Заң мен тәртіп – тілге құрметтен басталады

Шымкенттегі А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханада Қазақстан халқы тілдері күніне орай және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Тіл – өзара түсіністік пен бірліктің кілті» атты танымдық сағат өтті. Жиынға ұстаздар, оқушылар, кітапхана оқырмандары мен сала мамандары қатысты.
Шараның мақсаты – тілдердің қоғамдағы өзара түсіністік пен бірлікті нығайтудағы рөлін көрсету, мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесін түсіндіру және еліміздегі барлық этностардың тілдеріне деген құрметті арттыру. Басқосуда тіл саясаты, этносаралық келісім, құқықтық тәртіп пен азаматтық жауапкершілік мәселелері өзара сабақтастықта қарастырылды.
Кездесуде оқушыларға Қазақстан халқы тілдері күнінің тарихы түсіндіріліп, қазақ тілінің дамуына Ахмет Байтұрсынұлының қосқан үлесі туралы айтылды. Филология ғылымдарының кандидаты, журналист Нариман Нұрпейісов тіл мерекесінің тарихи әрі құқықтық маңызына тоқталды.
«1987 жылдың 4 наурызында “Республикада қазақ тілін оқытуды жақсарту туралы” қаулы қабылданған. Ал 1989 жылдың 22 қыркүйегінде қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып, заң жүзінде бекітілді. Кейін бұл мереке Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – 5 қыркүйекке ауыстырылды. Ол: “Тілінен айырылған халықтың өзі де жойылады” деген. Бүгінде “Заң мен тәртіп” қағидаты әрбір салада, соның ішінде тіл саясатында да басты бағдар болуға тиіс. Тілге деген құрмет – бұл мемлекетке, Ата заңға деген құрмет», – деді ол.
Жиында Орталық Азия инновациялық университетінің оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы, «Әзірбайжан» этномедиациялық бірлестігі төрағасының орынбасары Арзу Гурбанова және ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, полиглот Шахриер Юлдашев сөз сөйледі.
Қатысушылар көптілділіктің маңызына тоқталып, жастарды ана тілін құрметтеумен қатар өзге тілдерді де меңгеруге шақырды, заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіп пен азаматтық жауапкершілікті ұстанудың маңызы айтылды.
Іс-шараның интерактивті бөлімінде оқушылар «Тілдерді танисыз ба?» атты танымдық ойынға қатысып, түрлі тілдердегі сөздер мен амандасу үлгілерін ажырату арқылы білімдерін сынады.
Мұндай кездесулер жас ұрпақтың тілге деген құрметін арттырып қана қоймай, «Заң мен тәртіп» қағидатын, азаматтық жауапкершілік пен өзара сыйластық құндылықтарын қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз.


