Тастанды баланың киесі ұрған кемпір...

Oinet.kz 27-10-2023 1615

Көрші тұратын Әуес апа мен Ақан ата аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдаған керемет жандар-тын. Бүкіл ауыл аймақ құрмет тұтушы еді. Тек менің әжем ғана Әуестің атын естісе тыжырынып қалушы еді. Онысын түсінбейтінмін. Тек бертінде ғана сырын ұқтым...

Screenshot_8.jpg

Бір күні шешем даладан айқайлай кіріп «Апа, апа, жүріңізші, Әуес әжем есік алдында құлап қалыпты, аяқ қолы тырысып қалыпты, орнынан тұрғыза алмай жатырмыз...» деген жанұшырған дауысын есіттік. Әжем әуелгіде түсінбей аңтарылып тұрып қалды. Сәлден соң санасына сәуле түскендей «ә, ақыры ұрған екен ғой...» деді.

Ол кезде баламыз, ештеңе түсінбедік. Көрші қолаң жиылып барып, Әуес әжені оңалта алмады. Аудан орталығына көлікпен жеткізген екен, ауруханада бір жеті жатқан соң, дәрігерлер «сал ауруы, орнынан тұрып жүріп кетуі неғайбыл, дайындала берсеңіздер де болады» деп шығарып салыпты.

Содан Әуес әже төсекке таңылды. Бір қол, бір аяғы жансыз. Біреудің көмегі болмаса, өзі тамақтана да алмайды. Бала шағасы біраз қарайласқанымен бәрінің отбасы бар, бәрі жөнімен тарасты. Содан әні кетеді, міне кетеді деген Әуес әжеміз бақандай он жылдан артық өмір сүрді. Бұл кезде біз де ес жиып, етек жапқанбыз.

Бала кезден көкейіме жатталып қалған сырды ақыры шыдай алмай бір күні әжемнен сұрадым. Әжемнің «Ұрған екен ғой...» деген сөзі расында да сан жылдар маза бермей, құпияны білмекке деген құмарлық басып келгені рас-тын.

Әжем бипаздап отырып әңгімесін бастады: «Әуес екеуміз араға апта салып осы ауылға босаға аттағанбыз. Айлас әйел мұңдас дегендей екеуміз қатар түскеннен кейін, расында да бір-бірімізден сыр жасырмай, жақсы араласатынбыз. Әуестен кінә жоқ қой, бәрі де қыздарынан. О жазған топырлатып бірінен кейін бірін төрт қызды дүниеге әкелді. Одан кейін үміті үзілген еді, балалы болудан. Арманда кетпесін деді ме Жаратқан о тілегін де қабыл қылды ғой. Кейіннен екі ұлды болды.

Қыздары Әуестің сорына қарай жігітқұмар болды шетінен. Аңдығандары көше. Той томалақтан қалмайды. Үлкені желігіп жүріп жүкті болып қалды. Оны әйелі өлген еркекке күйеуге беріп құтылды әйтеуір. Екіншісі де алдыңғы арбаның соңынан кетті. Ол да босаға аттамай жатып аяғы ауырлап қалып масқара болды.

Ол кездері қыздың оң жақта отырып жүкті болғаны масқара іс саналатын. Ауыл біткен бетіне түкіріп, ол үйден алты қадам ары жүретін. Мұндай масқараға шыдай алмағандары көшіп те кететін. Жымын білдірмей мұнысын да ұзатпақ болды-ау. Бірақ қолайлы адам табылмады. Көзінен жас құрғамайтын болды Әуестің. Қайтсін байғұс шеше ғой, ішінен шыққан шұбар жыланын не өлтіріп тастай алмайды, не қуып жібере алмайды. Сөйтіп дымы құрыды ғой.

Айы күні жетіп отырған қызын ең болмаса әпкесінің үйіне барып босансын деді ме екі кештің ортасында жолға шығады ғой. Ол кезде көлік деген атымен жоқ. Аты мен арбасы барлар бай саналатын заман о кезде. Содан жаяулап жалпылап келе жатқандарында қызының толғағы басталады. Айдала, егіс ортасы, жан баласы жоқ. Содан қызы баласын босана алмай әбден қиналады ғой. Екі бейбақ екі жақтап не істерлерін білмей аласұрады. Таң атқанға дейін бебеу қаққан қызы ақыры босанып бала әкеледі дүниеге. Кіндігін пышақпен қиып орайтын киімі де жоқ бидайдың сабағын жұлып соған орағансиды.

Әбден қиналып естен танған қызы баланы тастап кетейік дейді. Шеше байғұс үйіне апарса шалының кіргізбейтіні анық. Ешқайда сыймасын және біледі. Қимаса да амалсыз қызының айтқанына көнеді. Сөйтіп айдалаға бидайдың арасына баланы тастап жөнеп кетеді.

Бірнеше шақырымға ұзағанға дейін баланың шырқырап жылаған дауысы айналаны шуға бөлеп тұрыпты. Бірақ жүрегі тастан жаралған ба, екеуі де артқа қайырылмай кете барған ғой.

Баланы қасқыр жеп кетті ме, жоқ біреу тауып алды ма ешкім білмейді. Ауылға келген соң Әуес мұны ешкімге айтпа деп жылап отырып жыр ғып жеткізді. Оның соншалықты тасмейірлігіне көңілім қалған мен содан қайтып оған жібіген емеспін» деді әжем.

Әжемнің Әуес әжеге неге тыжырынатынын енді түсінгендей болдым. Расында әжем айтқандай Әуес әжені баланың киесі ұрған шығар, кім білген? Өмірінің соңына дейін не жүре алмай, не тұра алмай әбден қиналып барып өмірден өтті байғұс...

Ақжігіт Мәулен, Ақтөбе

Ағамның жолдас жігіттері нағыз құдайдан безгендер екен
Өгей ағам мені зорлаған көршінің ұлын итке талатты...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу