№12 спорт мектебіне қосымша ғимарат салынуда
Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспарды одан әрі іске асыруды жалғастыру және ағымдағы жылы спортпен айналысатын азаматтардың үлесін 33%-ға дейін арттыру жөніндегі стратегиялық мақсатқа қол жеткізу қажет. Инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде спорт ғимараттары желісін кеңейтуге және халықтың барлық топтары үшін қолжетімділікті арттыруға ерекше назар аудару керек» деп сала мамандарына нақты тапсырма берген болатын.
Миллионнан аса тұрғыны бар Шымкент қаласында соңғы жылдары спорт нысандары көптеп бой көтеруде.
Айталық Сайрам тұрғын алабындағы №12 спорт мектебіне қосымша ғимарат салынуда. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың жазында басталған. Мердігер мекеме «КАЗОЙЛСЕРВИС» ЖШС нысанды уақытылы тапсырамыз деп отыр.
Жобаның жалпы құны 750,5 млн. теңгені құрайды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша жер жұмыстары – 10 пайызға, ирригация – 20 пайызға орындалды.
Спорт мектебінде 6-18 жас аралығындағы жастарды спорттың 8 түрінен спортқа баулиды. Атап айтқанда волейбол, бокс, дзюдо, еркін күрес, үстел теннисі, баскетбол, таеквондо, пауэрлифтинг. Бүгінде мұнда 746 спортшы шұғылдануда.
Қосымша ғимараттың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Жаңа нысанда қосымша 200 спортшының жаттығуына және түрлі спорт ойындарынан жарыстар өткізуге мүмкіндік туады. Одан бөлек бадминтон спорт түрін қосу да көзделіп отыр.