Шымкент қаласында имамдар мен өзге дін өкілдері спорт алаңында кездесті

Oinet.kz 09-10-2023 161

Шымкент қаласында діни конфессия өкілдері бұқаралық спорт түрлерінің дамуына үлестерін қосты. Қазақстан мұсылман діни басқармасының Шымкент өкілдігінің найб-имамы Мұхамеджан Естеміровтың айтуынша, Шымкент қаласының діни конфессия өкілдерінен жасақталған 20 команда спорттың футбол, үстел тенисі және шахмат түрлерінен бақ сынасты. 

Screenshot_98.jpg

18 қазан – Рухани келісім күніне орайластырылған діни конфессия өкілдері арасында спартакиада өз мәресіне жетті. Татулық пен келісімді нығайтатын, бұқаралық спортты насихаттайтын бәйгені қаланың Дін істері басқармасы мен «Жалын» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр. Сайысқа қатысқан командалар өзара алаңда бақ сынасып, шеберліктерін көрсетті. Спорттық іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылардың да белсенділігі өте жоғары болды. 

– Бірлік пен спортты насихаттайтын мұндай іс-шаралар жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Діни бірлестіктердің спартакиадаға қатысу белсенділігі өте жоғары. Елімізде түрлі ұлттар мен дін өкілдері мекен еткен. Дін өкілдері арасындағы ынтымақты нығайту үшін бүгінгі сайыстың мәні зор деп білеміз. Орталық мешіт – Ақмешіт жанынан ұлттық спортты дамыту орталығы ашылған. Сонымен бірге, медреседе білім алатын шәкірттерден құралған футбол, үстел тенисінен де команда жасақталған. Спорт – жан мен тән саулығының кепілі. Біз жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау үшін осылай спортпен шұғылдануына жағдай жасап отырмыз. Бүгінгі жарыста Ақмешіттің атынан қатысқан 5 команда өте жақсы ойын көрсетті, - деді Мұхамеджан Жамантайұлы. 

Спорттық сайыс медицина қызметкерлерінің бақылауында сақтық шараларын сақтай отырып ұйымдастырылған. Ойын нәтижесінде футболдан бірінші орынды «Барс» командасы, екінші орынды «Атсербек», үшінші орынды  «Ақмешіт» және төртінші орынды «Әл-Фараби» командалары иеленді. 

Шахматтан бірінші орынға Данил Олейников, 2 орынға Хамра Валаев  және 3 орынға Равшан Жолаев лайықты болды. Үстел теннисінен 1 орынды Михаил Миханов, 2 орынды Заманай Саматов, 3 орынды Асамедин Юсупов қанжығалады. Барлық қатысушылар ұйымдастырушылардың атынан алғыс хатпен марапатталды. Ал жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен кубок табысталды.

Шымкент қаласында 170 адам баспаналы болды
Шымкент қаласында еріктілердің рөлі артуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу