Мұғалім әйелін көңілдесімен құпия түрде сөйлсесіп жатыр деп ойлап қалған

Oinet.kz 01-09-2023

Кез келген қазақстандық отбасы секілді әйелім екеуміз екі телефонмен құшақтасып жатқанбыз. Ол қырынан, уатсаптан бірдеңе теріп жатыр, мен етбетімен сериал көріп жатырмын. Бір қарағанымда көтеріңкі қолдағы аппаратта терілген ҚМЖ деген жазуды анық көрдім.

Screenshot_14.jpg

Түлен түртіп қалды. Бұл не? Шифр? Құпия жазу! Кімнен не жасырады? ҚМЖ… ҚМЖ… М-м-м, журналист емеспін бе, қордағы көп сөзді сапырып келгенде жүрегім “Поле чудестің” барабанындай зу етіп барып тоқтады… яғни тоқтап қала жаздады. Қазір Менің Жанымда дегені ме? Яғни, әңгіме мен жайлы. Сонда біреу күйеуің қайда деп сұраған болды ғой… М, зәлім! Ақырын қырымнан жатып телефонға қарағандай болып бір көзіммен экранына сықсидым. Қарашығым көзәйнегімді тесіп кетердей қадалсам да, ұсақ жазуды көре алар емеспін. Ал бас әріппен терілген ірі жазуды байқауға болады. Арғы жақтағы БЖБ деді, тың етіп түсті. Зымиян ойдың шеңбері шыр айналып жатқанда әйелім: ...ТЖБ деп жауап қайырып үлгерді, сосын ұсақ әріптермен жазуға кірісті. БЖБ? А-а-а, бүгін жолығуға бола ма? дегені шығар, біздікі: жоқ, Тағы Жөні Болар” деп сырғытты-ау шамасы. Қан қысымым көтеріліп, қойып қалуға шақ жатырмын. Ты-ң-ң. КТЖ дей ме? Бір көзбен сығалағанды қойып екі көзбен үңілуге кірістім. Мынау болмайды деген соң анау “Күте Тұрам, Жаным”, деді-ау, әкесінікі. А?!

– Әй!,- дедім. Әйелім жалт қарағанда төбесінен төніп отыр едім. Түрім қорқынышты болса керек: - Ойбай, сізге не болды?,- деді. Бас жақтағы шкафтың дәу айнасына көзім түсіп кетіп еді түрім шынымен жаман боп кетіпті, суға піскен шаяндай қып-қызыл боппын.

– Әй, ш-ш-ш… БЖБ-ың не, ТЖБ-ың не? Мені осындайды түсінбейтін жас бала ғой деймісің? Кім анауың?,- жұдырық шарт түйілді.

– Не ол? Кім?,- деп қайыра сұрақ қояды беті бүлк етпестен. Кекештеніп қалдым: - К-к-ім-мен хат жазысып жатсың деймін?!

Саспайды. Өзінің о дүние мен бұ дүниенің ортасында тұрғанын сезбейтін секілді бейшара.

– А, уатсаппен бе?

– Әй, конвертпен хат жазатын уақыт баяғыда кетті ғой, бұйдаламай айт,- дедім. Мынау мені түсінбеген секілді, жайбарақат.

– Че-то қызарып тұрсыз, давлениеңізді өлшейін бе?,- дейді. - Қазір саған екі метр жер өлшеймін, әкең,- деп турасынан тартайын дедім де, өйтпедім. Еркекпін ғой. Барынша сызданып: - Кіммен сөйлестің? - дедім.

– Е, әріптес қыз ғой, жас маман "ертең Бөлімаралық Жиынтық Бақылау аламыз ба?" деп сұрап жатыр. Соған: Жоқ, Тоқсандық Жиынтық Бақылау деп түсіндіріп жатырмын.

Құлағым шың ете қалды. Бірдеңені дұрыс түсінбегенімді түсіндім.

– Ал, ҚМЖ?

– Күнде Қысқа Мерзімді Жоспар жазып жүрмесе директордан ұрыс естиді ғой, ескертіп, көмектесіп жатырмыз бірлестігімізбен. Күнтізбелік Тақырыптық Жоспарын да сай етіп алды.

– М-м.

Соңғысы менше "Күте Тұрамын Жаным" екенін ұға қойып, басымды қасыдым. Оның күмәнсіз көзқарасынан жүзімді ала қашып, қайта айнаға қарасам тағы қызарып кетіппін. Бұл ашудан қызару емес еді. Үкімет те қызық, Түлен екеуі жабылып, күпір ойға итеріп, ыңғайсыз жағдайға қалдырды-ау. Мынау солардың білім сапасын реформалаймыз дегендерінің сыйқы болғаны. Морзеден кейін "мылқау тілді" түлеткен біздің мықтылар болде-е-е. Баяғыдағы сабақ жоспары, күнтізбелік жоспар дегендерді өзгертіп, аббревиатураны қаптатқаннан мұғалім де, бала да біліміді болып кетпейді ғой. Оданда ОШБ (ойқы-шойқы болған) кітаптарын түземей ме? ҚТЕ (қазақ тілі ережесін) қайтарып, БОС (білімге ортақ стандарт) енгізбей ме, әйтпесе әр мектеп әртүрлі баспаның әртүрлі оқулығымен әртүрлі тақырып оқып, оқушы біткеннің алғаны ала-құла болып жүр... Жерге қарап, өз-өзіме ҰМЖ дедім, Ұят мұның, жарқыным, дегенім еді. Даусым қатты шығып кетсе керек, әйелім:

Ол: – Ұзақ Мерзімді Жоспар!,- деп тақ ете қалды.

Күйеуіме күнәмді мойындап, ажырасқым келеді
Жеңгеме күйеу іздеймін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу