Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Бұрын жасы кіші ер адамға тұрмысқа шығатындар некен-саяқ кездесетін. Және ондай жағдай болған күннің өзінде ешкім оны бадырайтып айтпайтын. Қарап отырсақ, отырған қыздар арасында бүгінгі күні жас жігіттерге күйеуге шығу белең алған сықылды. Осы тақырыпқа қатысты өзім куә болған мына бір жайттарды оқырмандардың талқысына ұсынбақпын.
Менің бөлем бұрын тұрмыста болған еді. Күйеуі ұрда-жық болып, онымен дәм-тұзы жараспады. Онымен ажырасқаннан кейін ұзақ жылдардан соң бөлем өзімен бірге жұмыс істейтін Самат атты жігітті үйіне кіргізіп алды. Саматтың жасы одан 8 жас кіші. Бұрын үйленбеген.
Бөлем сатушы болып істейтін дүкенде Самат күзетші екен. Басында басыбайлы баспана жоқ, пәтер жалдап жүрген жігіт. Бастапқыда бөлеммен ойнап-күліп оның үйіне келіп жүрсе керек. Кейін бөлем одан жүкті болып қалады. Содан соң Самат оның қолына біржола кірді. Обалы нешік, екеуі тап-тамаша үлгілі отбасы болып тұрып жатыр. Бастапқыда Саматтың туыстары «кәрі кемпір алдың» деп бұл үйге жоламайтын, кейін ақырын-ақырын араласа бастады.
Бөлем жас біреуге кетіп қала ма деп уайымдайтын болуы керек, Саматты артық-ауыс ешқайда жібермейді. Кластас достарымен араластырмайды. Қартайып қалдым ба деп ойлай ма, бір жылдары қымбат опа-далап сатып алып, бетін әрлеуге барын салып жүрді. Бірақ оған ақша қашанғы жете берсін, оны да қойды.
Бөлемнің бастығы болып келетін Толқын атты кәрі қыз да жас жігітпен қол ұстасты. Ол өзінің жүргізушісін үйіне кіргізіп алды. Үлде мен бүлдеге орады. Екеуі ұзақ жылдар бойы перзент көрмей жүрді, кейін Алматыға барып жасанды ұрықтандыру жасатқызып, егіз балалы болды. Қазір жақсы отбасы болып өмір сүріп жатыр.
Тағы бір құрбым өзінен 8 жас кіші жігітке тұрмысқа шығып алды. Жалпы, қазіргі қыздардың бойынан жас жігітпен жүруге деген құмарлық байқаймын.
Бірде өзінен 25 жас үлкен адаммен отбасын құрған Нұргүл атты құрбымның үйіне бардым. Олар дәулетті тұрады.
–Үлкен адамға тұрмысқа шыққан жақсы шығар, иә? Өзіңді сыйлайды. Мінезі де салмақты болар... – дедім.
–Жоқ, мүлде олай емес, - деді Нұргүл жұлып алғандай.
– Үлкен адамның әйелі болсаң, күнде табақ тасып, кісі күтіп, салпылдап жүргенің шаруадан бас алмай. Және төсекте де бұлар онша болмайды. Мен бұрын жас жігіттермен жүргенде жан дүнием жасарып, олармен дискотекаға барып, өзімді керемет сезінетінмін. Енді, міне, шалдың жанында жүріп кемпір сияқты болдым.
Мәдина атты құрбым да жас жігіттерге «құрық салып жүрген» кәрі қыздардың бірі. «Жүрсең, жаспен жүр. Барлық күш-қуат соларда. Жаның жасарады. Ешқандай проблема жоқ. Көрінген нәрсемен миыңды шірітпейді», - деп қояды ол.
Өз басым жас жігіт тұрмақ, өзіммен түйдей құрдас жігіттерді күйеуім ретінде елестете алмай қиналамын.
Бір жылы мен өзімнен 5 жас кіші жігітті ұнаттым. Ол ерекше әдемі еді. Бірақ онымен кездескелі дегбірім қашып, сары уайымға салындым. Айнаның алдынан шықпаймын. «Бір бес жыл өткен соң ол мені тастап кететін шығар, үлкендігім көрініп тұр емес пе» деген ой қинап, сол ойдың әсерінен көзімнің айналасындағы әжімдер тіпті көбейіп кеткен сияқты болды.
Бұрын апаларымыз «тұрмысқа шықсаңдар, 3-5 жас үлкен жігітке шығыңдар» деп отыратын жасы кішілерге. Олар өмірден түйгендерін айтқан болар.
Әдетте жасы кіші жігіттер кімдердің құрығына түседі? Әрине, үйі-күйі барлардың. Кәрі қыздардың баспаналы болуы, жақсы жалақы алуы – заңдылық. Себебі олар әбден оқуын оқып, тоқуын тоқып, жағдайын жасап алады. Жылап мазалап жатқан баласы жоқ, жандары тыныш. Қонақ келсе, дастархандары жаюлы, төсектері салулы. Мұндай жайлылықтан кім қашсын. Баспана зары өтіп жүрген әрі жалақысы аздау жігіттер мұндай қыздардан бас тарта алмай қалады.
Иә, олар жарасып отбасын құрып, балалы болады. Бірақ олардың арасындағы жас үйлесімсіздігі өзінің зардабын тарттырмай қоюы әсте мүмкін емес. Ол – табиғат заңдылығы.
Жиын-тойларға барғанда жасы үлкен әйелдің беттері әжімденіп, жасының жасамыстығы бәрібір байқалып тұрады. Ер адам көпшіліктің көзінше мұндайдан ыңғайсызданатын болар. Өзі құралыптас жастар биді «жандырып» жатқанда, кәрі әйелдің жанында тұрған оның делебесі қалайша қозбасын!
Ал жасамыс әйелдің басында үнемі ойлар, ойлар, ойлар. «Жас қызбен билеп қоймай ма», «басқа біреуге қарап қоймай ма», «менің кәрілігім көрініп тұр ма екен».
Ойла, ойлама, әйел ағзасының тозып, төсекке қабілетсіз болатын уақыты ерте ме, кеш пе, бір жетеді. Сонда бәрібір шындықтың беті ашылады. Ер адам өзіне қызық іздейді. Жаныңа оның жастығы сол кезде қайтсе де батады. Өйткені жалындап тұрған жас жігітке қыздар толып жатқан мынадай заманда кәрі кемпірдің қойнында жата берудің қызығы қалмайды. Иә, ондайда өз-өзіңді жұбатып, «әйтеуір балам бар ғой» деп шүкір етуден басқа амал қалмас...
Жас жігітке күйеуге тию мода сияқты көрінгенмен, бұл түптің түбінде әйелдің соры да болады. Осыны ерте ойлаған жөн шығар...
Жарқынай САРҚЫТОВА, Астана