Балды бизнеске айналдырған

Oinet.kz 22-07-2023 201

23.jpg

Балды бизнеске айналдырып, ерекше шаруашылықты өзіне кәсіп еткен Жетісай ауданы, Қазыбек би ауылдық округінің тұрғыны Нұрболат Алмахан бүгінде мемлекеттің қамқорлығын сезініп, табысын арттырып отырған кәсіпкерлердің бірі. 

Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бала кезінде көзіне зақым тиіп, ІІІ топ мүгедектігімен зейнетке шыққан Нұрболат өткен жылы кәсіпкерлерді қолдау бойынша мемлекет тарапынан берілетін 1 млн 200 мың теңге қайтарымсыз грант қаржысын жеңіп алып, өз кәсібін бастаған. Осыған дейін талай істің басын шалған омарташы енді ғана табыс көзін тапқандай.

Ерекше күтімді қажет ететін осынау бір тіршілік иелерінің өзгертуге келмейтін ішкі ережелері мен қағидаларының барын айтқан омарташы аралар үшін тазалықтың сақталуының маңыздылығына да тоқталды.

«Аралар үлкен отбасы болып тіршілік етеді. Омартада аналық, аталық, жұмысшы, күзетші аралар қалыптасқан белгілі заңдар мен ережелерге бағынады. Әрбір ара өзінің міндеттерін мүлтіксіз орындайды. Гүлдерден бал жинамаған араны күзетшілер омартаға кіргізбей қоятын қасиетке де ие. Аралар тазалықты сүйеді. Сондықтан, ара ұстасаңыз, омартаның мұнтаздай таза болуына аса мән беру керек. Үнемі ыждағаттап тазалап, мұқият қадағалағанда ғана сапалы бал жинап алуға болады», дейді Нұрболат Алмахан.

Технологиялық үдеріс пен сұраныстың артуына байланысты қазіргі таңда ара балының формацевтика саласы мен халықтық ем-домда да жиі қолданылып, суық тию, жүрек, бауыр, өкпе, бүйрек, асқазан, ішек, жүйке ауруы, қан қысымының көтерілуінің де алдын алуға пайдаланылады.

Жалпы аудан бойынша 200-ге жуық бал ара өсіруші бар. 1 кг бал базарда 2,5-3 мың теңге. Бал өсірушілер Жетісай ауданымен қатар Шардара ауданының да аумағына барып, әсел жинайды. Жылына бір ұяшықтан 60 келіге дейін бал алады.

Бұл кәсіп атақты ойшыл Алберт Эйнштейннің «Егер жер бетінен ара жойылып кетсе, төрт жылдан кейін адамзат та болмайды» тұжырымын тағы да бір нақтылай түскендей.


Еңбек бар жерде береке болады
Мақсат-тәжірибе алмасу, инвестиция тарту
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу