Әуеге оқ атқан бұзақы жазаға тартылды

Қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз ету – «Заң мен тәртіп» қағидатының ең басты шарты. Қала көшелерінде бейбастақ мінез-құлық танытып, тұрғындардың үрейін ұшыратын кез келген заңсыз әрекетке құқық қорғау органдары тарапынан қатаң да дер кезінде тосқауыл қойылады. Шымкент қаласында орын алған кезекті оқиға заң үстемдігі мен жазаның бұлжымастығын тағы бір мәрте айқын дәлелдеді.
Жақында Шымкент қалалық Полиция департаментінің «102» жедел арнасына Жайлау шағынауданынан дабыл қаққан хабарлама келіп түсті. Тұрғындардың айтуынша, бөгде тұлғалар «Toyota» маркалы автокөлігінің ішінде отырып, әуеге оқ атқан. Азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндірген бұл хабарламадан соң, оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетті.
Тәртіп сақшыларының кәсіби әрі шапшаң іс-қимылының нәтижесінде қоғамдық тазалық пен тәртіпті елемей, заңды белден басқан жас азаматтың жеке басы дереу анықталды. Тексеру барысында құқық бұзушыға қатысты қоғамдық тәртіпті дөрекі түрде бұзу және ел заңнамасының талаптарын сақтамау фактілері бойынша әкімшілік материалдар жинақталып, хаттама толтырылды. Іс түпкілікті шешім қабылдау үшін Мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотқа жолданды.Сот отырысының шешімімен заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған заң аясында айыппұл салынды. Сонымен қатар, жасаған әрекетінің ауырлығы ескеріліп, бұзақыға 8 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Бұл жағдай өзгелерге үлкен сабақ болды. Полицияның баспасөз қызметі аталған оқиғаға қатсты видеоны ресми парақшаларында бөлісті. Осындай әдіс арқылы ұсақ бұзақылықтарға тоқтау салуға болады.
Шымкент қаласы Полиция департаменті қоғамдық тәртіпті бұзатын, азаматтардың тыныштығына нұқсан келтіретін немесе олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген заңсыз іс-әрекет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Елімізде заң талаптары баршаға бірдей. Қала көшелерінде тәртіп орнату, бұзақылыққа «нөлдік төзімділік» таныту – қауіпсіз қоғам құрудың негізгі кепілі. Тәртіп сақшылары азаматтардың бейбіт өмірін қорғау жолында тәулік бойы күшейтілген режимде қызмет етуді жалғастырады.


