Түнгі тыныштық пен қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік

Түн жарымында кенеттен тарс-тұрс еткен шудан шошып ояну, баланың үрейленіп жылауы – өкінішке қарай, кейбір азаматтардың жауапсыздығынан жиі кездесетін жағдай. Мегаполис өмірінде әрбір тұрғынның демалуға, бейбіт әрі тыныш ортада ұйықтауға толық конституциялық құқығы бар. Осы орайда «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласының полиция қызметкерлері арнайы рейдтік іс-шаралар өткізді.
Бұл профилактикалық рейдтер елді мекендерде және арнайы бөлінбеген орындарда пиротехникалық бұйымдарды заңсыз қолдануға байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды. Мекемелер мен тұрғын үй аулаларын тексеру барысында тәртіп сақшылары түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдарды жарып, төңіректегі халықтың тыныштығын бұзған төрт бірдей деректі анықтады.
Жеке басының көңіл көтеруін өзгелердің тыныштығынан жоғары қойған құқық бұзушыларға қатысты дереу әкімшілік хаттамалар толтырылды. Олар түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны және пиротехниканы бұл үшін белгіленбеген орындарда пайдаланғаны үшін заң аясында әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Түнгі отшашу – адамның психологиясына нұқсан келтіретін фактор. Түнде кенеттен шыққан тарс-тұрс дыбыстар кішкентай балаларды шошытып, науқастардың қан қысымын көтеріп, жүрек талмасына ұшыратуы мүмкін. Күндізгі жұмыстан шаршап, тынығуға ұмтылған азаматтар үшін бұл үлкен күйзеліс тудырады.
Сондай-ақ, рейд барысында полиция қызметкерлері тұрғындар арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшылары пиротехникалық бұйымдардың тек шу шығарып қана қоймай, денсаулыққа зақым келтіруі мүмкін екенін ескертіп, оны заңсыз қолданғаны үшін көзделген жауапкершіліктерді түсіндірді.
Полиция департаменті қайталай ескертеді: елді мекендерде және пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға арналмаған орындарда оларды қолдану қатаң түрде әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Түнгі сағаттарда тыныштықты сақтау, айналадағы көршілер мен қала тұрғындарының құқықтарына құрметпен қарау – әрбір өркениетті азаматтың азаматтық борышы.
Қала тыныштығын сақтау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы мұндай рейдтік тексерулер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Заң мен тәртіп үстемдік құрған жерде ғана шынайы қауіпсіздік пен жайлы өмір болады.


