулер өткізіліп, тұрмыс жағдайлары зерттелген. 

Сондай-ақ орталық қызметкерлері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жөргек, жаялық, тері күтіміне арналған құралдар, ортопедиялық аяқ киім, таяқша, балдақ, әлеуметтік такси, оңалту орталықтарына жолдама және басқа да техникалық құралдарға өтініш беруге көмек көрсетіп келеді. Осының арқасында жыл басынан бері нақты көмек алғандар саны артқан. Жалпы орталық әрбір қызмет алушының қажеттілігі назардан тыс қалдырмай, үнемі өз бақылауында ұстап, қамқорлық жасап, көңіл бөліп келеді.

Шымкент қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қорының еріктілер мектебі ашылды
Шымкент қаласында «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық байқауының қорытындысы тамызда шығарылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу