Түркістан облысында Республика күніне орай 17 әлеуметтік нысан ашылады
Бұл туралы бүгін брифингте Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев айтты. Сондай-ақ басқарма басшысы Республика күні мерекесінің мән-маңызына тоқталды.
- Республика күні ұлттық мереке ретінде былтыр алғаш рет аталып өтті. Дәл осы күні Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қабылданған болатын. Бұл еліміздің Тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы еді. Ендеше бұл атаулы күнді елеулі етіп өткізу аса маңызды. Осыған орай, Түркістан облысында Республика мерекесі қарсаңында арнайы жоспар бекітіліп, 17 аудан-қалада 70-ке жуық іс-шара өтетін болады. 25 қазан күні облыс орталығы мен барлық аудан-қала орталықтарында Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтеді. Сонымен қатар, «Жанашыр жүрек» акциясы аясында түрлі қайырымдылық шаралар ұйымдастырылады. Мереке күні аудан-қалаларда 17 әлеуметтік маңызды нысандар ашылады. Олардың қатарында Жетісай ауданында футбол алаңшасы, Сарыағаш ауданындағы дәрігерлік амбулатория, Шардара ауданындағы мәдениет үйі сынды нысандар бар, - деді Ерлан Бақытжанұлы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев өңірде мереке қарсаңында өтетін мәдени іс-шараларға тоқталды.
- «25 қазан – Республика күні» мерекесіне орай Түркістанда Халықаралық «Voice of Turan-2023» қазақ әндері фестивалі басталды. Сонымен қатар, мереке қарсаңында 21-22 қазан күндері Түркістан музыкалық драма театрында кезекті III маусымның ашылуы өтеді. Маусымашарда Өзбекстанның көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» пьесасы бойынша жаңа премьера сахналанады. Ал Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды драма театрында 21 қазан күні Байғали Есеналиевтің «Ана жүрегі» драмасы қойылады. Сонымен қатар, облыстағы барлық музейлерде 20-25 қазан аралығында түрлі тақырыпта іс-шаралар өтеді. Ал 24 қазан күні «Конгресс Холл» кешенінде Республика күніне арналған облыстық мерекелік шара ұйымдастыралады, - деді Әзімхан Серікұлы.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі