Осы жағдайдан кейін көріпкелге сенбеске амалым қалмады

Oinet.kz 10-11-2023 2158

Қазір не көп, көріпкел көп. Қазақ «қырықтың бірі қыдыр» деуші еді, қазір қырықтың бірі көріпкел болып кеткен сияқты. Бәрі де сол арқылы өзіне жараса нәпақасын тауып жүр. Өйткені, оларға сенетіндер аз емес.

Screenshot_30.jpg

Қашан да сұраныс болған жерде ұсыныс болатыны белгілі. Бұрын маған олар адамдарды алдап-арбап, қалтасын қағатын алаяқ сияқты көрінетін. Кейінгі жылдары ресейлік телеарналардан көрсетіп жүрген, әлемнің түкпір-түкпірінен келген көріпкелдердің кереметтігін де мен жай қойылым деп қарайтынмын. Қысқасы оларға сенбейтінмін. Отбасымыз бір жағдайға тап болған кезде көріпкелдің айтқандарының дәл келуі менің көріпкелдерге деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті.

Біз отбасыда үш бала едік. Үлкен ағам мен сіңлім бар болатын. Ата-анамыздың арқа сүйері де, болашақ үміті де сол ағам еді. Өйткені, қазақ қашан да қызды жат жұрттық санаған ғой. Біздің отбасының да ұстанымы солай. Әркез ағамызды алға қойғанға біз ренжімейтінбіз. Себебі біз де оған арқа сүйейтінбіз. Сол ағам оқу бітірген соң қалада жұмыс істеуге қалды. Өйткені, оның мамандығы ауылда жоқ. Ағамның ол шешімімен ата-анамыз да келісті. Қалаға көшу жоспарын да ойластырды. Жоспар - ағамның жұмысы орнықты болған соң ауылдағы малды, дүние-мүлікті сатып, жетпеген жеріне несие рәсімдеп, қаладан үй сатып алу болатын.

Қалада екі жылдай жұмыс істеген соң ағам алдағы жазда үйленетінін айтып хабарласты. Ата-анамыздың қуанышында шек болған жоқ. Өйткені, барлық ата-аналар сияқты, олардың басты арманы - ұлын үйлендіріп, келін түсіру еді. Ол жақсылық хабарға біз де қуандық. Болашақ жеңгеміздің ауылы қалаға жақын жерде екен. Сонымен бір айдан соң сырға тағуға баратын болды. Анам байғұс аяғы жерге тимей қалаға базарға шапқылады. Жалғыз ұлдан аяр не бар. «Келіннің сырғасы да сәнді болуы тиіс. Апаратын киіт те көңілден шығатындай болуы қажет. Арзан дүние алып ұятқа қалып жүрмеу керек» - бұл әке-шешеміздің күнде кешке айтатын сөздері еді.

Келісілген күні, ата-анамыз қасына ағайын-туысты ертіп келінге сырға салып, құдалықты бірге өткізіп қайтуға аттанды. Құдалықты абыроймен атқарып, көңілді оралды. Айтуларына қарағанда, құдалар жағы апарған заттарға көңілі толып, жақсы баға беріпті. Жақсы күтіпті. Құда-құдағи, ақжарқын, жақсы адамдар көрінеді. «Құдағиға тартса, келін жақсы адам болады» дейді анам. Анамның айтуынша, болашақ жеңгеміз көрікті екен. Оған біз де мақтанып, марқайып қалдық. Ағам анама бір аптадан соң сіңлім екеумізді қалыңдығымен таныстыру үшін қалаға шақыратынын айтыпты. Әрине, біз қатты қуандық.

Қалаға жеңгемізбен танысуға баратын уақыт та жақындады. Сондықтан сіңлім екеуміз киім-кешек қарауға дүкенге кеттік. Қайтып келсек, үйде абыр -сабыр, анам құлыным-айлап, айғайлап жылап отыр. Жүрегім бір жамандықтың болғанын сезді. Жүгіріп барып анамды құшақтай алдым. Анамның сөзінен ұққаным ағама бір жағдай болған. Ішім іріп кеткендей болды. «Мама, енді не істейміз» деп анамды құшақтап жылай бердім. Бір кезде туысқан үлкен апамыз мені анамнан айырып алып, сабырға шақырды. «Онсыз да күйіп отырған анаңды күйдірме, қайта демеу бол, басу айтып, көңілін жұбат» деген сөдері маған ес жидырды.

