«Нұрлы жердің» шарапаты жастарға да тиюде

Oinet.kz 23-03-2021 851

Screenshot_5.jpg

Үшінші мегаполистегі тұрақты жұмысы бар жастардың екінші легі баспаналы болды. Бұл жолы сатып алу құқығынсыз бес жыл мерзімге жалға берілетін пәтерге 300 жастың қолы жетіп отыр. 

Қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Абылайхан Әлібекұлының айтуынша, жалдамалы пәтерге үміткер бола алатын жастардың санаты арнайы заңмен белгіленген. 29 жасқа дейінгі тұрақты жұмысы бар және айлық табысы 40 АЕК кем емес, атында соңғы бес жылда жылжымайтын мүлік тіркелмеген, қалада тұрақты тіркеуде екі жылдан аса тұрған жастар осы бағдарлама аясында баспанаға ие болады.

– 25-27 қаңтар аралығында жастарға арналған сатып алу құқығынсыз берілетін үйлерге өтінімдер қабылданды. «shymkent-baspana.kz» ақпараттық cайты арқылы 3 648 өтініш келіп түскен. Оның 696-сы қалалық тұрғын үй комиссиясының қарауына ұсынылды. Нәтижесінде, балл жүйесі бойынша жоғары көрсеткіштегі 300 азаматты тұрғын үймен қамту туралы шешім қабылданып, тізімдері жарияланды. Алдағы аптада байқау жеңімпаздарымен келісімшарт түзілетін болады. Бір бөлмелі – 195, екі бөлмелі 105 пәтер бар. Бұл баспаналар Жаңа Тұрлан, Тұран және Асар-2 шағынаудандарынан беріледі. Үйдің төменгі қабаттарындағы пәтерлерді отбасы мүшелерінде І, ІІ топ мүгедектері бар немесе мүгедек бала тәрбиелеуші отбасылар, созылмалы дертпен ауыратын азаматтарға бөлу және одан кейінгі кезекте азаматтардың балл саны мен бала санына қарай орналастыру көзделіп отыр, – деді Абылайхан Әлібекұлы.

Былтыр елдегі төтенше жағдайға байланысты «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы алынатын үйлердің бюджеті қысқартылған. Биыл жыл соңына дейін тағы 900 пәтер алу көзделіп отыр. 


«1000 сауда нүктесі» жобасы кәсіпкерлерге қолдау көрсетпек
Түркістандағы «Азаматтарға арналған үкіметтің» жұмысы жоғары бағаланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу