Күзде Сиань бизнесмендері Шымкентке келеді
Шымкент қаласының әкімі Ғаби Сыздықбеков бастаған делегация Қытайдың Сиань қаласына жасаған сапары барысында бірқатар кездесулер өткізді.
Сапар аясында Сиань қалалық партия комитетінің хатшысы Фан Хунвэй мырза және қала мэрі Е Нюпин мырзамен кездесу өтті. Кездесу барысында түрлі салалардағы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мүмкіндіктері мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша нақты бастамалар талқыланды. Атап айтқанда, баламалы энергия көздері саласындағы перспективалы инвестициялық жобаларды әзірлеу, Шымкентте күн электр станциялары мен көлік-логистикалық орталықтар салу, жоғары оқу орындары арасында тәжірибе алмасу жобаларын дамыту ұсынылды. Кездесу нәтижесінде ағымдағы жылдың күз мезгілінде Шымкент қаласында екі қаланың бизнес қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен ауқымды форум өткізу жоспарланды.
Сондай-ақ, Қытай-Еуропа жүк пойызының, Сиань әуежайы мен шымкенттік «SCAT» әуе компаниясы мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып логистикалық хабтарды салу, әуе бағыттарын біріктіру, алмасуды және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдету арқылы құрлықтық, әуе және цифрлық Жібек жолын құру мәселелері талқыланды.
--Келесі күні сапарымыз делегациямен бірге тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытының қызметімен танысумен жалғасты. Әрі қарай, Сиань қаласының Экономикалық және технологиялық даму аймақтарын, сондай-ақ өнеркәсіптік өндіріс нысандарын араладық. Лифт өндірісі, темір бұйымдар өндірісі нысандарының барлығы арнайы озық технологиялармен жабдықталған. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қытайлық компанияларды Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келуге шақырдық,-деді осы сапар қорытындысын Өңірдік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндаған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары А.Кәрімов.
Сондай-ақ, шымкенттік делегация Үрімші қаласында «Тату көршілік пен достық, өзара тиімді ынтымақтастық» тақырыбында өткен «Қазақстан – Қытай үшінші өңіраралық ынтымақтастық форумына» қатысты.
Аталған форумда қазақстандық тараптан Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Мақашұлы Жұманғарин бастаған делегация да болды. Іс-шараның бірінші бөлігінде екі елдің ресми өкілдері екіжақты ынтымақтастық бойынша сөз сөйледі. Қала әкімі Ғ.Сыздықбеков те қаланың әлеуметтік-экономикалық және инвестициялық ахуалы туралы баяндады.
Форумның екінші бөлігінде екі елдің кәсіпкерлері арасында кездесулер өтті, маңызды құжаттарға қол қойылды.
Сонымен қатар, форумның барлық қатысушылары «Қытай-Еуразия» халықаралық ЭКСПО көрмесін тамашалады. Көрмеде қытайлық нарыққа шығару мақсатында еліміздің әр өңірінен 40-тан астам компания өкілдері өз өнімдерін ұсынды.