Абыр-сабыр басылған соң білгенім, ағам жұмбақ жағдайда қайтыс болыпты. Базбір дұшпандар « келіннің бұрынғы жігіті өлтіріп кетіпті» деп аяқ асты өсек те таратып үлгеріпті. Қалаға ағамның денесін әкелуге кеткен әкем мен туыстардың сөзіне қарағанда ағам дене жарақатын алған. Сондықтан оны сот медициналық сараптамадан өткізіп, қортынды жасамайынша денесін бермейді екен. Шамасы оған үш күн уақыт кетеді. Үш күн күту керек. Белгісіздіктен шарасыз күй кешкен анам ауылда тұратын көріпкел апайды шақыртуды сұрады. Туыстар «көңіліне демеу болар» деді ме, әйтеуір көріпкелді үйге ертіп келді.

Туысқан үлкен апа мен анам және мен көріпкелмен бірге жеке бөлмеге кірдік. Көріпкел апай атамның, әкемнің, ағамның және нағашы атам мен анамның атын сұрады. Көзін жұмып біраз отырды да бір кезде «Назира» деді. Ештеңе ұқпай біз отырмыз. Өйткені, арамызда Назира есімді ешкім жоқ. «Назира деген кім?» деп қайта сұрады. Анам «бізде ондай ешкім жоқ» деді. Сол кезде менің есіме түсті, болашақ жеңгеміздің аты Назира болатын. «Ол ағамның қалыңдығы» дедім. Көріпкел апай көзін ашты. Анама қарап «сіз балаңыздың өліміне Назираның қатысы бар деп ойлайды екенсіз. Бірақ оның бұл өлімге еш қатысы жоқ» деді. Анам жалма-жан «онда не себеп?» деп сұрады. Көріпкел көзін жұмып тағы трансқа кетті. Сәлден соң көзін қайта ашып, «төбелес болған, сол аяқ тізесінде жарақат бар, басы жарылған» деді. Шыдамай отырған анам «кіммен төбелескен, не үшін?» деп сұрақ астына алып жатыр. Көріпкел «бірақ оның ажалы ол төбелестен болмаған» деді. «Еш себепсіз, кездейсоқ біреу арқа тұсынан пышақ салған» деді. Сөйтті де «енді мен қайтайын» деп үйден шығып кетті.

Үш күннен кейін ағамның денесін ауылға жеткізді. Мұсылманға тән барлық рәсімдерді жасап, жерледік. Жетісі өткен соң анам әкеме көріпкелдің айтқандарын айтты. Әкем көріпкелдің барлық сөзін растады. Ағам қасындағы бір досымен қыздар жатақханасына барған екен. Сол жерде төбелес болып, ағамның басы жарылған, сол жақ тізесінен жарақат алған. Ол жерден шыққан соң таксиге отырып досын үйіне апарып тастап, өзі жалдамалы пәтеріне келе жатқанда, белгісіз біреу арқа жағынан келіп, бүйрек тұсынан пышақ салған екен. Мұның бәрін сот-медициналық сараптама да анықтапты.

Осы бір оқиғадан кейін көріпкелге деген көзқарасым өзгерді. Оларды шын мойындадым. Өйткені, көріпкел апай болған жағдайдың бәрін ұсақ-түйегіне дейін дәл айтты. Тіпті біздің Назирадан жазықсыз күдіктенгенімізді де білді. Оның бұл жағдайға мүлде қатысы жоқ екенін де айтты. Осыдан кейін қалай сенбейсің?! Бірақ бір таңқаларлығы көріпкел болған жайды қалай білді? Олар қандай тылсым күшке ие? Бәлкім, ол Алланың адамға берген бір құдіреті шығар?!

Дана, Алматы облысы

alashainasy.kz

Күйеуім өзінің әріптесін зорлап, 7 жылға сотталып кетті
Еркектерге ажырасқан әйелден бір-ақ нәрсе керек екенін ұққандаймын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу