Заң мен тәртіпті жас ұрпақтан бастайық

Oinet.kz 01-09-2026

image.png

1 қыркүйек - Білім күніне орай Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 

Жиында ең алдымен «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғамдағы маңызы сөз болды. Оқушыларға заң талаптарын сақтау тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екені түсіндірілді. 

Кездесуде құқық бұзушылықтың салдарына да ерекше назар аударылды. Жасөспірімдерге заңды бұзған жағдайда қарастырылатын жауапкершілік түрлері түсіндіріліп, әсіресе есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі көтерілді. Полиция қызметкерлері оқушыларға  есірткі заттарын таратуға, сақтауға немесе жарнамалауға байланысты әрекеттердің заң алдында жауапкершілікке әкелетінін айтып, күмәнді ұсыныстар мен арандатушылықтарға ермеуге шақырды.

Жасөспірімдер арасында жиі кездесетін мәселелердің бірі – буллинг. Осыған байланысты оқушыларға қатарластарына күш көрсетуге, кемсітуге, қорқытуға немесе әлеуметтік желі арқылы қысым жасауға жол бермеу қажеттігі түсіндірілді. Мұндай жағдайға куә болған немесе өзіне қатысты қысым көрген жағдайда үнсіз қалмай, ата-анаға, мұғалімге немесе тиісті мамандарға хабарласудың маңыздылығы айтылды.

Кездесуде жол қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Оқушыларға жол қозғалысы ережелерін сақтау, жаяу жүргіншілер өткелінен өту, жол бойында және көлік құралдарының жанында қауіпсіздік талаптарын орындау қажеттігі ескертілді. 

Сонымен қатар қазіргі қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі – интернеттегі алаяқтық туралы да кеңінен айтылды. Оқушыларға бейтаныс адамдардан келген күмәнді хабарламалар мен сілтемелерді ашпау, жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу, белгісіз ресурларға тіркелмеу және әлеуметтік желідегі аккаунттарды қорғау қажеттігі ескертілді. Цифрлық ортада сақтық таныту да заң мен тәртіпті сақтаудың, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараудың бір бөлігі екені жеткізілді.

Іс-шара барысында оқушыларға тақырыпқа қатысты түрлі танымдық бейнероликтер көрсетіліп, нақты жағдайлар арқылы дұрыс шешім қабылдаудың маңызы түсіндірілді. Жасөспірімдер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқықтық мәселелер бойынша мамандардан жауап алды.

Цифрлық сауаттылық – киберқауіпке қарсы қалқан
«Заң мен тәртіп»: қару айналымы бақылауда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу