Шымкент: Жолақы төлеу электрондық форматта көшті
Биылдан бастап Шымкент қаласының қоғамдық көліктерінде қолма-қол төлем қабылдау жүйесі толығымен жойылып, тек электронды төлем түрлері ғана қолданылады. Бұл шешім жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға және көлік жүргізушілерінің назарын жол қозғалысына толық аударуға бағытталған маңызды қадам.
Қазіргі таңда жолаушылардың көпшілігі қоғамдық көлікте жол ақысын қолма-қол төлеуге мәжбүр болып жатады. Бұл, өз кезегінде, жүргізушілердің көлікті басқару кезінде ақша жинаумен айналысуына себеп болып, олардың назарын бөледі. Осының нәтижесінде жүргізушілер тек көлікті жүргізіп қана қоймай, қолма-қол ақшаны қадағалаумен айналысады, бұл жағдай кейде жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен қатар, қолма-қол төлемдерді талап ету жолаушылар мен жүргізушілер арасында жанжал туғызатын жағдайлар аз емес.
2024 жылдың алғашқы 9 айында Шымкенттегі қоғамдық көлікке қатысты «І-Көмек» орталығына және қала әкімінің ресми парақшасына 12 мыңнан астам шағым түскен. Оның ішінде жүргізушілерге қатысты 6 мыңнан аса шағым тіркелген, олардың басым көпшілігі — 3 351 шағым — жолаушылардың қолма-қол төлем жасауға мәжбүрлеуіне байланысты болған.
Шымкент қаласында қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру және тасымалдаушылардың жауапкершілігін күшейту мақсатында «Avtobys» электрондық билет жүйесі іске қосылды. Бүгінде бұл жүйе Қазақстанның 17 қаласында және Қырғыз Республикасының Ош қаласында табысты жұмыс істеп жатыр. Отандық технологиялар негізінде жасалған «Avtobys» жүйесі қоғамдық көлікте заманауи әдістер мен шешімдерді енгізу арқылы жолаушыларға тиімді және ыңғайлы қызмет көрсетуді көздейді.
2024 жылдың басында «Avtobys» компаниясы Шымкенттің көлік жүйесін жаңғырту жұмыстарына кірісті. Нарықтағы барлық тәуекелдер мен қиындықтарды зерттеп, жаңа технологияларды енгізу арқылы қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік алынды.
«Avtobys» жүйесі жолаушылардың төлемдерін Bluetooth, банк карталары және басқа да заманауи әдістер арқылы жасауға мүмкіндік береді. Жеңілдікті санаттағы жолаушылар үшін виртуалды тарифтер енгізіліп, физикалық көлік карталарын пайдаланудан толық бас тартуға мүмкіндік берілді. Бұл жолаушыларға төлем процесін барынша ыңғайлы әрі жылдам етуге септігін тигізеді.
Жүргізушілердің планшеті жүйесі көлік басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында жасалған. Планшет арқылы жүргізуші автобустың кестесін, жолаушылардың төлемдерін бақылай алады, сондай-ақ диспетчермен екіжақты байланыс орната алады. Бұл жаңашылдық көліктің уақытында аялдамаларға жетуін қамтамасыз етеді.